Еліміздегі эпиграфиялық ескерткіштер – құлпытастарды зерттеу бағытында қолға алынған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері - рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (БҚО эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» жобасы бойынша биылғы жұмыс Бөкей ордасы ауданындағы Хан зиратында жалғасын табуда. Бұл жоба біздің облыста басталғанымен, кейін оған еліміздің, сондай-ақ шетелдік ғалымдардың үлкен қызығушылығын туғызғанын айта кеткен жөн.
Қазақ тарихында өзіндік орны бар біраз тұлғаның сүйегі жатқан бұл қорымдағы құлпытастарды зерттеуге алматылық ғалымдар, жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар аттанғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Бөкей ордасы ауданы, Хан Ордасы ауылы маңындағы құлпытастарды зерттеу жұмыстары қалай жүруде екенін білу үшін экспедиция тобымен бірге аттанған әріптесіміз, «Жайық Пресс» жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығы жетекшісі Қазбек Құттымұратұлымен хабарласқан болатынбыз.
- Әзірге 50 шақты құлпытас толық оқылды. Оларды нөмірлеп, суретке, картаға түсірдік. Мемлекеттің қорғауына алу үшін құжат жасаудамыз. Жалпы осы кезге дейін ескі карта бойынша қорымда 113 құлпытас бар деп есептелініп келген екен. Ал біз анықтаған тастар қазірдің өзінде 160-қа жақындап қалды. Тіпті, одан да көп болатын сияқты, 200-ге барып қалуы мүмкін. Сынып құлағаны, көміліп қалғаны бар – бәрін тауып, анықтап жатырмыз. Көмілген жерлерін қазуға жергілікті жердің жігіттері, ал зерттеу жұмыстарына бұрын осы қорымды зерттеп жүрген тарих магистрі Гүлмару Мырзағалиева ат салысуда.
Жәңгір хан, Дәулеткерей күйші, Мұхамед Салық ғалым секілді көптеген тарихи тұлғалар жатқан бұл қорымда қарапайым адам аз секілді. Көпшілігі Хан ордасының маңайында болған белгілі адамдар. Солардың туыстары, дін адамдары,-дейді Қазбек Құттымұратұлы.
Экспедиция жұмысын одан әрі де хабарлап отыратын боламыз.
Әділғазы Кереев