7.06.2023, 20:36
Оқылды: 25

Сайғақ келіп, сайран салды

Бүгін аудан әкімі Тимур Шиниязов Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарының иелерімен кездесіп, су тоғандарын аралады. Кездесу барысында аудан басшысы шаруа қожалықтарының мұң-мұқтажын тыңдап, киік мәселесіне де тоқталды.

IMG_9977

Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Бекежан Шарафутдинов: -Ауылдық округ бойынша 64 шаруа қожалығы бар, солардың алтауы қазіргі таңда шөп шабу науқанына кірісіп кетті. Сонымен қатар ауылға қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникалық су толтырылатын тоғандардың 23-і округке тиесілі, олардың онға жуығына су толтырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

-Биыл шөптің шығымы нашар. Бірақ құнарлығы жағынан жақсырақ. Өзім мамыр айының аяғынан бастап шөп шабуды бастап кеттім. Қазіргі таңда 80-ге жуық орама шөп дайындадым. Жаз айында барлығы 1700 орама және 5000-ға жуық бума шөп жинап алу мақсатында жұмыс атқарып жатырмыз. Биыл, былтырғыға қарағанда сайғақ та көбейіп кетті. Олар шөптің шығымына кері әсерін тигізуде. Сол себепті бар шөбімізден айырылып қалмай тұрғанда, ертерек жинап алуға қамдандық, - дейді «Степной» шаруа қожалығының басшысы Артем Присташ.

IMG_9958

Сонымен қатар осы маңайдағы «Бекзат» шаруа қожалығының басшысы Самиғолла Ниеталиевтің де пікіріне құлақ астық.

-Өткен жылға қарағанда, биыл қыс жұмсақ болды. Малымызды қыс бойы жайып шықтық. Былтыр 800 орама және 6000-ға жуық бума шөп дайындап алған едік. Шөптің шығымы былтырғыға қарағанда нашарлау. Бесқонақ кезінде біздің жаққа жаңбыр тимей қалды. Шығымы малға жақсы болғанмен,  шабуға нашарлау. Былтыр шапқан жерлеріміздің жағдайы нашар. Биыл шабылмаған жерлерден бастап шауып жатырмыз. Өзімізге мал азығын жинағаннан кейін, ауыл тұрғындарына нарық бағасынан төмен бағада сататын боламыз. Киіктердің менің жерімнен кеткеніне 2-3 күндей болды. Оған дейін 30-40 мың шамасында үйірімен жүрді. Оларды қуа да алмаймыз. Ресей елімен шекаралас жерде орналасқандықтан, арғы жағы сымдармен қоршалған. Айналғанда осы жерде жатады. Оларға шабындықты отап кетуге бір күннің өзі жетіп қалады. Жақын жердегі су тоғандарынан суларын ішіп, осы маңайда жайылып жүреді. Бір уақытта жоқ болып кетсе, кей кездері қаптап кетеді. Орама шөптерді буатын жіптің де бағасы қымбаттап тұр. Бір жіптің құны Орал қаласында 12, 13 мың теңгені құрайды. Өзіміздің елден шығатын жіптердің сапасы нашар. Сондықтан Ресей елінен жеткізілген жіптерді тұтынудамыз. Жазғы уақытта көмекшілер алмай, отбасымызбен бірігіп, мал азығын өз күшімізбен дайындап аламыз. Тек қыс мезілінде көмекшілердің көмегіне жүгінеміз. Субсидияны екі жыл да бір алып отырмыз. Құжат мәселесіне келгенде кішкене қиындау. Ауылдан облысқа барамыз, оған кемінде 2-3 күн уақыт кетеді. Осы мәселелер аудан орталығынан шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді, - деді ол.

IMG_9970

IMG_9965

Лаура Халина,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале