Аялдама. Жолаушылар таситын көлікке кимелей көтерілгендердің ішінде бір жас келіншек те бар. Отырғандардың назары сонда. Мектеп жасындағы екі қызын қасына алып, салондағыларға қарсы орынға жайғасқан келіншек қақшиған бойы алысқа, әлдебір белгісіз нүктеге тесіле қалған. Көзқарасынан немқұрайдылық па, селқостық па бірнәрсе байқалады. Жақын отырған соң жүзінен-ақ біраз нәрсені аңғарар едім, бірақ... Иә, бірақ жүзі көрінбейді. Қап-қара болып тұмшаланып алған. Қасындағы бүлдіршін екі қызын да орамалмен қымтап тастапты. Көп ішінде жалғыз сияқты... Аласталған адамдардай... Қара бейненің саңылаудан сығалаған салқындығын енді түсіндім – түңілу екен ғой бұл!
Адамның өз-өзіне кетіп қалуы. Құлазыған жанын құлыптап, ішкі шеңбер құрсауына түсуі. Баз кешуі дүниеден. Енді оған бәрібір. Мына әлем. Жұрттың пікірі. Қалай қарағаны. Не дегені. Ештеңе соқпайды оған. Себебі іші сөніп қалған. Әлдебір соққыдан. Жан күйзелісінен. Бәрінен көңілі қалудан. Тағдыр тәлкегінен.
Ешкімнің бетіне қарамай, тас мүсіндей қатып отырған қара жамылғылы келіншек аялдамасына жеткен соң орнынан көтеріліп, екі қызын жетелеп түсіп қалды. Ылғи өз ойларымен өздері болып келе жататын жолаушылардың көзқарасы бұл жолы бір жерде тоғысқан сияқты. «Бедняги...» деп күбір етті мосқалдау, сары шашты әйел. «Алды жөн, арты соқпақ» деді оқыс жөткірініп, қозғалақтай түскен жігіт ағасы. «Жап-жас келіншек, өмір бойы осылай жүруге шыдай ма екен?» «Бұл көшеге шыққанда киетін жұмыс киімдері» шығар, үйде шешіп қояды-дағы... қалай жүреді, әйтпесе невозможно ғой...», «Қой, олай болмас...» дескен сұрақтарды ауырлағандай, автобус ыңырана созылып, алға тартып келеді.
...Ел ішіне мазасыздық, шарасыздық алып келген осы бір діни бөлшектенудің көңілге қорқыныш ұялатып тұрғаны рас. Немен тынар екен, немен... Не нәрсенің де түбіне үңіліп, не бір тұйыққа тірелген адамдардың әңгімесін тыңдап, жай-күйін білуге тырысып жүретін журналистік дағдымен бұрын өзім сыр тартқан жандардың әңгімелері есіме түсті. Таратып айтайын, неге екенін сөз соңында түсінерсіз.
Бірінші әңгіме
«Жиырма жасымда бір қызға ғашық болдым, – деп бастады өз оқиғасын кейіпкерім, – жетім қыз еді. Сезімім сұрапыл болды. Үйленгелі жүргенмін. Тоқсаныншы жылдардың басы. «Рэкет» болып, елді шулатып жүретін бір туысқаным келді ауылға. Жақының келген соң қыдыртып, демалдырып дегендей, жігіттермен отырыстар ұйымдастырдық. Түн жарымы болғанда бөлемнің «көңілі құртқа шапты...» Ауылдағы екі қыздың аттарын атап, алып келуге бұйырды маған. Біреуі – менің қызым! Төбемнен жай түскендей болды! «Келмейді ол!» – дедім тістеніп.
– Келгенде, бек жақсы келеді. Әуелде де келген... Ха-ха! Сөйтсем, бұдан бұрын бір келгенінде ауылдың осы екі қызын «қонаққа» шақырып, ақыры абыройларын төгіп, зорлап кеткен екен...
Оның ар жағында тыңдай алмадым сөздерін, шықтым да жүре бердім. Ішім алай-дүлей.
«Бұл жайлы неге айтпаған маған, жылға жуық кездесіп жүргенде. Біз басқа жақтан көшіп келген соң білмей қалады деді ме?», – деп тулайды бір ойым.
«Еркінен тыс болған нәрсе ғой, айтуға аузы бармаған болар. Мүмкін, тіпті өтірік нәрсе шығар. Ақырындап сұрап көрсейші», – дейді екінші ойым ашуымды басуға шақырып.
«Ал сұрадың. Шындық болса ше? Басқа, бөтен біреумен болса бірдеңе етіп ұмытар едім, туыс адаммен сондай жағдайға ұшыраған қызға үйлене аларсың ба? Араласып-құраласып жүретін туысқаныңды көрген сайын есіңе түседі де тұрады емес пе өмір бойы бетке шіркеу болып...»
Сонымен, екі-үш күн сұлқ түсіп жаттым да қойдым. Басымды көтерген соң ілгері басқан аяғым кері кетіп, кездесуге бардым. Сұрадым, «Рас па?» деп. «Өтірік» дегенін қалап, өліп барамын... Жоқ, «өтірік» те демеді, «рас» та демеді, үн-түнсіз бұрылып кетті. Демек, шындық солай...
Содан кейін үш ай өзімді қоярға жер таппай, ауыл мен қаланың ортасын кездім де жүрдім. Азып-тозып, тамақ ішпей, жүдеп, үйдегілер «ауру ма» деп доғдырға қаратпақ болып әбігерге түсті. Ешкімге айта алмаймын. Түсінетін кім бар дейсің? Өлгім келді. Міне, сол кезде мені діншілдер тапты. Жылы-жылы сөйлесті, сұрақтарыма жауап берді. Баурады. Ілестім де кеттім, өйткені маған бұл дүниеде ештеңе қызық емес еді. Сол жүргеннен жасым қырыққа таяғанда әзер үйлендім, онда да ұрпақ болсын деп қана...
Екінші әңгіме
Студент едік. Жерлестер болып бір топ қыз-жігіт араласып-құраласып жүрдік. Бірте-бірте жақын достыққа айналды араларымыз, кәдімгі бір үйдің баласындай. Сол күні екі бала пәтерге келіп, бір шараны ұйымдастыру жөнінде ақылдасып, шай-пай ішіп, ұзақ отырып қалды. Қарасақ, түнгі үш болып қапты. «Қона кетіңдер» дегенге қарамай, қаланың екінші шетіндегі жатақханаларына кеткен. Таңертең – суық хабар! Көліктері жол апатына түсіп, қаза болған... Екеуі де... «Таңертең келеміз», – деп, жайраңдап, бетімізден сүйіп қоштасқан екі досымыздан қас-қағымда айырылып қалғанымыз үлкен соққы болды жүрегімізге. «Неге жібермей ұстап қалмадық», «Таңға жүретін таксистерге де сенім жоқ екенін неғып ойламадық!», «Неге, неге, неге?..» деген ойлар жанымызды мүжіп жіберді. Кімге айтарсың?.. Кім түсінер?.. Бар болғаны жұма сайын мешітке барып, Құран оқыта береміз. Танитыннан гөрі, танымайтын адамға ішкі күйзелісіңмен бөлісу оңай ғой кейде, сол мешіттегі бізге үйірсектеп жүрген бір-екі қыз-келіншекке мұңымызды шағып, сырласатынды шығардық. Сөйтіп-сөйтіп, ақыры орамал байлап, намаз оқитындар қатарына қалай қосылып кеткенімізді байқамай да қалдық... Мүмкін, мұны өмірден ерте кеткен достарымыздың рухы үшін деп те жасаған шығармыз. Бала едік қой...
Үшінші әңгіме
Сүйген адамыма тұрмысқа шыққанда менен бақытты адам жоқ еді. Сөйтсем, ол кісім үйде мүлдем басқаша екен.
Өмірім тозаққа айналды. Ішімдік араласқан жердің оңғаны бар ма?.. Кімге айтарсың! Жоғары білімді болғаныңның өзі айып болып тағылған жаман екен бәрінен. Мені түсінетін адам жоқ. Сырымды шашуға елден ұялдым. Күле қалған заман ғой бір-біріне... Сөйтіп, жаным күйзелген сайын мешітке барып, Құдайға арыз айтатын әдет таптым. Менің жағдайымды, ішкі аласапыран күйімді тек қана Құдай түсініп, тыңдап тұрған сияқты, алақанымды жайсам, жылап қоя беруші едім. Бірте-бірте өзім де намаз оқып, сәждеде етпеттеп жатып, ұзақ-ұзақ жылайтынды шығардым. Жайнамазым су болып, мұрнымның ізі түсіп қалушы еді мен жылағанда. Ақыры жолдасыммен тұра алмай, ажырасып кеттім...
Қанша адам болса, сонша тағдыр. Ал анау түрмеден «діншіл» болып оралатындардың ішкі дүниесінде қаншама жаннан түңілу барын, бастарынан не кешкенін кім ойлап, кім түсініп жатыр дейсіз?!
Егер осы кейіпкерлердің жолдарында дер кезінде ақылдасатын, сырласатын, мұңдасатын, ықылас-пейілімен моральдық қолдау көрсететін адамдар кездескенде, күндері әсіре діншілдерге түспес те еді. Қоғам суық, айтса айтқандай күлегеш. Ал діншілдер жылы-жылы сөйлеседі. Дауыстары жұмсақ. Бәрін түсінгіш, бәріне жауаптары әзір.
Ал біз ше? Біздің қоғам ше? Психологпіз дегендердің ақылы қызметтерінен, «коучтарынан» басқа не бар бізде? Тағы қанша тауқымет тартқандар бүлдіршіндерімен бірге бүркеніп, оранып кетуге шақ жүр екен? Мектеп психологтері аздық етеді бұған... Қоғамның да құлағы түрік, өзі сақ болуы қажет-ақ.
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі