26.05.2023, 15:00
Оқылды: 144

"Алғаш 25 жасымда ұшаққа міндім". Әлем аралап жүрген жұп саяхатты қалай әдетке айналдырғандарын айтты

Саяхат көп адам үшін қолжетпес арман, көп ақшаны талап ететін сапар көрінеді. Содан болар саяхат дегенде санада шектеулер көбейе түседі. Алайда алыс-жақын шетелге сапар жасау туралы стереотиптерді жоққа шығарып, отбасы болып саяхаттап жүрген жұптың бірі - журналистер Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы.

182da85b-09dc-4fd9-962e-ce7abf16bd05

Фото: Yernar Almabek

Massaget.kz тілшісі саяхатты өмірлік әдетіне, жұмысына айналдырған жұппен сұхбаттасып, отбасы ретінде әлем көрудің артықшылығын, қазақ қоғамы, жастар саяхат туралы қандай стереотиптерден бас тартуы керек екенін сұрады.

Бала кезде қалыптасқан әдет өмірлік бағдарыңа, хоббиіңе айналуы бек мүмкін. Ал бұл саяхат болса, тіпті тамаша. Журналист Ернар Алмабек те саяхаттау әдетін мектеп кезінен қалыптастырыпты.

"Саяхатты бала күнімнен бастадым. Алғашқы әскери дайындық деген пәннен Нұрлан ағайым балаларды тауға алып шығатын. 5 немесе 6-сыныптан бастап тауға шыға бастадым. Саяхатқа деген қызығушылық солай оянды. Мектеп бітіргеннен кейін қалай саяхаттауға болады деген сұрақтарға іздене бастадым. Шыны керек, жолын таба алмай жүрдім. 2015 жылы алғаш рет шетелге шықтым. 25 жасымда алғаш ұшаққа міндім. Іссапармен Түркияға барып келдім", - дейді ол.

"Саяхаттау үшін бай болуың керек". Стереотип пе, шындық па?

Қоғамда саяхат туралы бірнеше теріс түсінік қалыптасқан. Әрине, біріншісі қаржы мәселесіне тіреледі. Алайда бәрі сіз бен біз ойлағандай болмауы да мүмкін. Ең бірінші түзу ниет, сайланған жоспар, мақсат болуы қажет. Әрі қарай әрекет пен қабілет жаңа есіктер ашуы әбден мүмкін. Ернардың жағдайында тура солай болған.

"Саяхатқа көп ақша керек деп ойладым. Саяхат деген міндетті түрде шетелге бару, ұшақпен ұшу деп түсіндім. Саяхатқа қатысты көп стереотип бар. Ең біріншісі - ақша көп болу керек, бай болуың керек деген. Саяхат әдет сияқты. Ол әдетті дұрыс қалыптастырсаң, оған құртылатын ақшаны да дұрыстап есептеп, дұрыстап жұмсайсың. Көп ақша құртып жатырмын ғой деген ой болмайды. Нан жеген кезде, сүт алған кезде "нанға көп ақша құртып жатырмын" деп ойламайсың ғой. Нанды табуың керек, табасың. Саяхатты қажеттілікке айналдыру керек. Сол кезде оның ақшасын табуға ұмтыласың", - дейді ол.

"30 жасымда Көлсайға бардым"

Шетел, көз тартар жерлер, әлеуметтік желідегі суреттер. Әрине, бәрі керемет. Бірақ Атырау мен Алтай арасында тұмса тұнық табиғат, таза ауа, ерекше жерлер жетерлік. Ернар Алмабек те дәл осы пікірде. Сондықтан саяхатқа шыққысы келетіндерді ең бірінші туған жерден бастауға шақырады.

"Екіншіден, көп адам саяхаттау міндетті түрде шетелді көру деп ойлайды. Осыған қарсымын. Саяхаттау туған жеріңді аралаудан басталады. Жасым 30-ға таяған шағымда 5 елді көргенмін, бірақ өзімнің ауылымның жанында тұрған Көлсайды көрмегенмін. 30 жасымда ғана көрдім. Кейбір адамдар сонау алыс шетелдерден Көлсайды көру үшін келеді. Ондай мысал қаншама?! Алматыда тұрып, Медеуге бармағандар қаншама?! Алматыда тұрып, Көктөбеге шықпайтындар бар. Алматының маңында әдемі жер көп. Шарын демейін, Көкжайлауға шықпаған адам көп. Ұлытауда тұрып, Жошының кесенесін көрмегендер бар. Астанада тұрып, Көкшетауға, Бурабайға бармағандар бар. Шығыс Қазақстанда, Өскеменде тұрып, Катон-Қарағайды көрмегендер бар. Айта берсең көп. Алыс шетелді аңсау міндет емес. Саяхат деген туған жерді аралаудан басталады. Туған жердің кереметтерін танып алсаң, алыс шетел туралы ойлана бер", - дейді Ернар Алмабек.

Бұл орайда журналистке де туған жердің әр бұрышын аралау жаңа тыныс сыйлапты. Осылайша, мүмкіндіктер мен есіктер айқара ашыла түскен.

"2015 жылы күзде Марғұлан Сейсембаевпен таныстым. Бір жобасында волонтер болдым. Бірақ жоба жабылып қалып, 2016 жылы Nomad Explorer деген экспедициялар ұйымдастыра бастады. Ең алғашқы экспедициясы Ұлытауға болды. "Суретке жақсы түсіресің ғой, суретке түсіріп кетсең, қалай болады, жол-тамағыңды өзім көтерейін" деді. Сөйтіп, экспедиция құрамында Ұлытауға бардым. Ең арзан саяхат сол болды. Алғаш рет біздің елді де аралауға болады екен ғой, Қазақстанда да әдемі жерлер көп екен ғой деген ой қалыптастырған саяхат болды", - дейді ол.

Осылайша, батысты да, оңтүстікті де, орталықты да көруге керемет мүмкіндік туған.

"Nomad Explorer 2016-2019 жылдар аралығында 4 экспедиция ұйымдастырды. Ұлытауға, одан кейін Маңғыстауға, Алтайға, Оңтүстік Қазақстанға бардық. Сөйтіп, 4 аймақты араладық. Nomad Explorer көп саяхатшымен таныстырды, саяхатқа деген көзқарасым өзгерді. Саяхатты жақсы көріп қалдым. Саяхаттайтын өте жақсы әдет қалыптасты. Адамдармен танысып, олар мені жан жаққа шақыра бастады. "Алтын Емелге барып келейік, Шарынға шығып келейік, тауға барайық" деген дүниелер көбейе бастады. Солармен бірге саяхатқа шығып жүрдім. Nomad Explorer-мен Алтайға барған кезде 2018 жылы YouTube-арна ашу туралы ой келді. Ол кезде біраз жерді аралап тастаған едім. Сонымен Алтайға барған кезде GoPro деген камера сатып алып, видеоблог түсіріп шықтым", - деді алғашқы әсері туралы Ернар Алмабек.

Саяхатқа шыққан сәттен бастап аяқталғанға дейін әрбір сәттен әсер алуға болады. Сапар сонымен мәнді, сонымен қызық.

"Жол мұраты - жету деп көп адам баруды, сосын қайтуды ойлап тұрады. Жолдан ләззат алу да саяхатқа жатады", - дейді журналист те.

Айта кетейік, туған жердің табиғатын жарнамалап жүргендердің бірі журналист Ернар Алмабек Алматы облысының көпшілік білмейтін көрікті жерлерін жариялап, халық арасында қызығушылық туғызған.

Massaget.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале