Өңірімізде есімі ерекше жандар баршылық. Бұрын-соңды Афиза деген атты естіп пе едіңіз? Газетіміздің бүгінгі қонағы – жоғарыда айтқан сирек кездесетін есімді иеленген, «Amanat» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы, көпбалалы ана Афиза Семғалиева. Кейіпкерімізбен аз-кем тілдесіп, есімінің шығу тарихын білдік.
Афиза Болатқызы Тасқала ауылында өмірге келіп, Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы 30 жыл (қазіргі Қарабұтақ) ауылындағы нағашы ата-әжесінің бауырында өскен. Ата-анасы Болат пен Нұрдила бес перзент тәрбиелеп өсірген. Кейіпкеріміз – жанұяда төртінші перзент. Афиза жарық дүниеге көрінгенде анасы Нұрдила сырқаттанып қалады. Сол кезде Ақтөбе облысында тұратын нағашы атасы Мүкәрам мен әжесі Орынша келіп, «Нұрдила сауыққанша, Афизаны бір-екі айға біз алып кетейік. Тәуір болған соң алып кетерсіңдер» дейді. Алайда келесі жылы Семғалиевтер әулетінде тағы бір кестетөгер жарық дүниеге көрініп, кейіпкеріміз де нағашыларына сіңе бастайды. Содан Афиза бес жасқа толғанда нағашы ата-әжесі оны «Бауырларынан жырақтамасын» деп ата-анасына алып келеді. Алайда бауыр басқан ата-әжесін сағынып, жылап көнбей, екі аптадан соң оны кері Ақтөбеге алып кетеді.
– Кішкентай кезімде түн болғанда аспандағы айды алып бер деп қиғылық салатынмын. Ай толысқанда үйдегілер мені алдарқатып, оны көрсетпеуге тырысқан. «Көрсе, тағы жылайды» деп. Содан әжем «Айға қарап қолыңды шошайтпа! Ай қыздарды алып кетеді. Баяғыда құдыққа суға барған қызды алып кетіпті. Дұрыстап қарасаң, айда шелекпен су алып келе жатқан қыздың бейнесі бар. Егер айға көп қарай берсең, сені де алып кетіп, сондағы қызды бізге жібереді. Сосын бізді көрмей қаласың» деп қорқытатын. Кейін мені ата-анамның қасына алып келгенде, түнде терезеден айды іздейтін көрінемін. Көрсем, «Ай, мені қасыңа алып кет. Мен мыналармен бірге тұрғанша, сенің қасыңда болайын» деп айтады екенмін. Содан нағашы ата-әжем алып кетіпті. Он алты жасқа дейін Ақтөбе облысында тұрдым. Бадамша аудандық №2 аралас мектепте білім алдым. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түскім келді. Алайда атам қарсы болып, «Біздің төрімізден көріміз жақын. Әжең екеуміз тірі тұрғанда бауырларыңның, ата-анаңның қасында бол. Осыдан Алматыға кетсең, мүлдем араласпай, жатбауыр болып кетесің» деді. Содан Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға құжаттарымды тапсыртты. Әдебиеттану және шығыстану мамандығы бойынша оқуға түстім. Жалпы, есімімді әкем Болат қойған. Негізі, үйдегілер «Томирис» қоямыз деп жүріпті. Құжат жасатуға барғанда әкем «Афиза» деп жазып алып келіпті. Туған әжемнің есімі – Хафиза. Соған ұқсастырып қойған болуы керек. Әкем де не себепті қойғанын айтқан жоқ. Жоғары оқу орнына түскен кезде марқұм, ұстазым Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов есімімнің қандай мағына білдіретінін сұрады. Мен басымды шайқап, «Білмеймін» дедім. Студенттердің есінде қалған қылығымен ағай өз бетін шымшып, «Не дейді? Өз атының мағынасын білмейді деген не сұмдық?!» деп ұрысты. Содан ертесіне сабаққа келгенде «афиза» деген сөз араб тілінен алынғанын, таңғажайып деген мағынаны білдіретінін айтты және «Мен саған жеткіздім, болашақта өзің ізденерсің» деді. Осылайша алғаш рет мағынасын білуге қызығушылық таныттым. Интернеттен де іздестірдім. «Афиза» сөзі араб тілінен аударғанда бір жерде «таза ауа» деген мағынаны білдірсе, енді бір жерде «Құранды жақсы оқитын адам» ретінде берілген. Қай мағынасын алсақ та, жақсы ырым, жақсылықтың нышаны ғой, – деді кейіпкеріміз.
Афиза Болатқызының сөз саптауы мен сөйлеу мәдениетінен, ұстамдылығынан көркем әдебиетті көп оқығандығы, ата-әженің мейіріміне қанып, тәрбиесін алғандығы байқалып тұрады. Ол бес жасында әліппедегі 42 әріп пен сандарды таңбалай білген. Жан-жақты білімді болуына ағасы Мәліктің (анасының Ақтөбедегі туған інісі) үлесі зор болыпты. Жалақысына ай сайын энциклопедия мен көркем әдеби кітап алуға дағдыланған ағасы ондағы мәліметтерді Афизаға оқып береді екен. Сондай-ақ оған ай сайын үзбей, «Мурзилка», «Дружные ребята» және «Ұлан» газет-журналдарын жаздырып беріп, оларды оқуын қадағалаған. Бастауыш сынып оқып жүрген кезде кейіпкеріміздің өлеңдері «Ұлан» газетіне басылған. Ал әжесі «Жар-жар» жырларын, жарапазан, қазақтың халық әндерін жаттатқызып, дауыстап айтқызып үйреткен. Жалпы, салт-дәстүр, ырым-тыйымға, дінге қатысты жөн-жоралғыларды Афиза бала кезінен әжесінен көріп өскен.
Кейіпкеріміз бүгінде «Amanat» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы қызметін абыройлы атқарып жүр. Бұл саладағы еңбек өтілі 13 жылды құрайды. Партия жұмысына араласқан соң қосымша құқықтану мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген. Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде бақылау ұйымдастырып, мәселенің ақ-қарасын анықтауға үлес қосады.
Афиза Болатқызы 2010 жылы Арман Омаров есімді азаматқа тұрмысқа шығып, Арнұр, Мәдина, Әмина және Арна атты төрт перзенттің анасы атанып отыр. Жұбайы Арман – ақжайықтық сынықшы Түйеш қарттың немересі, әкесі Абай Қалиоллаұлы да сынықшы болған.
– Бұрын ата-әжеммен бірге тұрғанда олар ибалы келін, ата-ене тәрбиесі, сыйластық туралы жиі әңгіме өрбітетін. Тамақ ішіп болған соң атамыз бата айтпай, дастарқаннан ешкім тұрмайтын. Бес мезгіл ауқаттансақ, сонша мәрте «Ешкімнің алажібін аттамаңдар, ақысын жемеңдер. Ар-ұяттарыңды сақтай біліңдер. Қарт пен кемпірдің тәрбиелеген қызы осындай болып шығыпты деп маған сөз келмесін» дейтін. Ата-әжеме жазғы демалыс кезінде басқа немере-жиендері келетін. Сонда олар «Неге айта береді?» деп таңғалатын. Атамның сол сөздері санамда жатталып қалды. Кез келген шешім қабылдарда ең бірінші атамның айтқан сөзіне қиянат жасамайыншы деп мәселенің ақ-қарасын анықтаймын. Тәрбиелік мәні зор сөздерді естіп өскен соң жақсы ер-азамат бұйырсын деп емес, керемет ата-ене бұйырса екен деп тілейтінмін. Тілегімді Жаратқан қабыл қылды. Тәлім-тәрбиесі мол керемет ата-ене бұйырды. Мені қызындай қабылдады. Күн сайын жұмысқа кетерде ақ батасын беріп шығарып салады. Бақытты жар, ана, келінмін. Тұңғыш немересі Арнұрдың есімін жұбайым Арманға ұқсастырып, ата-енем қойды. Кейін қызымды көтергенде түс көрдім. Түсім еміс-еміс есімде, біреу «Қасиетті айда қыз босанасың» деді. Неге олай деді екен деп жүрдім. Бірнеше айдан кейін ораза бар екені есімнен шығып кеткен. Содан қызым 2012 жылы оразаның алғашқы күні 20 шілдеде дүниеге келді. Есімін Мәдина деп қойдық. Қасиетті есімдердің бірі деп Әминаны атадық. Ал кенжетайымыз Арнаны марқұм атамыздың үйдегі орнын бассын, қуанышымызды еселесін деп солай атадық. Бос уақытымда отбасылық серуенге шығамыз. Балалардың кішкентай кезінде оларға кітап оқып беретінмін. Қазір балаға кітап оқыту қиындау. Сол себепті балаларға арналған кітапты сатып алып келіп, қызықты оқиға өрбіген жерін айтамын да, қалғанын осы кітаптан оқып алыңдар деймін және оқығандарын қадағалаймын.
Ал тұңғышым Арнұрға мына кітапты оқысаң, саған мынандай ақша беремін деп құлшынысын оятамын. Негізі, перзентің өскен сайын біреуге ақыл айтуға қорқады екенсің. Өйткені өзің тәрбиелеген балаң ақылыңды тыңдап өсе ме деген уайым да жоқ емес. Жатқан-тұрған сайын ұрпағымыз салиқалы болса екен, айтқан сөзіміз санасына қонса екен деп тілеймін. Сондай-ақ қазір қоғамды ене мен келін қарым-қатынасы күрделі мәселеге айналды. Әр адамда мінез болады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сонда отбасымыздағы тыныштық пен берекені, жанұя жарастығын қалай қалыптастырдық деп ойлаймын. Осы орайда ойыма бірден біз ренжіскен кезде үндемей қалатынымыз келді. Анам да солай. «Мен енемін» деп міндетсімей, қателігімді термей, көрегенділік танытатын. Бір-біріміздің көңілімізді сөзбен суытпау үшін үндемей қаламыз. Жұбайыммен ренжісіп қалсам да, жүрекке ауыр сөз айтпаймыз. Мен эмоциямды шығару үшін аутоматты кір жуғыш машина тұрса да, қолмен кір жуып, қазан-аяқты жылтыратқанша тазалай бастаймын. Балаларым «Мұнда бір гәп бар» деп түсініп қояды, – деді кейіпкеріміз күліп...
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»