1.06.2023, 9:45
Оқылды: 69

«Қазақ геральдикасы түбегейлі зерттелген жоқ»

Елімізде 2007 жылдан бері 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күні ретінде атап өтіледі. Биыл осы айтулы күн қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, геральдика саласының тәуелсіз сарапшысы Асылбек Байжұмаұлымен сұхбат құруды жөн көрген едік.

662c2beb-a19d-417f-9777-15aca68848c8 (1)

Асылбек Байжұмаұлы, геральдика дегеннің не екеніне тоқталып өтсеңіз. Бұл сала Қазақстанда қашаннан бастап дамып келеді?

– Геральдиканың Еуропада пайда болғанына 300 жылдан асып кетті. Геральдика – гербті зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Ол дворяндардың, герцогтардың, князьдардың, билеушілердің гербтерін зерттейтін ғылым ретінде пайда болған. Ал біздің Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға 2021 жылы ғана келді деп есептеуге болады. Геральдика ғылымының сфрагистика, нумезматика деген секілді тармақтары бар. 2021 жылы елімізде мемлекеттік хатшының тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан геральдикалық зерттеулер орталығы құрылды. Ең ғажабы, Орта Азия көлемінде, оның ішінде Қытайда, Моңғолияда, Түркияда мұндай зерттеу орталығы жоқ. Мысалы, Ресейде тікелей президентке бағынатын геральдикалық кеңес бар. Сол кеңесте 3 миллионға жуық гербті қарайды. Ал Қазақстанда мұншалық көп герб жоқ. Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұранымыз ғана бар. Бір ғана Елтаңба үшін геральдикалық зерттеу орталығын ұстаудың қажеті жоқ. Сондықтан да біз, орталықтың мамандары, тарихшығалымдар, тек гербті зерттеп қоймай, өзіміздің қазақ геральдикасын қалыптастырайық деген шешімге келдік. Яғни қазақ жерінен табылған тасқа басылған таңбаларды, белгілерді, ою-өрнектерді, теңгелерді зерттеу арқылы қазақ геральдикасын жандандырамыз. Бүгінде осы бағытта жұмыс істелуде. Тарихи таңбалардан бастап қазіргі мемлекеттік рәміздерімізге дейінгі аралықты зерттеуіміз керек. Жалпы қазақтың қолданып жүрген ат әбзелдерін, киіз үйдің оюын, ұлттық киім-кешегінің барлығын тұнып тұрған геральдика деп есептеуге болады. Осы мақсатта құрылған геральдикалық зерттеу орталығы жемісті жұмыс істеуде. Былтыр тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының бастамасымен «Қазақ геральдикасы» деген кітап, «Таңбалар тілі» атты халықаралық журнал шығардық. Бұл – Орта Азиядағы таңбалар тарихын зерттейтін жалғыз журнал. Алдағы уақытта Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірсе, зерттеу орталығы геральдиканың экспозициялық залын құруды көздеп отыр. Екіншіден, Орта Азия геральдистерінің конференциясын өткізуді жоспарлауда. Әрине, мұның барлығына қомақты қаражат керек. Бұл салаға үлкен қолдау көрсетілетін болса, Қазақстанның Орта Азиядағы геральдиканың негізгі орталығына айналу мүмкіндігі бар. Яғни геральдика одағын құру арқылы оған 25 мемлекетті қосып, шығыс, түрік геральдикасын дамыта алатындай үлкен деңгейге жетуімізге болады.

Елімізде мемлекеттік рәміздердің тарихы зерттелді ме? Олардың тарихы қайдан басталады? Мысалы, мемлекеттік Тудың тарихы қандай?

– Біздің мемлекеттік Туымыз көне ғұн елінің елтаңбасынан бастау алады. Қазір ежелгі ту, байрақтардың барлығы зерттелуде. Бұл салада Қалиолла Ахметжанов ағамыз жан-жақты еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта ғұн елінен бастап Қазақстанға дейінгі аралықтағы тулардың тарихы зерттелген фотоальбом мен тулар көрмесін ұйымдастыру жоспарда бар. Жалпы ғалымдарымыздың арасында қазақ хандығының туына қатысты әлі күнге дейін әртүрлі пікір айтылып жүр. Біреулер оның түсі көк болған десе, біреулер ақ түсті дейді. Бірі оның пішіні үшбұрышты болған десе, екіншісі төртбұрышты болған деген пікірде. Сондықтан ғалымдарға зерттеп, анықтауға біраз уақыт берілді. Нақтыланған соң, туды жарыққа шығарамыз. Біздің мемлекеттік Туымыздың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Туымыз әлемдік спорт додаларында 5 мыңнан аса көтерілген. Ғарышкер Талғат Мұсабаев Туымызды ең алғаш ғарышқа алып шықты. Одан кейін көк байрағымыз Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапары кезінде жерді 150 рет айналып ұшты. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте Қазақстанның Елтаңбасы ең әдемі герб ретінде 9-орында тұр.
Мұның сыртында мәдениет, ғылым саласының жеңімпаздары да Әнұранымыз бен Туымызды жарқыратып көрсетіп жүр. Мемлекеттік рәміздеріміздің ауторларының да еңбегі ерекше екенін айтқан жөн. Мысалы, мемлекеттік Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Жандарбек Мәлібеков – Астанада он шақты, Өзбекстанда 40-тан астам нысанның жобасын сызған өте білікті сәулетші. Ал Туымыздың авторы Шәкен Ниязбеков ағамызды 1980 жылдары Волга автокөлігін ойлап шығарған бес ғалымның бірі екенін екінің бірі біле бермейді. Сол жылдардың ортасында адамның жүрген бағытына қарай бұрылатын компьютер ойлап тапқан ғалым екенін де ешкім білмейді. Мемлекеттік Гимннің авторлары – Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов ағаларымыз да танымал тұлғалар. Олар – біздің елімізге мәңгілік мұра қалдырған азаматтар. Біз рәміздерді үнемі биік ұстап, қастерлеуге міндеттіміз.

Асылбек Байжұмаұлы, бүгінде елімізде рәміздер қалай насихатталып жүр? Оларды ұлықтаудың әдістемелік нұсқаулығы бар ма? Мысалы, мемлекеттік рәміздер туралы 4 маусымда ғана еске алатынымыз жасырын емес.

– Өкінішке орай, бүгінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау көңіл көншітпейді. Себебі 30 жыл бойы семинарлар, форумдар мен конференциялар өткізуден аспадық. Жастармен нақты жұмыс жүргізілген жоқ. Осы мақсатта мемлекеттен қаражат та қарастырылмаған. Тек бірреттік, яғни патриоттар форумы сияқты 1,5-2 сағаттық іс-шараға миллиондап қаражат бөлінеді. Сондықтан да геральдикалық орталық мамандары, тарихшы-ғалымдар, қоғам белсенділері бірігіп, Мәдениет және спорт министрлігіне «Бір ту – бір ел» деген жобаны ұсынған едік. Бұл жоба аясында қаңтар мен желтоқсан айының аралығында бүкіл Қазақстанды аралап, жастармен кездесіп, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсіндіргіміз келеді. Мысалы, 1,5 млрд тұрғыны бар Қытайдың бір ғана қызыл туы бар. Түркияның мемлекеттік туы асханада, көлік жөндейтін орындарда, тіпті мешіттерде ілулі тұрады. Қазақстанда мұндай деңгейдегі патриотизмге әлі жет-
кеніміз жоқ. Осындай дәрежеге жетуіміз үшін өте ауқымды жұмыс атқарылуы қажет. Жоғарыда айтқан жобамыз әзірше министрліктен қолдау таппай отыр. Негізі, осы жоба арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Шыны керек, мемлекеттік рәміздерді 4 маусымда еске алып, келесі күні ұмытып кететініміз рас қой. 2018 жылы елімізде Туды балконға ілген азаматқа айыппұл салынған еді. Қоғамда шу шығып, бұл мәселе Президентке жетті. Содан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Туды балконға, аутокөлікке, жер үйдің төбесіне немесе үйдің төріне ілуге рұқсат берілді. Тек оны аяққа таптап, қорлауға болмайды. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес рәміздерді қорлаған азаматтарға салынатын айыппұлдың мөлшері артты. Енді оларға 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынады. Мемлекеттік құрылымдарда рәміздердің өте нашар насихатталатынын айтқан жөн. Өкінішке орай, кейбір мекеме басшылары кабинетінің төрінде ілулі тұрған Елтаңба мен жанындағы Тудың қадір-қасиетін, қолданылу тәртібін біле бермейді. Бұған Президент әкімшілігімен бірлесіп, Шығыс Қазақстан, Павлодар және бірнеше облыстағы мекемелерді тексергенде куә болдық. Сол кезде мемлекеттік мекеме басшыларымен арнайы жұмыс істеу керек екенін түсіндік. Осыған байланысты геральдикалық зерттеулер орталығы ауқымды әдістемелік құрал әзірледі. Оны қазір министрлік зерделеуде. Егер ол бекітілсе, барлық мемлекеттік құрылымға, бюджеттік мекемелерге, университет, колледж бен мектептерге таратуға дайынбыз.

Бір сұхбатыңызда сіз «Әр облысқа жеке нышан қажет емес» деген екенсіз. Осы пікіріңіз жөнінде тарқатып айтып өтсеңіз?

– Иә, өкінішке орай, қазір әр облыс, аудан-ауылдардың эмблемаларын шығаруы өте өзекті болып отыр. Эмблеманы бірқатар азамат «төлтаңба» деп атайық, заң жүзінде рәміздер сияқты статус берейік деген секілді әңгімелер қозғап жүр. Алайда мұның барлығы дұрыс емес. Өз басым қолдамаймын. Қазақ халқы онсыз да ру-руға, жер-жерге бөлінуге бейім. Әр облыстың эмблемасы болсын, бірақ оларды «өңірлік нышан» деп қана атау керек. Мысалы, Қытай, Қырғызстанды алатын болсақ, олардың көп өңірінде эмблемалар жоқ. Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарында өңірлік нышанға байланысты туындаған шуды көпшілік ақпарат құралдарынан естіп, оқыған шығар. Сондықтан мұндай белгілер мемлекетімізге аса қажет емес. Біз алдымен өзіміздің мемлекеттік рәміздерімізді зерттеп, насихаттап алайық. Олардың қадір-қасиетін арттырайық.

Шалғайда болсаңыз да, бізбен сөйлесуге уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале