10.05.2023, 10:00
Оқылды: 72

«Халықаралық ұйым келісімімен ғана киік мүйізі экспортталады»

Облысымыздағы киікті сақтап қалу – басты мәселе. Кейінгі жылдары дала  жануарының  ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатқаны айтылуда. Былтыр осы мәселелерді реттеу мақсатында облысымызда арнайы резерват құрылды. Алдағы уақытта киікті қорғау, оның санын реттеу, сұранысқа ие киік мүйізін экспорттау бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын білмек  болып, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановпен тілдестік.

a913d348-5c7f-4198-a695-da4553dbdda6

– Нұрлан Сағынтайұлы, көп жылдан бері елдің ішінде негізгі тақырыпқа айналған киік мәселесі резерват ашылған соң шешім тапқандай болды ма? Резерват аумағы қанша гектар? Онда қанша адам  жұмыс істейді?

– Киік санының өсуі көп жылдан шешімін күткен мәселеге айналды. Әсіресе, біздің облыста резерват ашу аса маңызды еді. Сонау 2012 жылдан басталған бұл әңгіме 10 жылдан кейін іске асты. Осылайша, былтыр шілденің 1-і күні Үкіметтің қаулысы шығып, резерват құрылды. Аты – «Бөкей орда». Оған қоса «Ащыөзек» деген табиғи қаумал ашылды. Жалпы көлемі – 657 мың гектар, яғни 343000 га резерваттың өзі болса, қалған 314000 га – «Ащыөзек» қаумалы. Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының жерінде орналасқан. Штат саны 100-ден астам адам, 78 адам штатта, 26 адам штаттан  тыс  жұмыс  істейді.

– Мұндай үлкен істі атқаруға тиісті резерват қажетті техникамен қамтылуы керек. «Бөкей орда» табиғи резерватының материалдық-техникалық базасы қандай?

– Құрылғаннан бері техникамен, материалдық құрылғылармен барынша жабдықталды. Арнайы жұмыс істейтін ғимараттары бар.

– Резерват жұмысының негізгі мақсаты қандай?

– Киік саны облысымызда өсіп жатқаны қуантады. Десе де, ақбөкеннің саны артқан сайын ауыл шаруашылығы саласында мәселе көбейді. Былайша айтқанда, киік шаруашылыққа кері әсерін тигізуде. Яғни тауар өндірушілер қиындық көріп жүр. Себебі жануар шабындық пен жайылымды таптай бастады. Сондықтан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмес үшін киіктерді сол резерватқа барынша шоғырландыру керек болды. Қазіргі мақсатымыз сол.

– Резерват қарайған киікті бір жерге топтастырып, оның санын қадағалап отыру ғана емес екені түсінікті. Ақбөкенді зерттеп, оның пайдасын асырып, зиянын жойып отыру үшін ғылым күші мен ғалым ісі керек. Бұл жағы қарастырылған ба?

– Резерваттың техникалық, қаржы, ғылыми бөлімдері бар. Ғылыми бөлімге киіктің жағдайын жақсы білетін мамандар тартылып, жұмыс істеуде. Олардың ішінде малдәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Ғарапұлы Абсатыров, биология ғылымдарының кандидаты Бибігүл Балғабайқызы Сәрсенова сияқты өз ісінің шеберлері бар. Өзге өңірдегі ғалымдармен де тығыз байланыстамыз. Киік жан-жақты зерттелген жануар деуге болмайды. Сондықтан «Көш жүре бара түзеледі» демекші, осы жұмыс барысында киікті  толыққанды  зерттейміз.

– Резерват көлемі кең. Киік шоғырланады делік. Бірақ саны артқан жануар өзіне бөлінген аумақта емін-еркін жүріп, сол жерге жерсіну үшін су көзі керек. Былайғы уақытта малға су тапшы болатын шақта киікті сумен қалайша  қамтимыз?

– Су мәселесі де бар. Қазір алдымызда тұрған ең басты проблема да осы су көздерін тауып, арнайы құдықтар қазу. Сол себепті резерват, ең алдымен, су көздерін іздейтін болады. Оған биыл тиісті қаржы бөлінді. Сол қаржыға іздестіру жұмысы жүргізіледі.

Су табылған жағдайда бірнеше әдіспен құдықтар қазылады. Ал суды арнайы астауларға шығарамыз ба, әлде ойпатты жерлерге ағызамыз ба, оны жерасты суының дебетіне қарай шешеміз. Өйткені қазылған құдық суының мөлшері аз болса, оны сай-салаға ағызудың пайдасы бар-жоғы да қаралады.

Әзірге су мәселесін шешудің жолы осындай. Егер су мөлшері жеткілікті болса, оны резерват аумағындағы сайларға ағызамыз. Ол сайлар толып, кемеліне келген шақта резерват іші киіктен басқа жан-жануарға толады. Құс келіп, үлкен оазис болуы да мүмкін. Былайша айтқанда, резерваттың табиғатқа тигізетін пайдасы да мол.

– Киік қана емес, кез келген жануар су іздеп көшеді. Құдық қазылып, резерват толыққанды жұмыс істеуі үшін біраз уақытты қажет етеді. Осы кезде оның санын шектеу жүргізіле ме? Өйткені киіктің саны өскен сайын оны реттеу мәселесі алдағы уақытта бәрібір туындайды ғой.

– Қалай болғанда да, резерват аумағында жүрген бірде-бір киікке тиюге болмайды деген заң бар. Сондықтан су пайда болған жағдайда киіктер резерваттың аумағында шоғырланады деген ойдамыз.

Ал санын реттеу жағына келер болсақ, 2000 жылдардың басында киік саны күрт төмендеп, 17 мыңға дейін түсті. Сол кезде 2022 жылдың соңына дейін оны жоюға реттеуге мораторий жарияланды. Ол мораторий 2022 жылдың желтоқсан айында комитеттің бұйрығымен тағы да бір жылға созылды. Себебі киік санын реттеу жөніндегі жұмыстарды аяқтап, тиянақтау керек.

– Киік мүйізі сұранысқа ие. Оны өңдеп,  пайдаға асырып, экспорттай аламыз ба?

– Киік халықаралық көшпелі жануарлардың тізіміне енеді және азайып кетуге бейім жануар. Сондықтан Қазақстан оның санын реттеп отыру мәселесі бойынша шешімді өзі қабылдай алмайды. Яғни етін ішкі нарыққа пайдалануға болғанымен, мүйізін сыртқа шығара алмайды. Өйткені біздің ел «CITES» деп аталатын халықаралық ұйымның мүшесі. Ол ұйым азайып немесе жойылып кетуге бейім жануарлары бар елдердің тізімін жасақтап, сол жануарларды қорғайды. Киік те азаюға бейім жануар. Сол себепті оған қатысты шешімді аталған ұйымға мүше елдер бірігіп шешеді. Биыл мамыр айында жоғарыда аталған ұйым ғалымдары елімізге келеді. Олар Қазақстандағы 10 күннің 3-еуінде біздің облыста болады. Киік мүйізін экспорттау бойынша шешімін де содан соң айтады.

– Егер киік мүйізін экспорттауға рұқсат берілсе, оны өткізетін жер бар ма?

– Қазіргі уақытта шетелдік екі фармацевтикалық компаниямен келісімдеріміз бар. Халықаралық әріптестер оң шешімін  беруі керек.

– Биыл даланы кене қаптап, киік оған жем болып жатыр. Ел ішінде төрт түлік мал киік таратқан кенеден жапа шегуде деген пікір шықты. Ол қаншалықты  рас?

– Осы мәселе бойынша да жұмыстандық. Зерттеуге жоғарыда айтылған жергілікті ғалымдар, «Охотзоопромның», резерваттың мамандары тартылды. Анықталғаны – биыл көктемнің ерте шығып, екі аптадай күн жылы болуына байланысты кене көбейіп кеткен. Олар әуелі үй жануарларына жұғып, сонан соң киікке тарады. Демек, кенелер киіктің кесірінен көбейіп, тарап кетті деген пікір қате. Киік те үй жануары секілді зардап шегіп отыр. Алайда үй жануарын кенеден тазарту оңайырақ. Өйткені оның зерттелген тиімді әдістері және дәрілері бар. Ал киік жабайы жануар болғандықтан, оларға ондай әдістерді қолдана алмаймыз. Бірақ киік кенеден құтылу үшін сорға, яғни тұзды жерге жатып, сол арқылы кенеден, бүргеден тазарады. Бұл мәселе де шешіледі деген ойдамыз.

– Қазір облыстағы нақты киік саны қанша екенін  айта  аласыз  ба?

– Қазір «Киік» атты арнайы акция жүріп жатыр. «Охотзоопромның» мамандары мен инспекторлары киіктерді жыл бойы қорғайды. Ал бұл акцияға олардан бөлек полиция, ҰҚК қызметкерлері жұмылдырылады. Бұл – киіктерді қорғау, браконьерлікке жол бермеу мақсатында жүргізілетін жұмыстар. Акция мамырдың 15-іне дейін жүреді. Одан бөлек сәуірдің 15-де киік санағы басталды.

Санау тікұшақ арқылы жүзеге асырылады. Оның өзіндік әдістемесі бар. Жоғарыдан фото мен видеоға түсіріліп, киіктерді картаға белгілейді және соңында санын шығарады. Санақ сәуірдің 25-де аяқталды. Нақты санын барлық жұмыстар реттелген соң ғана айта аламыз. Оған біраз уақыт  қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале