«Ерекше есім» айдарының бүгінгі қонағы – Бақдәулет. Естігенде «Осы күні көп кездесетін есімнің ерекшелігі қандай?» деген ой келетіні рас. Бірақ бізді Бақдәулеттің есімі емес, Көңілімқос деген тегі (фамилиясы) қызықтырды.
Жергілікті «Ақжайық» футбол клубында өнер көрсететін Бақдәулет командаға қысқы маусымаралық үзілісте қосылды. Бірден өңірге таңсық тегімен жанкүйер ықыласына ие болған жартылай қорғаушының тегі ғана емес, ойыны да футболсүйер ағайынға ұнады. Қимылы ширақ, техникасы тартымды, тепкісі тегеурінді, өзі ұшқыр қаптал ойыншысы стадионға келген ағайынның сүйікті футболшысына айналып келеді. Тіпті ол алаңға шықпай қалған уақытта трибунадан «Көңілімқосты шығару керек!», «27-ші нөмір қайда?» деген лебізді еститін болдық.
Енді көпшілікті Көңілімқос ақсақалдың немересімен жақынырақ таныстырып өтейік. Ол – Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының тумасы. 2000 жылы өмір есігін ашқан Бақдәулет қаршадайынан спортқа бейімдігімен ерекшеленген екен. Ол мектепте оқып жүргенде, әсіресе қатарластарымен футбол ойнағанда айрықша дарынымен көзге түскен. 13 жасқа толғанда Бақдәулетті мектеп жанындағы футбол үйірмесінің жетекшілері – Талғат Орынбасаров пен Марат Түсбаев ақтаулық «Каспий» футбол клубына алып келеді. Содан бері Бақдәулет Көңілімқос жасыл алаңда.
– Мен отбасымызда Көңілімқос атамыздың есімін тегі ретінде алған алғашқы немеремін. Алдымда үш әпкем бар. Олар атамның атасының атында. Мен алғашқы ұл немере болғандықтан, атамның атына жазыпты. Өзімнен кейінгі бауырларымның барлығының фамилиясы – Көңілімқос. Былайша айтқанда, атамның есімін аты-жөніне қосқандардың жол ашушысымын, – дейді Бақдәулет.
Кейіпкеріміздің атасы Көңілімқос ақсақал мен әжесі Аманқос анамыз бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Адал еңбекті өміріне өзек қылған олар – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар. Көңілімқос ата 1938 жылы жарық дүниеге көрініп, 2012 жылы дүние салыпты. Аманқос әжей – қартынан қалған шаңырақтың үлкені, немере, жиен, шөбере бағып, солардың қызығына тоймай отырады екен. Бұл күндері Аманқос әжей – Бакоштың (Бақдәулетті ата-әжесі солай еркелетеді) басты жанкүйері.
– Әжем футбол көрмейді. Бірақ сыртымнан бақылап, ойыным туралы сұрап жүретінін сеземін. Үйге барғанымда хал-жағдай біліскен соң, «Әй, Бакош, қалай, әйтеуір, жеңіп жүрсіңдер ме?» деп сұрайды, – дейді Бақдәулет.
Таланттың тасада қалмасыбанық. Алаңда ерекше ойынымен көзге түскен Бақдәулетті бертін келе еліміздің ең қабілетті жас футболшыларының басы қосылатын атақты «Қайрат» командасының академиясына шақырды. 20172018 жылдары Алатау баурайында шеберлік шыңдаған кейіпкеріміз 2019 жылы туған өлкесіне оралды. Үлкен футбол әліппесін ашуға сеп болған «Каспий» футбол клубының жоғары топқа шығуына барынша үлес қосты.
Бірақ футболшы өмірінің қызығы сол, күндердің күнінде бір кездері өзің қарсы ойнаған команда сапынан бір-ақ шығуың мүмкін. Мәселен, Көңілімқос бір кездері қарсыласы болған «Ақжайық» командасына келіп қосылды.
Ел-жұрттың өзін фамилиясы ерекше ойыншы деп емес, ойыны өрнекті, команданы алға сүйрей алатын футболшы ретінде танығанын қалайтын кейіпкеріміз Жайық жанкүйерін қуанту үшін барын салуға дайын екенін алға тартты. Сөйте тұра бәрібір оны, алдымен, мықты ойыншы деп емес, ерекше фамилия иесі деп тани бастайды екен.
– Ойын сайын алаңға шықпасам да, атымды білмесе де, жанкүйерлер қазақы фамилиямды тез жаттап алады. Көпшіліктің ондай назарына үйреніп қалдым. Кей орыстілді достарым мен бапкерлер тегімді айта алмай қиналады. Тіпті мені қазақ емес, грек деп ойлайтындар да баршылық. Өйткені тегім біреулерге гректердікіндей көрінеді екен, – дейді Бақдәулет.
Бүгіндері футболшы ретінде қалыптасқан Бақдәулет «Ақжайық» командасының жоғары топқа шығуына лайықты үлес қосуға бек ынталы. Футболдан еліміздің ұлттық командасының құрамында жасындай жарқылдауды да армандап жүр. Оның арманына жетуін жан жары Тұрсынай да қалайды, сол себепті әр ойын сайын стадионға келіп, отағасына қолдау көрсетеді. Ұлы Нұрбек өскенде әкесіндей футболшы болуды армандайды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»