7.06.2023, 17:24
Оқылды: 103

Ғалымдардың жобаларын қолдайтын байқау

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті әкімшілік ғимаратындағы залында «Ғылым қоры» АҚ өкілдері Орал қаласындағы ғалымдар мен кәсіпкерлермен (әлеуетті бизнес-серіктестер) кездесті.

БҚАТУ байқау түсіндірілді

Университеттің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры  Нұркен Ғұбашев жиынды ашып, басқосуда «Нәтижелерді коммерцияландыру туралы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет» заңының нормалары, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары түсіндірілетінін айтты.

- «Ғылым» қоры Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетінің тапсырмасы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына грант қаржысын беруге байқау жариялады. Байқау грант қаржысын беру арқылы табыс табуға бағытталған жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, өндірістік жұмыстар мен қызметтерді нарыққа шығаруды көздейді. Осы мақсатта ғылыми-техникалық және зияткерлік қызмет нәтижелерін тәжірибеде қолдануға көмек көрсетеді. Бір жобаны жүзеге асыру үшін бөлінетін қайтарымсыз гранттың шекті шамасы – 350 миллион теңге. Грант қаржысы 3 жыл мерзімге беріледі. Грант алған жеңімпаз жобаны «жандандыруға» 10-30 пайыз аралығында өз қаржысын қосады. Байқау 16 бағыттағы, яғни экономика, экология, металл өңдеу, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы жобаларды қарастырады, – деді аталмыш қордың технологияларды коммерцияландыру департаментінің менеджері Бақытжан Ратов.

БҚАТУ байқау түсіндірілді-1

Ғалымдардың сынақтан өткен ғылыми жобаларына грант қаржысын бөлетін байқау 2016 жылдан басталады. Алайда пандемияға байланысты ол 2019-2021 жылдары ұйымдастырылмай,  тек былтыр өткізілген. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері, жеке немесе заңды тұлғалар, сондай-ақ грант алуға өтінім берген дербес білім беру ұйымдары байқауға қатыса алады. Өтінімдер биылғы 1 маусымнан 30 маусымға дейін қабылданады. Кездесу барысында қатысушылар сұрақтарына қор өкілдері жауап берді.

 – Білім ордамызда жобаларды коммерцияландыру офисі Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ашылды. 2011 жылдан бері бірнеше грант қаржысы ғалымдарымыздың қолына тиді.  «Ғылым» қоры арқылы екі жобаға грант беріліп, «жанданды». Оның бірі  –  жасанды қиыршық тас өндірісі жобасы (жоба жетекшісі техника ғылымдарының докторы, профессор С. Монтаев). Жоба 2014 жылы грант алып, өнімнің үлгісін жасап шығарды. Қазір жобаны өндірістік жолға қоюға инвестор іздестірілуде. Екінші жоба – Батыс Қазақстанның кроссбредті қойларының генетикалық әлеуетін пайдалану арқылы жартылай биязы жүн мен жас қой етін өндіру (жетекшісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Б. Трайысов). Қой тұқымы өңірге бейімделген. Ақжайық қойының ет пен жүнін өткізу 100 млн теңгенің үстіне шықты. Бұл жоба бойынша өндірілген өнімдердің технологиялық көрсеткіштері және сапасы жоғары,  – деді Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің технологияларды коммерцияландыру жөніндегі сарапшы, бизнес-инкубатордың жетекшісі Гүлшат Айешева.

БҚАТУ байқау түсіндірілді-4

Өткен жылы БҚАТУ ғалымдарының екі жобасы грант алу байқауына қатысып, Ұлттық ғылыми кеңестің талқылауынан өтпей қалды. Биыл олар 15 жобамен байқауға қатысуға ниетті. Бірақ байқау талаптарына өзгерістердің енгізілуіне байланысты ғылыми-техникалық қызметтің тіркелген нәтижесінің нөмірі талап етіледі. Әзірге тек 5 жоба тіркеуден өткен. Жоғары оқу орнында 2015 жылдан бері бизнес мектебі жұмыс істейді. Биыл осы мектептің және коммерцияландыру офисінің негізінде бизнес-инкубатор құрылды. Бұл орталық  "QazInnovations" Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік " АҚ-ның инкубаторларды қаржыландыру байқауына қатысуда. Маусымда байқаудың қорытындысы шығады.  Егер байқауда қара үзіп шықса,  облыспен шектелмей,  батыс аймақтағы ғалымдарға, студенттерге, магистранттарға, оқушыларға арналған акселарациялық  бағдарламаларды өткізуге мүмкіндік алады.

 «Жобалар акселарациялық дайындықтан өтті. Нарық, кәсіпкерлік негіздеріне, технологиялық кәсіпкерлікке және коммерцияландыруға, әлеуетті инвесторлар алдында жобаны таныстыруға оқыттық. Енді олар осы және басқа да байқауларға қатысуға тас түйін дайын»,  – деді Гүлшат Аманкелдіқызы.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале