Кешегі ел басына күн туған шақта қазақ халқы ата қонысын тастап, үдере көшсе, осы зұлмат бүгінде аша тұяқты киелі жануар киіктердің басына төніп тұр. Ол көшудің басты себебі - су тапшылығы. Су іздеген даланың ерке жануарлары миллиондап көшіп жатыр.
Кеше ғана Казталов өңірінің Қошанкөл маңына құлаған сансыз киік - осы сөзімнің дәлелі. Қамыс - Самар көлі - ежелден киіктердің мекені екені аз айтылып келе жатқан жоқ. Аудандық мәслихат депутаты, Мәстексай ауылдық округінің ветеринар фельдшері Қ.Мұхамбетов:
- Қамыс - Самарға дейін бір-біріне жалғасып жатқан бірнеше көлтабанның жағалауы - ежелден киіктерге мекен болған. Бүгінде көлдер сусыз қалған соң, киіктер ауыл маңындағы жайылымдарға шығып, халықтың күнкөрісіне ұстап отырған шабындық жерлерін отауда. Бұл елдің есін алып, еңсесін түсіруде. Азын-аулақ малына сақтап отырған шабындығынан айрылған елге киік - төтесінен келген жұтпен бірдей. Егер Мәстексайдан әрі қарай бірнеше көлтабанмен жалғасатын Қамыс - Самар көліне мол су көзі жіберілсе, шаруаның шамына тиген аша тұяқты түз еркесі ешкімге зиянын тигізбей, ата қонысына құлар еді. Жалпы жергілікті тұрғындар сусыз киікті түсіргенге наразымыз, Қамыс- Самардың негізгі өзегі Қаражігіт, Саржан, Жақап, Жансұлтан өзегі, Көкала ағашқа маңында жағалай отырған шаруа қожалықтары да көп, осы жерлерге су барса қожалықтардың да шаруалары жанданар еді. Сол елді мекендерде су болмағаннан кейін салған үй-жайларын тастап, көшіп кетті. Су мәселесін бір жақты шешіп, артындағы қорына мән беріп, басын ашып алу қажет, - деген ойын айтады.
Атамекенін тастап, үдере көшкен киіктер де туған мекеніне оралар еді. Алдындағы малына жылдық азығын алаңсыз жинап, ел болып еңсені көтерер күн де туар еді. Ауыл ақсақалдарының аталы сөзіне сүйенсек, жыл сайын Жәнібек жақтан төлдеген киіктен өзінің сүрлеуімен Қамыс - Самарға келіп құлайды екен. Биыл да 14 000-ға жуық төлдеген киік бері қарай қозғалып келеді. Олар шамамен бір аптада Жаңақала жеріне жетеді.Егер осы жерде мол су болса, олар әрі қарай көшпей, орнығып қалар ед. Сулы далаға киік келсе, оның отап кеткен жері эрозияға ұшырамай, тез теңеліп кетеді екен. Демек, ұзақ жолда табиғи эволюцияға ұшырап, әлділері жететін табиғаттың еркесіне қамқорлықты сулы өлкеде ғана жасай аламыз.
Кең даланың төсін еркін жайлаған киіктердің су тапшылығының кесірінен жер ауа көшуінің зардабын қаншама отбасы тартып отыр ?! Халықтың жанайқайына құлақ түрер азаматтар ел ішіне келіп, халықпен ашық жүздесіп, көкейде жиналған ащы зарды тыңдаса екен, елмен кездессе екен деген тілек бар.
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz