Ұлы Жеңістің 78 жылдығын теректіліктер кең көлемде атап өтті. Теректі ауылындағы орталық стадионда аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйытқы болуымен отты жылдар кезіндегі әндерді орындаушылардың байқауы ұйымдастырылды. Бір қызығы – Жеңіс әндерін әуесқой әншілер, яғни ауданның қарапайым тұрғындары орындады.
Аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сагидоллин төрағалық еткен қазылар алқасына расымен оңай болған жоқ. Онға жуық қатысушылар жанды дауыста Теректі аспанын әнге бөледі. Қатысушылар арасында жетпісті алқымдаған әжеден бастап, мектеп оқушыларына дейін болды.
Байқаудың ең үлкен қатысушысы Хадиша Бекболатоваға ұйымдастырушылар арнайы сыйлық табыс етті. Сонымен бірге, Айымгүл Жұбаныш және Жаннұр Оңғарбаева, Жадыра Ихсанова мен Рабиға Жұмағұлова Алғыс хат иегерлері атанды. Федоров №1 ЖОББМ-нің оқушылары Ясмина Сейтова мен Арина Досаева жұбы байқаудың үшінші орнын місе тұтып, 10 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Тұғырдың екінші сатысына Равиль Шаяхметов жайғасты. Оған 20 мың теңге көлемінде сыйлық ұсынылды. Ал, көпке танымал «Әлия» әнін шырқап, басқа қатысушылардан оқ бойы оза шапқан Айжамал Аққайырова байқаудың жеңімпазы атанды. Қазылар алқасының мүшесі Асыланбек Шайхин жеңімпазға 30 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Күннің суықтығына қарамастан орталық алаңға жиылған халық викториналық сауалдарға белсенді жауап беріп, естелік сыйлықтарға ие болды.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz