Қазіргі заманда, IT-технологиялар эволюциясы қарқынды дамыған ғасырда интернет біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің әр таңымыз push-хабарлама қоңырауынан басталады, таңғы ас кезінде жаңалықтар арнасын оқимыз, жұмыста белгілі бір ақпарат алу үшін желі кеңістігін қолданамыз. Бірақ Интернеттен ақпаратты жедел алғанымызбен қоса, киберкеңістікте бізді торуылдайтын қауіптерді де ұмытпауымыз керек.
Интернет кеңістігінде бізді қандай киберқауіптер бағып тұрғанын және олардан қалай қорғануға болатынын, ересектер мен балаларға интернеттегі қауіпсіздік туралы нені білу маңызды екенін Fingramota.kz жобасына киберқауіпсіздік, АТ және коммуникациялар саласындағы тәуелсіз сарапшы Евгений Питолин айтып берді.
АТ-технологиялар қарқынды дамып келеді. Олардан қалыспай алаяқтардың жаңа алдау амалдары мен әдістері көбейіп келеді. Алаяқтар «трендке» еніп алуға, өздеріне тиесілі емес нәрсеге ие болу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысып бағады. Мұндайда: фишинг, әлеуметтік инженерия әдістері, кардинг, телефон арқылы алаяқтық, зиянды бағдарламаларды тарату сияқты амалдардың барлығы қолданылады. Олар жәбірленушінің әлсіз тұсын сезіп қана қоймай, оның қырағылығын жоғалтуы мүмкін нәрсені дәл ұсына алады. Мысалы, телефон арқылы ақшаны алдап алу кезінде алаяқ өте тез сөйлей бастайды, қорқытады және жәбірленушіге ойлануға мұрша бермейді. Әлеуметтік инженерияны қолданған кезде ол адамның сеніміне еніп, өзін жасырын қорғаушы бейнесінде көрсетеді. Кардинг кезінде ол Интернеттегі деректеріне жеңіл-желпі қарайтын құрбанды табады.
Жалған сайттар, дауысты өзгертіп жасалатын алаяқтықтың күрделі сценарийлері, маркетплейстерде алдаудың ондаған тәсілі, аккаунттарды бұзу және достарыңыздың немесе танымал тұлғалардың цифрлық егіздерінің атынан бопсалау – міне қазақстандықтарды цифрлық әлемде не күтіп тұрғанының аз ғана мысалы.
Сондықтан кез келген жағдайда қырағылық сақтау, ақпараттық жағынан білімді болу және сыни тұрғыдан ойлау маңызды.
Қаскүнемдер кардинг арқылы иесінің қатысуынсыз банктік картаны пайдаланып операция жасайды. Статистикаға сәйкес, 10 әуесқой онлайн-сатып алушының ең аз дегенде 9-ы өз банктік карталарын барлық сайттар мен қызметтерге тіркеп қоятындықтан, оларды оп-оңай бұзуға болады. Ақшаңызды ұрлатпау үшін, ең алдымен, антивирустық қорғауды қолдану керек және ешқашан күмәнді серверлерде жеке ақпаратты қалдырмау керек. Құпиясөздерді және банк картасының нөмірін ол жерде сақтамаңыз. Ең дұрысы банктік карта бойынша жүргізілген операциялар туралы хабарламаларды қосып алыңыз және қырағы болыңыз.
Негізгі шоттармен байланысты емес виртуалды карта жасап алыңыз, оған тек бір айға немесе бір реттік сатып алуға арналған соманы ғана салыңыз. Картаны бейтаныс қызметтерге немесе сенімсіз маркетплейстерге тіркемеңіз.
Спуфинг – бұл кибершабуылдардың бір түрі. Оның көмегімен қаскүнем өзін қандай да бір сенімді дереккөз ретінде көрсетеді. Мұндай ауыстыру көбінесе веб-сайттар, телефон қоңыраулары, электрондық пошта және әртүрлі серверлер арқылы жүзеге асырылады. Мақсат алаяқтықтың басқа түрлерімен бірдей – жеке ақпаратқа қол жеткізу, ақшаны ұрлау немесе зиянды БҚ тарату.
Спуфингтен қорғану үшін Интернеттегі мынадай қауіпсіздік ережелеріне назар аудару керек:
1) барлық қосымшаларға екі факторлы бірдейлендіру орнатыңыз;
2) барлық гаджеттерге вирусқа қарсы қорғауды орнатыңыз;
3) спам сүзгісін қолданыңыз;
4) бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз;
5) күдікті хаттар мен бейтаныс нөмірлерге жауап бермеңіз.
Алаяқтар цифрлық қауіпсіздік жағынан жақсы дайындалған, вирусқа қарсы қорғанысы бар немесе пароль менеджері бар пайдаланушыға уақыт жоғалтпайды. Оларға Интернетте ештеңе жарияламайтындар, еш жерде тіркелмейтіндер және жалпы алғанда өте мұқият адамдар қажет емес. Алаяқтарға Интернеттегі қауіпсіздігіне мән бермейтіндер қажет. Мұндай пайдаланушыларды бұзу оңай.
Сондықтан алаяқтарға әрдайым ақша қажет емес екенін есте ұстаған жөн. Олар сондай-ақ жеке ақпаратты мүмкіндігінше көптеп алу үшін жұмыс жасайды. Болашақта оны сізге қарсы қолданады. Ал сізде ақша бар ма, жоқ па, оны қызықтырмайды. Өйткені, егер олардың қолына ешқашан түспеуі тиіс мәлімет тисе, олар сізден бірнеше есе көп ақша алады.
Цифрлық әлемде көпфакторлы бірдейлендіру ауадай қажет. Оның ең бір қарапайым себебі: барлығымыз Интернетте орасан зор жеке ақпарат сақтаймыз. Бұл тек қарапайым пайдаланушыға ғана емес, барлық кәсіпорындарға, бизнеске де қатысты. Біз күн сайын банктік қосымшалармен, онлайн-сервистермен және тағы басқалармен өзара іс-әрекетке түсеміз. Егер бір жерден қателік кетсе, оның салдары жаман болуы мүмкін. Сол себепті бір құпия сөз түріндегі қорғаныс жеткіліксіз. Егер сіздің құпия сөзіңіз үнемі күрделі болып келіп, барлық аккаунттарда түрленіп отырса, құптарлық. Алайда, іс жүзінде басқаша болып жатады. Бұл жағдайда пайдаланушының жеке басын растау үшін көпфакторлы бірдейлендіруді пайдалану қажет. Ең дұрысы – арнайы қосымшалар – екінші факторға арналған бірдейлендіру және әртүрлі сервистер мен қосымшалар үшін бас сервистің жеке құпия сөздері.
Қазір қандай да бір гаджет қолданбайтын заманауи баланы елестету қиын. Интернетте шынымен де пайдалы ақпарат көп. Үйден шықпай ақ тілдер үйренуге немесе қосымша оқу мүмкіндіктері бар. Алайда, оның да екі ұшы бар. Желіде бала түрлі проблемаларға тап болуы мүмкін. Мысалы, буллингпен, кибералаяқтармен, бопсалаумен және баланың ересектердің көмегінcіз арылуы қиын болатын түрлі салдарлар. Бұл ретте, ата-аналардың басты міндеті - баланы Интернетке шығуға дайындау. Оған желіде кездесетіндер жөнінде айтып беру, ең бастысы, тығырыққа тіреліп, өзін жаман сезінген жағдайда, ол жөнінде ата-анасына ашық айтып беру.
Ата-ана өз баласы үшін гаджет сатып алмас бұрын мыналарды білулері қажет.
Деректерді қорғау және цифрлық этикет туралы айып беріңіз. Егер бала әлі кішкентай болса, контентті тазалап отыратын балаларға арналған түрлі қорғаныс орнатуға болады. Ересек балалардың санасына үш ТЫЙЫМ қағидасын жеткізу қажет: бейтаныс адамдармен сөйлесуге тыйым, жеке ақпаратты беруге тыйым, егер сенің жеке басыңды қорлап, бопсаласа, әңгімеге араласуға тыйым.
Fingramota.kz