22.05.2023, 17:30
Оқылды: 22

Құрылтайдан қайтқанда ...

Жақында еліміздің мәдени астанасы Алматыда Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті XYI Құрылтайы өтті. Құрылтайға Батыс Қазақстан облысының Жазушылар Одағының мүшелері түгел шақырылған болатын.

Құрылтайй

Осы жерде айта кетейін, жалпы аталмыш Одаққа Батыс Қазақстанда тұратын ақын-жазушылардың ішінен 23 қаламгер мүше болып келеді. Біздің өңірден түлеп ұшқан, бірақ қазір басқа жерлерде еңбек етіп жүрген тағы да төрт қаламгерді де Одақ филиалы өз адамы санайды.

Қош, сонымен, Батыс Қазақстанның ақын-жазушылар делегациясы филиал төрағасы Бауыржан Халиолланың бастауымен 16 қаламгер болып, Алатауға бет түзеді. Ақын-жазушылардың ұшақпен барып-қайтуы, орналасуы мен ас-суы облыс басшылығымен тамаша ұйымдастырылғанын да айта кетейін. Өкінішке орай, Жайық қаламгерлерінің ең үлкені ақын Айтқали Нәріков ағамыз денсаулығына байланысты бара алмады. Делегация құрамында аттары алашқа белгілі Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ сияқты ақындармен бірге, жас болса да ерте танылған ақындар Талғат Мықи мен Асантемір Қаршығаұлы, Мәрлен Ғилымхандардың болғаны қуантты. Құрылтайға ұйымның 900-ден астам мүшесінен 600-дей делегат қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылған атынан ат үркетін ақын-жазушылардың бір-бірімен қуана қауышқан, шұрқыраса табысқан тарихи сәттерінде сол ортада болғанымды бір бақытқа баладым. Құрылтайдың алдында «өйтпекші екен де бүйтпекші екен» деген әңгіме желдей ескені рас. (Соңғы кезде осындай бір «үрдіс» қалыптасып келе жатқандай болады кейде маған). Өйткені 5 жылда бір болатын Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі төраға сайлау болатын. Жұрттың сайлау десе «құлағын қайшылап», үміткерлерді әрлі-берлі ауыздарымен сапырып қалатын әдеттеріне басқанына қарамастан, Құрылтай мамыражай жағдайда өтті. Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетов соңғы 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстардың есепті баяндамасын жасады. Әрине, Құрылтай болғасын біраз нәрсе айтылады. Биік мінберден қаламгерлерді қолдау, одақты қаржыландыру, құнды дүниелердің таралымы, көркем әдебиеттегі тазалық, тағысын тағылар туралы да сөз болды. Одақ қоғамдық ұйым, сонда да болса ұйымның ішкі есеп-қисабы да қаламгерлер назарына ұсынылды. Жазушылар Одағының төрағасы болып белгілі қаламгер Мереке Құлкенов сайланды. Меніңше, көрнекті ақын Ұлағаң биік лауазымнан кетсе де (өз еркімен бас тартты) өз биігінде қалды. Ел таныған қаламгер Мереке ағамыз мойнына алған ақын-жазушылар аманатын абыроймен алып шығатынына бек сенімдімін. Жазушылар Одағының Жарғысы бойынша төраға мен оның орынбасарларын пленум (105 қаламгер) мүшелері сайлайды. Пленум мүшелерінің құрамында Батыс Қазақстан облысынан ақын, Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла мен жазушы Мира Шүйіншалиева бар. Біз үшін ең күшті жаңалық: Бауыржан Халиолланың Қазақстан Жазушылар Одағының Батыстағы төрт облыс бойынша филиал төрағасы болып тағайындалғаны болды. Біз Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының қарқынды жұмысының көзге түскеніне, Б. Халиолланың іскерлігі ескерілгеніне қуанышты болдық. Қалай болғанда да, бұл Құрылтай ақын-жазушыларға әдемі әсер ғана беріп қоймай, шығармашылықта тың, жаңаша серпін бергені анық. Құрылтайдан қайтып бара жатқан делегация мүшелері бір-біріне «жазар көбейсін!» деп тарасты. Сонымен бірге бұл жиынның қаламгер ретінде мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын да мойындап бара жатты-ау деймін.

Дариға Нұрашева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале