6.06.2023, 16:49
Оқылды: 120

Естеліктер сөйлесін

Адам өмірінің естен кетпейтін шуақты сәттері болады. Алаңсыз еңбек етіп, халықтың арасында болып, уайымсыз тіршілікте балаларыңды өсіріп жүретін шақтарды осы кезеңге жатқызуға әбден болады.

Сондай әдемі жылдарды Шилі совхозының 3-ші бөлімшесінде өткіздік. Ауыл-Қотантал деп аталатын. Қазақы дәстүрді берік ұстанатын, адами қасиеттердің бірлігі сақталған, сыйластық қаймағы бұзылмаған шағын ауыл.

Ауыл жанындағы қырға шықсаң тіршілігі алақанға салғандай көрініп тұратын, еңбекқор халқы таңнан тіршілікке кірісетін, көршілердің қойлары араласа қонып, тауықтары бірге жұмыртқалайтын, дастарханы жаюлы, ақ тілегі алдыңнан шығатын тамаша елді мекен.

фото

Тағдырдың жазуымен, райононның бұйрығымен он бес жылдай осынау елде еңбек еттік.

Енді тікелей мақаламызға арқау болып отырған азаматымызға көшейік. Ол-жалпы Ақбұлақ өңіріне жақсы таныс жан Жолдығали Арыстанов. Жолдығали қара торы, қайратты қара шашты, мығым денелі, ойланып жүретін, ойлап сөйлейтін, салмақты адам болатын. Ағаймен таныстығым ауылға келген алғашқы күннен-ақ басталды. Бұл 1982 жылдың жазы, дәлірек айтсақ тамыз айының басы болатын. Шағын ауыл кеңсесінде ешкім болмағандықтан аздап абыржыңқырап «қайда барам» деген ойда болғанымды қалай жасырайын. Бірінші кездескен адамнан бөлімше басқармасының үйін сұрадым. «Бөлімше управы (басқарма) менің танысым, жақсы адам»,-дегенТөлеухайыр (Хамитов) ағайдың сөзі есіме түсе кеткені.

«Ассалаумағалейкум!»,-деп кірген кезде алдымнан ақсары жүзді, толықша апай күлімдеп қарсы алды. Кейін білдім, бұл ағайдың бәйбішесі Қалдығыз апамыз екен. Сол үйдің адамындай қуана сөйлеп, төрге жетеледі. Сол жерде көзіне төменірек түсірілген көзілдірігін киген қара торы, төртпақ адам:

-Төрлет, қош келдің!,-деп орнынан тұрып келеді екен.

Кісіге сынай қарап, бастан аяқ сүзіп өтті де: «Отыр, айналайын»,-дегенде жүзінде жылылық пайда болды. Бұл ағаймен алғашқы кездесуім болатын. Соғыстың алдындағы 1932 жылы өмірге келіп, барлық соғыс кезі балаларының тағдырын басынан өткізген, қиындыққа шар болатттай шыңдалған, жоқшылық пен жетімдік көрсе де жеңілмеген жігерлі адам екен ағамыз.

Сөйтіп, ағаймен басталған таныстығымыз сыйластыққа ұласты. Аға-інідей болып кеттік. Тек жұмыс бойынша емес, туыстай араластық. Оған менің ағайдың балдызы Шоқанмен (Тәңірбергенмен), келіні Балзадамен достығымыз да игі әсерін тигізді.

Ағай Қотанталда басқарма болды. Бұл жұмыстың абыройлы да, беделді екені де белгілі. Алайда қиындығы мен күрделілігін айтып  жеткізу мүмкін емес. Ала таңнан басталатын бөлімше тірлігі түн ортасына дейін жалғаса береді, жалғаса береді.

Таңғы лездеме (планерка) өткізіп, барлық мамандарға тапсырма берілгеннен кейін жеке өзі баруға тиісті жоспарлы жұмысқа кіріседі. Ауылдың қым-қуыт тірлігі таусыла ма? Соның бәрінің бел ортасында Жолдығали ағай жүреді. Басқарма міндетін керемет атқарды. Күн-түн демей, аянбай еңбек етті. Есеп-қисапқа өте шебер болатын. Мамандығы-бухгалтер еді.

...Бірде екеуіміз қой санауға бардық. Ол кезде партия мүшелерін комиссия құрамына кіргізетін. Сөйтіп, Құрсайда жайлауда отырған қойшыларға аттанып кеттік. Қойларды бөліп дайындап қойған екен. Қағаз-қаламды алып, бөліп-бөліп санайтын болармыз деп дайындалып мен тұрмын. Ағай қойшыға: «Жібер, малыңды!,-деп бұйрықты беріп жібергенде, коридор сияқты жол етіп байланған қоршаулар арасымен қойлар ішке қарай лап қойғанда, қағаз-қарандаш жайына қалды. Жөкең сасатын емес 10,20,30,40...деп санап жатыр. 500-ге жақындап бір-ақ тоқтады. Сөйтсем, зейіні мықты ағамыз жіңішке жолмен кіріп келе жатқан малды топ-тобымен санайды екен. Таң қалдым.

Жолдығали ағамыздың жақсы қасиеттері мол болатын. Шахматты шебер ойнайтын. Көп ойланып барып кезекті жүрісін жасайтын.Әр жүрісімен ала тақтада жан-жақты шабуылдап, жағдайды күрделендіретін. Көбіне жеңіске ойнайтын.

Ал енді әншілігі бір бөлек. Жақсы көретін әні-«Айнамкөзді» керемет айтушы еді. Әнді айтарда дұрыстап отырып алып, демін ішіне терең алып бастайтын. Қолына болса ағаш тостаған, болмаса кәсе не тәрелке алушы еді.

«Айнамкөз» күрделі де дауысты қажет ететін ауыр ән. Әнді баяулата бастаған Жөкең көтеретін тұстарына келгенде қолын биігірек көтеріп, қолындағы затын шыр айналдырып отыратын. Тыңдаушыға да, көрерменге де ерекше әсер беретін.

Ағамыздың дала жайын, жер жайын жетік білуі, ауа-райын болжауы, руларды терең жіктеуі оның дана болмысын ашып, мінезін терең көрсететін. Адамдардың мінез-құлықтарын білгендігін өз жұмысында тиімді пайдаланатын еді. Біреуге жайымен айтып жатса, кейбірін әзілдесе отырып жұүмысқа жіберетін. Ал ашуланғанда жауар бұлттай түнеріп кетеді. Онысы сиректеу кездесетін құбылыс. Содан ба құрдас кемпірлер «қара бұлт» деп әзілдесетін.

Шағын мақалада елді айрандап ұйытып ұстай білген, жұмыстың сапалы жүруіне беріле қызмет еткен, ұл-қызына ақылды тәрбие берген асал ағамыздың барлық болмысын ашу мүмкін еместігін жақсы сезінемін. Ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында кішкентай ауылдың басқармасы туралы жазуда ағамыздың алдында борыштай сезініп, аз да болса соны орындауға ниеттендік.

Арыстановтар әулеті бүгінде мәуелі бәйтеректей жапырағы жайқалған, өсіп-өнген үлкен шаңырақ іспеттес. Жолдығали ағамыз мен аппақ көңілді Қалдығыз апамыздың ұрпағы, немере-жиендері, шөберелері еліміздің әр түкпірінде еселі еңбек етіп, ұрпақ қызығына бөленуде.

Қотантал еліне деген ыстық сезімін бойына берік ұстанған Жолдығали ағамыздың ұрпақтарының шығар биігі, алар асулары әлі де алда.

                                                                                                   Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы   

           

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале