18 мамыр - Халықаралық музейлер күні. Белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай Сырым еліне келген сапарында: - «Жымпитыдағы Алаш үйі – қазақ азаттығының Қағбасы!» , - деген еді. Осыдан артық балама да, бояу да керек емес. Алаш мұражайы – Қазақстанда екі жерде, бірі – Семейде, бірі – Жымпитыда. Шығыстағы үйде әуелі Абай, кейін Мұхтар тұрып, әрі қарай Алаш зиялыларының кеңсесіне айналған. Ал Жымпитыдағы көпес Таракановтың үйі – ел тағдыры шешілген, жұрт ісі жасалған қасиетті орын. Халықаралық музейлер күні қарсаңында оқырмандарды Алаш мұражайын көріп, тамашалауға шақырамыз!
Қазақ интелегенттерінің ас үйі. Дастарханда - Кузнецов ыдыстары
Алаш қайраткерлерінің ерен еңбектерінің Тәуелсіздік жолында тігілген алғашқы жасыл туының астына бірігіп ел үшін атқарған игі істері өткен ғасырдағы азаттық өркениеті.
Қазақтан шыққан тұңғыш зиялы қауым өкілдері алыс-жақын шетелдерден білім алып келіп, ел басқару ісіне араласты. 1918-1919 жылдары Алашорданың Шығыс және батыс бөлімдері Орталық Алашорда үкіметінің нұсқауларына сәйкес жұмыс жүргізді. Соның бірі Алашорданың Батыс бөлімі де тарихта өзіндік орны мен атқарған қызметі арқылы саяси салмақпен орын алды. 1919 жылы желтоқсан айында Алашорданың Батыс Бөлімінің соңғы есеп беру бағытындағы отырысы өткізіліп, 1920 жылдың басында Күнбатыс Алашорда билігін толықтай тоқтатты.
Жаһаншаның қызмет орны
Сол тарихтың құнды жәдігері әрі куәгері болып Батыс Алашорда үкіметіне қызмет жасаған біздің екі қабатты ағаш үйіміз - Алаш музейі келушілердің назарын өзіне аударуда. Ғимарат - мемлекеттік қорғауға алынған, «Қазақстанның киелі 100 нысаны» тізіміне енгізілген тарихи орын. Алаштың ағаш үйін тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері, жастар, жалпы азаттық рухына іңкәр жандар үшін тарихи жәдігер.
Қос қабатты үйді кезінде 1867 жылы орыстың көпесі Тараканов өзінің жеке жайы ретінде салдырған. Содан бері көне ғимарат екі ғасыр бойына бар көргені мен білгенін өн бойына жиып, тарихи құбылыс болып аудан ортасында тұр. Музей залдары толығымен Алаш тарихын баяндайды. Әр залдан Алаш үкіметінің құрылымын, Алаш милициясының қару жарақтары мен тұлғаларын, олардың тұтынған бұйымдары мен тұрмыстық жиһаздарын және зерттеуші-тарихшылар туралы құнды деректерді таба аласыз. Алаш қайраткерлеріне тиесілі бірнеше түпнұсқа құнды жәдігерлеріміз бар.
Жаһаншаның шаңырағынан келген кілем
Бірақ музей үйінің өзі де жәдігер екенін естен шығармаймыз. Сондай-ақ, Жаһанша Досмұхамедұлының Мәскеуде тұрған үйінде төселген қызыл қалы кілемі мен еңбектерінің көшірмесі, Алаштың жасыл туының көшірмесі мен Федяниндердің қазақ сиезінде өзі ойнаған түпнұсқа скрипка аспабы музейдің маңызын аша түседі.
Алаштың туы
Айнагүл Ойшыбаева,
С. Датұлы атындағы музей директоры
Сырым ауданы