1.06.2023, 9:30
Оқылды: 54

Ескі жылдың есебі түйінделді

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды.

7172398d-9a90-41bf-ac20-3b5d2a185127

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюповтың баяндауынша, бюджеттік түсімдер жоспары былтыр 327 304,8 млн теңге сомасында бекітілсе, түзетулер мен нақтылаулар нәтижесінде 55436,3 млн теңгеге ұлғайтылып, 382 741,1 млн теңгені құраған. Әрі кірістер 103,4 млрд теңгеге орындалып, соңғы үш жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артыпты. Яғни өсу қарқыны – 123%-ға жеткен. Ал республикалық бюджеттің трансферттері мен субвенциялары 207,8 млрд теңге (трансферттер – 130,5 млрд, субвенция – 75,9 млрд, Үкімет резерві – 1,2 млрд) көлемінде белгіленсе, қарыздар түсімі – 9,9 млрд теңге. Сондай-ақ сәйкесінше шығыстар көлемі 1,5 есеге (375,4 млрд) өсіп, аталмыш қаражат есебінен 226 бюджеттік бағдарлама іске асырылған. Енді игерілмей қалған 7,3 млрд (1,9%) теңге қаражатты тарқатып кетсек, оның 2,2 млрд теңгесі автожол, 2,2 млрд теңгесі энергетика, 929,6 млн теңгесі ауыл шаруашылығы саласына және 768,4 млн теңгесі білім басқармасына тиесілі екен. Мұндағы негізгі себеп – бағаның өсуіне байланысты жобалардың түзетілуі, орындалған жұмыс актілерінің уақтылы түспеуі, битум мен инертті материалдардың жетіспеушілігінен белгіленген кестеден кешігу, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мерзімінде өтінім бермеуі, мемлекеттік сатып алудан үнем, тағысын тағылар.
Тілепберген Ерсайұлы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жалпы облыстық бюджет шығыстарының 45,9%-ын (175,8 млрд) әлеуметтік сала құрайды, оның былтырғы өсім көлемі – 11,5%. Мұның сыртында білім саласына – 146,4 млрд, денсаулық сақтауға – 5,6 млрд, әлеуметтік қамсыздандыруға – 14,2 млрд, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке 9,6 млрд теңге жұмсалған. Айта кетелік, білімге бөлінген қаржы негізінен мұғалімдердің айлығын арттыру мен қосымша ақы төлеуге және мектеп құрылыстарына бағытталса, денсаулық саласына бағытталған қаржы халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға, қажетті вакциналар мен препараттар сатып алуға, ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуге қаралған. Бұдан бөлек агроөнеркәсіп кешеніне (30,8 млрд), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және құрылысқа (28,6 млрд), автомобиль жолдарына (36,5 млрд), кәсіпкерлікті дамытуға (2,2 млрд) және қоғамдық тәртіп пен қорғаныс қызметіне (9,4 млрд) бөлінген қаражат та мақсатты пайдаланылған.
- «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейдегі банктердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, ішінара кепілдік беру, жаңа бизнес идеяларды қолдау үшін жас кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар беру бағытында да біркелкі жұмыстар жүргізілді. Сонымен бірге «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберіндегі іс-шараларды жүзеге асыруға былтыр 7,7 млрд теңге қаралса, соның 6,6 млрд теңгесі игерілмеді. Нақтырақ айтсақ, осы бағыттағы 47 жобаның 25-і аяқталып, 22-сі биылға көшті. Бұл төңіректегі басты кемшіліктер – құрылыс пен автожолдарға қажетті материалдардың болмауы, тасымалға уақтылы вагондар бөлінбеуі, мердігерлердің міндеттеме шарттарын орындамауы, т.с.с.
Тағы бір назар аударар жайт, өткен жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 130,5 млрд теңге нысаналы трансферттер қаралса, жыл қортындысында оның 8,7 млрд теңгесі игерілмеді, соның ішінде үнемделгені – 338,4 млн теңге. Нақтысы автожолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша
2,8 млрд теңге қалса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасынан 1,1 млрд, елді мекендерді сумен қамтудан 875 млн теңге жұмсалмады. Облыс әкімдігі осынау қаржының 4,8 млрд теңгесін осы жылға ауыстыруға ұсыныс жолдағанымен, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №166 қаулысы негізінде 183,1 млн теңгеге ғана келісім берілді. Қысқасы, ҚР Бюджет кодексінің 44-бабы негізінде қалған 8,6 млрд нысаналы трансферттер республикалық бюджетке қайтарылды, – деді сөзінің соңында баяндамашы Т. Қаюпов.
Қоғамдық кеңес мүшелері әп дегеннен игерілмеген қаржыларға қатысты сауалдарын көлденең тартып, бұған сол бағдарлама әкімшілері кінәлі болса, оларға қандай шаралар алынғанына қызығушылық танытты.

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, оның да көпшілік түсіне бермейтін қалтарыс-бұлтарыстары жеткілікті екен. Соны терең ұғындыра білген Тілепберген Ерсайұлы өңір басшыларының да ой-мақсаты кеңеске қатысушылармен үндестігін алға тартып, қазына қаржысын жұмсаудың өз заңдылығы барын жіктеп-жіліктеп түсіндіріп берді. Оны айналып өту мүмкін еместігін жеткізді.
Сонымен, кеңесте не көтерілді? Сол баяғы жолдың «әні», газ бағасы төңірегіндегі өңірлік айырмашылықтар, о баста бюджет қаржысын жоспарлауда жіберілетін кемшіліктер, әлін білмей, тендерге түсіп, өзін емес, өзгені сорлататындар, жайылыс пен егіннің төріне қонған ақбөкендер, тағы басқа жайларға байланысты салмағы ауыр сауалдар қойылды. Айтпақшы, былтыр санитарлық-гигиеналық тараптар қызметін қамтамасыз етуді субсидиялау үшін 28 млн 800 мың теңге қарастырылып, түрлі себептермен ол сол күйі қайтарылған. Бұл тек бір ғана мысал.
Кеңес отырысында өңірі-міздің Парламенттегі өкілі һәм депутат Абзал Құспан Ұлттық табысты әділ бөлу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы өз деңгейінде орындалмай отырғандығы туралы жуырда мәселе көтергендігі де сөз болды. Ал біздегі кейбір басқармалар қолда бар қаржының өзін ұқсата алмай отыр... Мұны да тілге тиек еткен кеңес мүшелері. Сосын жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізу де уақыт талабы көрінеді. Мәселен, елді мекені көп біздің облыс жағдайында ұлттық табыс халықтың санына емес, олар қоныстанған ауылдарға қарай бөлінсе деген ой ортаға тасталды. Сонымен бірге біздің өңірдің туристік әлеуеті жоғары екені де ұмыт қалмады. Тек Бөкей ордасы ғана емес, өзге де туризмге сұранып тұрған ауыл-аймақтар баршылық деді олар. «Бұл енді тарқатып айтар өз алдына бөлек тақырып десек, бір әттеген-айы жол бойында жөнді бір әжетхана жоқ. Қара жолдың ұзақтығы кейде межелі жерлерге жету үшін алты жүз шақырымға дейін созылады. Айтуға ұят! Мұны да құзырлы құрылымдар ескергені жөн-ау...». Несі бар, дұрыс пікір. Оны кім айтқаны маңызды болмаса керек.
Иә, осы және өзге де мәселелер талқыланған жиынды аталмыш кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ербол Салықов қорытындылады. Осылайша, былтырғы жылдың еншісіндегі есеп толық мақұлданды. Ашық пікір, сыни көзқарас, ұтымды ұсыныс алда да өз жалғасын тауып, қазына қаржысын жұмсауда ұқыптылық пен тиянақтылық қажеттігі қаперге салынды.

Бауыржан Бисенов,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале