30.05.2023, 11:15
Оқылды: 67

Музей – тарихтың тілі

Менің қолыма қалам алуыма белгілі журналист, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қазбек Құттымұратұлының қазақ басылымдарының қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Музей – азаттықтың айнасы» атты мақаласы («Е.Қ» 18.05.2023 №92) себепші болды.

57656301-abe5-40e2-9cb0-c521295778be

Автор қазақтың алғашқы ағартушыларының бірі – Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ «...Музей деп әр халықтың түрлі замандарынан келешектеріне мирас болып қалған дүниелерін һәм... түрлі тыйым салымдарын  аспап-құралдарын, қол өнерлерін халыққа көрсету үшін қойылған үйді айтады. ...Енді басқа халықтардағы сықылды бізде де музей ашамыз деген үміт бар»  деген сөзін келтіреді. Демек, қазақ зиялылары музейдің керектігін сол кездің өзінде ойластыра  бастаған екен.

Күні бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінің 18 филиалы болса, соның бірі – аудандағы Д. Нұрпейісова атындағы музей. Музей 1991 жылы Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 130 жылдық мерейтойы кезінде ашылып, ұлы күйшінің есімі  берілді.

Филиал орналасқан ғимараттың аумағы 150 шаршы метр ғана. Қазіргі ауқатты азаматтардың мекенжайының өзі 200-400 шаршы метр екенін ескерсек, бұл ғимаратты музейге қолайлы  деп айтуға ауыз бармайды. Оның өзі осыдан жарты ғасыр бұрын аудан  өз алдына шаңырақ көтергенде балалар кітапханасына арналып салынған үй-жай  ғана.

Филиал меңгерушісі Гүлдана Сұлтанғалиева: «Музей этнография, өнер және аудан тарихы деп аталатын үш залдан тұрады. Музейге келушілердің толастаған кезі жоқ. Ұлтымыздың қолөнер бұйымдары, өнер алыптары жөніндегі деректер, аудан өмірінің мағлұматтары, әсіресе мектеп оқушыларын қызықтыруда. Музейдің негізгі қорында – 1649, қосалқы қорда – 776, жалпы 2425 жәдігер бар. Өкінішке орай, келушілерге музейдің барлық жәдігерін толық таныстыруға мүмкіндігіміз жоқ. Себебі орнымыз өте тар. Тіпті өз қызметкерлерімізбен бас қосып, мәжіліс өткізерліктей жағдайымыз да болмай жатады», – деп қынжылыс білдіреді. Айтса айтқандай, басшының да, қосшының да отырып-тұрар орны аяқ асты аядай ғана бөлме. Оның тең жартысын техникалық жазу құралдары алып тұр. Ал қосалқы қор бөлімінің орны бұдан да мүшкіл. Ғимаратқа 2008 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің меншігіне өткенде жай жөндеу жасалған екен. Қазақшалап айтсақ, елу жылда қабырғасына балшық  тигені  сол  ғана.

Жаңақала – облысымыздағы тарихы қатпар-қатпар, шежіресі том-том киелі өңір. Музей – тарихтың тілі десек, өнерлі өлкенің, дарқан даланың уақыт жылнамасында қатталған азалы ақпарын, шуақты шақтарын, бай мұрасын баяндап беруге қазыналы орынның дәрегейі сай емес. Сондықтан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы осы мәселені құзырлы орындардың алдына қойып, ауданға қазіргі уақыт талабына сай музей үйін салса  деген тілегіміз бар. Осындай ортақ істен өңіріміздің төл перзенті, біраз жыл  руханият саласында еңбек еткен ауданымыздың жаңа басшысы да шет қалмас  деген ойдамыз.

 

Закария Сисенғали,

 ҚР Мәдениет саласының үздігі,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале