23.05.2023, 9:30
Оқылды: 52

Қайран балалық!..

(Соңғы қоңырау саздары)

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Ал түлектер үшін бұл – балалықпен қоштасу жылы. «Үміт жетелеген 5 жыл» атты жинақ-кітапты ақтарып отырып, гимназияны 2004 жылы бітірген шәкірттерімнің естелік жазбаларын оқып, еріксіз күліп алдым. Сіздер де оқи отырыңыз.

Есіңде ме сол бір кез?..

«Оқушылар, кезінде математикадан консультацияға бармай қалып, артымыздан жатақханаға іздеп келген сынып жетекшіміз Нағима апайдан қалай қашып, тығылғанымыз естеріңде ме?».

zhelide-son-g-y-k-on-yrau-saltanatty-zhiyny-bolmaytyny-turaly-ak-parat-tarady_1683812312

Фото: aikyn.kz

Жанар: «Иә, әрине, есімде! Сол күнгі Нағима апайдан қалай қорыққанымды ешқашан ұмытпаспын! Оқушылармен бірге мен де жатақханаға жүгірдім. Сасқалақтап, қайда тығыларымды білмей, екінші қабатқа көте-рілдім. Алдымнан Гүлмира шықты. «Қайда тығыламыз?» дедім. Ол «Жүр, жүр! 10-бөлмеге барайық!» деді. Екеуміз екі шкафқа тығылып, апайдың кеткенін күтіп отырдық».
Гүлмира: «Иә, есімде. Өтірік «Моншаға барамыз» деп консультацияға бармай қалып, «Жеті тас» па, әйтеуір, сыртта бірдеңе ойнап жүрдік. Бізді іздеп келе жатқан Нағима апайды көріп, бәріміз тығылып қалдық. Апай бізді іздеп жатақхананы шарлап жүргенде, Жанар екеуміз жүрегіміз дүрс-дүрс соғып, 10-бөлмедегі шкафтың ішінде отырдық.
Армида: «Есімде. Мен ойынның басында құлап түсіп, тіземді ауыртып алдым. Өзімше «жүре алмай» отырғам, Нағима апайды көргенде қалай бәрінің алдына шығып шауып кеткенімді байқамай қалдым. Бәрі ішке кіріп, жан-жаққа бытырап жатты. Мен сасқанымнан жуынатын бөлмеге кіріп кеттім. Барсам, Инабат та сонда тұр екен. Не керек, әйтеуір, апай кеткенше Инабат краннан қоймастан су іше берді, іше берді, іше берді».
Азамат: «Ол – 9-сыныпты бітіретін кезіміз еді. Нағима апайдан қашып барып, 10-бөлмеге кіріп, шкафқа тығылайын деп бір жағын ашсам, Гүлмира отыр, екінші жағын ашсам, Жанар! Басқа орын болмағасын, 6-бөлмеге жүгірдім. Әйтеуір, ондағы шкаф бос екен. Тек шкафқа кіріп үлгердім, Нағима апайдың жүрісі де жақындап қалды. Зәре жоқ... Шкафтың есігін іштен тартып тұрмын. Саусақтарым есіктің ар жағынан көрініп тұр. Апай есікті тықылдатып, «Аш деймін, аш!» дейді, мен сонда қолымды жібермеймін. Уф, Алла! Бір уақытта кетті-ау...».
Мәлика: «Әрине, есімде. Бәріміз «Тоғыз тас» ойнап жүрген едік, бір кезде Жолбатырдың «Нағима апай! Қашыңдар!» деген даусы естілді. Қасымдағылардың бәрі опыр-топыр болып ішке жүгіре жөнелді. Айнұр екеуміз жуынатын бөлмеге жүгірдік. Бұл жерде қалу қауіпті болар деп шештік те, бөлмемізге барып кілттеніп алдық. Жүрегіміз дүрс-дүрс етіп, апай кеткенше тығылып отырдық».
Джоха (Жолбатыр): «Мен ойында өз кезегімді күтіп жолға қарап тұр едім, алыстан Нағима апайды көріп қалдым. Бірінші көргенім – көк костюм! Дабыл соғып зытып тұрдым. Мен, Гүлдария, Костя (Қасымбек) үшеуміз 11-бөлмеге кіріп отырдық. Нағима апай «Аш есікті» десе, Костя есікті соғып: «Ешкім жоқ» дейді...».
Сержан: «О-о-о, Гос кезіндегі қызықтар... Ойнап жүр едік. Бір кезде бәрі дүр етіп қаша жөнелді. Топырлаған буйволдардың тобырындай бәрі интернатқа кіріп бара жатыр. Біз де қаштық. Екінші қабатқа көтерілгенде біреу «жүр-жүрлеп» 9-бөлмеге сүйреп кетті, өзіміздің Әділет! Кірген соң Әділет есіктің тұтқасын «кчк!» еткізіп жұлып алды да, «Ой, енді қысылма, аша алмайды» деді. Екеуміз «Әкиш қолды!» деп қоямыз. Екінші күні апайымыздың ұрыспағанына әлі күнге ризамын».
Самат: «Енді-енді қызу ойынға кірісіп жатыр едім,
«Қашыңдар!» деген дауыс шықты. Бәріміз тұра қаштық. 1-бөлмеге кіріп, тым-тырыс отырып алдым. Қатты күлкім келді. Апай келіп, бұрқылдап-бұрқылдап кетіп қалды. Сол кез әлі есімнен кетер емес».
Қымбат: «Әрине, ол қызықты қалай ұмытуға болады?! Сол күні «9 тас» ойнап жүрдік. Қатты шаршап, Рахима екеуміз бөлмеге келе құладық. Сол күйімізде ұйықтап қалдық. Бір кезде Нағима апайдың дауысы естілді. Өтірік ұйықтап, қозғалмастан жата бердім. Нағима апай аяғымнан тартып-тартып қояды. Рахима оянып кеткен болуы керек, теріс аунап түсті. Бір көзімді жайлап ашып қарасам, Гүлдария есіктен сығалап тұр, Нағима апай қасымда тұр! Амал жоқ, көзімді өтірік уқалап, тұруға тура келді».
Рахима: «Қалай ғана ұмытарсың! Күн қайнап тұр. Бәріміз келісіп, консультацияға бармай, ойнап-ойнап алып, бөлмеде қатты ұйықтап жатыр едім, таныс дауыс оятып жіберді. Қозғалмай тыңдасам, Нағима апай! Аунап түсіп, қатып қалдым. Өзімше қатты ұйықтап жатқан ұсқыным. Апай менен гөрі Қымбатқа қаттырақ шұқшияды. Сол күнгі қызық Нағима апаймен біте қойған жоқ, кеште әдеттегідей Қайша апаймен жалғасын тапты...».
Әлия: «Лунара екеуміз жатақханадан келетіндерді гимназияда күтіп-күтіп, өзіміз барсақ, Нағима апай кетіп бара жатыр екен. Интернатқа кірсек, тып-тыныш. Біреу есіктен сығалап қарады. Ол Гүлдария екен. Бізді көріп, күліп жіберді. Сөйтсек, олар Нағима апайдан бұрыш-бұрышқа тығылып қалған екен. Ал Нағима апай болса келесі күні «Менен неге сонша қашасыңдар? Мен не сендерге «бөжаймын ба?» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ!».

* * *

Түлектер жыры
Жанымыз таза, жанымыз,
Жайдары салған әніміз.
Арманның аппақ бағына
Барамыз беттеп бәріміз.
Демейміз енді «Баламыз»,
Қияға қанат қағамыз.
Сенімін ата-ананың
Сеніммен ақтай аламыз.
Қияға самғап кетерміз,
Өтер қыс, көктем, өтер күз.
Ұшырған баптап ұяға
Сағынып бір күн жетерміз.
Басына бантик байлаған,
Тұратын қарап айнадан.
Қош сау бол, балғын балалық,
Алабы гүлдей жайнаған!

Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале