19.05.2023, 11:45
Оқылды: 70

Гранттан басталған кәсіп

Ауыл-ел дамуының нақты көрсеткіші – экономиканың қарқыны. Қазіргі заманның талабы да сол, кәсіпкерлік өрлеген сайын, әлеуметтік-экономикалық ахуал да нығайып, салада жұмыс орындары көптеп ашылып, бәселестік орта қалыптасады. Кеңестік дәуірде қалыптасқан «Үкімет жұмыссыз қалдырмайды» деген қағиданы ұмыту керектігін түсінетін кез келді. Қазіргі заманның адамына өзі ұмтылмаса, ешкім екі қолға бір күрек тауып бермейді, қайта кәсібін ашып, мүмкіндігінше өз өңірінің дамуына үлесін қосуы керек. Талпынған жанға мемлекетіміздің тарапынан қолдау да молынан. Бизнеске ынталы жанға соңғы жылдары берілетін гранттың қайырын көргендер біздің ауданда да бар. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан алған мәліметке сүйенсек, тек былтырдың өзінде 62 жерлесіміз 68 млн. 700 мың теңге көлемінде бизнесін бастауға капитал ретінде грант иегері атаныпты. Ал бүгінгі мақаламызда кәсіпті дөңгелентіп кеткен бірқатарының тірлік-тынысынан хабар бермекпіз.

Биологтың массаж кабинеті

Тайпақ ауылының тұрғыны Әсел Рахымберлиеваның негізгі мамандығы – биолог. Денсаулығына байланысты жұмыстан босауына тура келген оған қайтарымсыз қаражат кәсібін бастауға зор демеу боп кетті.

e2f63e0e-3607-4d01-acb0-162b54594b32

Үй шаруасымен отырған 5 баланың анасы, әрі жолдасы жұмыссыз. Тайпаққа аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары келіп, ұлттық жоба бойынша қайтарымсыз грантқа өтініш бере алатынын білгенде, төбесі көкке жетіп қуанғандардың бірі – осы Әсел. Уақытын босқа жіберіп алмай, жобаның талаптарына сай кәсіпкерліктің негіздерін арнайы курста меңгеріп, болашақ кәсібінің бизнес-жоспарын жасап, шақырған уақытта комиссияның алдына келіп тұрады. Алғыр келіншектің өзіне сенімі соншалық – грантқа кімнің лайықты екенін шешетін комиссия мүшелерінің бәрі де көпбалалы ананың бастаған ісін шыр айналдырып кететініне еш күмәнданбады.

– Мамандығым биолог болған соң, жоғары білім алғанда адам анатомиясын толық оқып, білдім. Массаж кабинетін ашу керек деп шешкенім де сондықтан. Ниетіме қарай, талабыма нұр жауып, арман болған гранттың қаражаты қолыма тиген соң, бірден кәсібіме қажет құрал-жабдықтар сатып алдым. Атап айтсам, биоэнергомассажер, «Toprelax», қолқаның қабынуын емдейтін «Moxi», көз, мұрын ауруларына «NovuEye» аппараттарын сатып алдым, – дейді келіншек.

Кәсібін бастауға жайлы орынды жалға алған ол қазір ауылдастарына массаждың сан түрін жасайды. Қуантарлығы – массажистің қолынан шипа тапқан жерлестері бір-біріне Әселдің шеберлігін әп сәтте жарнамалап тастапты. Былтыр кабинетті ашқан оның қызметін алу үшін тұрғындар алдын ала кезекке тұрып, жазылады. Ата-аналары суық тиіп қалған балаларын ерте келсе, ауыл үлкендері де  құрысқан-тұрысқанын жазып берген қолы дәру маманға ризашылығын білдіріп жатады.

– Қазір адам көп қозғалмайды, қимыл аз. Жұмыста ала таңнан кешке дейін компьютерге таңылып отырған адамдар кеште қолы сәл босай қалса, телефонға үңіледі. Содан мойын остеохондрозы, сколиоз, бел омыртқаларының радикулитіне шалдығып жатқаны. Мұның бәрінен бір массаж алып, құлан-таза айығып кете алмайды, әрине. Десе де, кешенді ем аясында уқалау ауру белгілерін жеңілдетіп, жағдайын жақсартуға әсте болады, – дейді Әсел.

Әйелдердің бәрі болсын әдемі

Косметология саласындағы қызметтер соңғы кезде әйелдердің сұранысына ие. Заман жақсарып, мүмкіндіктер де молайған соң, әр нәзік жанды өзінің бет-келбетін шырайландырып, жас болып көрінгісі келетіні аян. Ал бұл тілегінің орындалуына жас болса да, өз ісінің шебері Оралсын Құмарова көмекке келуге әзір.

e00cdffe-8b2f-4238-9545-c98f2fc5b0f9

Өзі де сұлулыққа құмар, талғамы жоғары жас грант қаражатын қайда жұмсайтынын ешкіммен кеңеспей-ақ өзі шешті. Бизнестің түр-түрін елеп-екшеп, бәсекенің аз тұсын бағамдады.

– Нәзік жандыларға әдемілік, кербездік, сымбаттылық жарасады, әрі олар өздерінің бет терісіне күтім жасап, жастық шағын ұзағырақ сақтауға тырысады. Бұл заңды да, әйелдерді адамзаттың әдемі өкілі деп бекерден-бекер айтпаса керек. Сондықтан көп ойланбай, грантты осы салаға бағыттап, косметология кабинетін ашуға бел будым, – дейді бізбен жүздескен жас косметолог.

Оралсын арманы шындыққа айналуы үшін Атырау қаласындағы білікті мамандардан дәріс алып, солардың орталығында 3 айдай тәжірибесін шыңдайды. Толассыз клиенттердің көңілінен шыққан ол кабинетін жалға алған пәтерден ашып, жұмысын өткен жылы бастап та кетті. Мұнда ол бет терісінің күтіміне қатысты процедуралар, шығыс медицинасынан хиджама жасайды.

– Адамның терісін жақсартуға бағытталған процедуралар болғасын, құралдардың бәрі стерильді таза болуы керек. Өзім осыған аса мән беремін. Сонда  қабылдауыңа келген клиент сенің қызметіңе риза болып, құрбы-құрдастарына, тамыр-таныстарына айта жүреді. Жұмысқа кіріскеніме, әрине, көп бола қойған жоқ, бірақ осы уақыт аралығында бірде-бір адам шағым айтып көрген жоқ, қайта екі-үш күннен кейін хабарласып, алғысын білдіріп жатады. Кез-келген маман үшін, ең бастысы – осы, - деді Оралсын.

Оралсын кабинетіне арнайы косметологиялық аппарат алып, орнатып қойған. Соның көмегімен ол бет терісін жасарту, безеуден тазарту, пигментацияны (қара дақ) азайту, ультрадыбыстық терапия процедураларын жасайды.  Арнайы сәулемен бет терісіне әсер ететін Led-маска да осы аппаратпен бірге келген.

Жаңа кафе Атамекенде ашылды

Шағын ғана Атамекен ауылында жаңа кафенің ашылуына мұрындық болған – осы ауылдың тұрғыны Ұлболсын Естайқызы. Грант алғанға дейін ауылдастарының тапсырысымен тәтті нан өнімдерін пісіріп, нәпақа тауып отырған жас ананы қайсарлық, алған бағытынан таймайтын табандылық ерекшелейтінін шағын ғана уақытта атқарып үлгерген ісінен анық байқауға болады.

04349b68-86c5-44a7-9dfe-bc27db078b95

– Грант – әлдекім тегін қолыңа ұстата салатын майшелпек емес. Алдымен мемлекеттік қолдауына лайық екеніңді дәлелдеуің керек. Артынан гранттың бір тиынын да далаға жұмсамай, бизнес-жоспарында көрсетілген құрал-жабдықтарды сатып алып, бизнесіңді бастауың керек. Оның да есеп-қисабын сауатты жүргізе білуің шарт. Кондитерлік істе 5 жылдық тәжірибем болған соң, кәсібімді одан әрі жетілдіруді мақсат етіп, грант қаражатына цех ашуды көздедім, – дейді грант иегері.

Қалауын тапса, қар жанар деген, талапты жас ауладағы сарайын жөндеп, құрал-саймандарын сатып алды. Бастапқыда тек цех ашамын деп ойлаған ол ауыл жастарының сұранысымен шағын кафе етіп жасақтап, осыдан он күн бұрын жаңа нысанның лентасын қиды. Енді мұнда кондитерлік өнімдер цехымен қатар жиырма кісі тамақтана алады.

Бүгінде Ұлболсын қасына  Әдемі Айтжанова есімді ауылдас құрбысын да жұмысқа алып, екеуі бірге атамекендіктерге қызмет көрсетіп отыр.

Ә.Серікқызы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале