Цифрлық білім беру ресурстары - оқу мақсатына сай, цифрлық, электронды, компьютерлік формада ұсынылған оқшауланған білім. Цифрлық білім беру ресурстары әрбір пайдаланушы үшін ыңғайлы да, жаңа форматтағы түсінікті ақпарат болуы тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын оқушылар өз бетінше жаңа ақпарат жинақтау мен ізденіс барысында оңай пайдалана алады.
Фото: gov.kz
Цифрлық білім беру ресурстары білім беру ұйымдарындағы оқытушылар үшін оқу мақсаттарын жүзеге асыру мен материалдарды жинақтауда таптырмас мүмкіндік. Бұл оқыту мазмұнын анықтайтын электрондық оқыту жүйесінің негізгі компоненті. Оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін оқу үдерісінде жаңа буынды цифрлық білім беру ресурстарын тиімді қолдану барлық педагогикалық қауымдастықтың алдында тұрған ең өзекті мәселе. Мәселені шешудің негізгі жолдарының бірі - сапалы электронды оқу құралын жасау және телекомуникациялық желіде (wi-fi) сәтті қосылулармен қамтамасыз ету.
Оқытуда цифрлық білім беру ресурстарын қолдану оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқу материалдарын жеңіл игеруге көмектеседі. Сондай-ақ ақпараттық технологияларды басқа да кешенді білім беру саласында қолдануға мол мүмкіндігін береді. ЦБР жүйесін оқытушы оқыту үдерісі кезінде жан-жақты қолдана алады: жаңа тақырыпты түсіндіргенде, өтілген тақырыпты бекіту және меңгеру деңгейін бағалауда, өздігінен білім алуда және тапсырмаларды орындау, өзін-өзі бағалауда. Жаңа сабақты түсіндіру кезінде аудио, бейнероликтер мен анимациялық көрнекіліктерді және жаңа тақырыпты түсіндірудің педагогикалық амалдарын қолдану көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.
Еліміздің даму жолындағы жаңа белесі - электронды оқыту жүйесін Қазақстан Республикасы мектептеріне енгізу. Электронды оқулықтар, оқушылардың болашақта қажетті білімді толығымен алуына, білімді өздігімен меңгеруіне, өзін-өзі бағалай алуына, өз күшіне сенімділіктің болуына бағыттайды. Осы орайда, Қазақстанда алғаш рет «Алматыкітап баспасы» оқушыларға ыңғайлы болу үшін электронды оқулықтар Web платформасын енгізді.
TopIQ.kz электронды оқулықтар Web платформасы оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналарға пайдалануға өте қолайлы. Web-платформа Қазақстан Республикасы аумағындағы серверде орналасқан. Электрондық оқулықтар бұрынғы ҚР БжҒМ №131, № 216, №286 бұйрықтарымен қолдануға ұсынылған. Барлық оқулық Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес келеді. Цифрлық оқулық – баспа оқулықтың pdf нұсқасы емес, интерактивті тапсырмалары бар мультимедиялық оқу құралы.
Тоpiq.kz – 1-11 сынып оқушыларына арналған электронды оқулықтар платформасы. Мектепалды сыныптарында TорIQ платформасын пайдалануда математика негіздері, сауат ашу негіздері, қоршаған ортамен танысу оқулықтары бар, тақырыпқа сәйкес қосымша әр түрлі тапсырмалары қарастырылған. Тоpiq.kz платформасын Қазақстандық оқушының «Цифрлық қоржыны» деуге болады. Демек, әлемнің кез келген жерінен өзіне ыңғайлы уақытта қажетті оқулыққа «қолжеткізе» алады.
Әр оқулықта көптеген мультимедиялық материал: тек онлайн жұмыс істейтін аудио, видео, сондай-ақ интерактивті тапсырмалар дайындалған. Мұғалімдер сыныптағы барлық оқушыға дайын тапсырма тағайындап, егер қажет болса, қосымша материал тіркеп, үй тапсырмаларын тексере алады. Кейде мұны жүйе өздігінен тексеріп, орындалған тапсырмаларды бағалап, пікір бере алады. Ал оқушылар мұғалімнен тапсырма алады, тапсырманы кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген гаджетте орындап, жүйе арқылы тапсырманы жіберіп, бағасын алады және жаңа тақырыпты қалай түсінгенін, оқу материалын бекітіп, өзін-өзі бағалай алады.
Бұл платформаны тиімділігі неде? Электронды оқулықтар жеке оқушымен немесе оқушылар тобымен тек сынып қабырғасында ғана емес, басқа да жерлерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оқушы оны экскурсияда, жолда, спорттық жиындар кезінде қолайлы және оңай пайдалана береді. Платформада мемлекеттік білім беру бағдарламасы аясындағы бірегей интерактивті және мультимедиалық материалдар біріктірілген және оқушылар мен мұғалімдердің бір-бірімен кері байланыс орнатуына қолайлы. Оқушыларға жаңа әдіс-тәсілдер мен оқуға заманауи сандық операцияларды қолдануға мүмкіндік пайда болды. Электрондық оқулықтар платформасы арқылы оқушыларға ұнағаны әр баланың қабілеті мен қызығушылығы ескере отырып, тапсырмалар беру мүмкіндігі ойластырылған. Информатика, география пәндері бойынша қолдану мүмкіндіктері жоғары, әр тақырып бойынша тапсырмалар жиынтығы жүйелі берілген. Өйткені электронды оқулық әр оқушымен жеке немесе топтық жұмыс істеуге де тиімді. Тағы бір ерекшелігі оны қашықтан да, дәстүрлі оқу форматында да пайдалануға болады. Тақырыпқа сай видео, аудиоматериалдар, графикалар және зияткерлік бағдарламаларды толықтай меңгере алады.
Қазіргі таңда «Алматыкітап» баспасының «TopIQ.kz» электрондық оқулықтар web-платформасы - Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 маусымдағы № 291 бұйрығымен бекітіліп пайдалануға ұсынылған 1-11 сынып оқулықтарын, сондай-ақ, мектепке дейінгі дайындыққа арналған оқу әдістемелік кешендерді, хрестоматиялар мен көркем әдебиеттерді қамтитын, Kundelik.kz-пен бейімделген тұңғыш және жалғыз отандық платформа.
Айнагүл Берниязова