12.06.2023, 11:00
Оқылды: 39

Еңбекпен есейген Есенбай

Елімізде еңбекпен есейген, саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған жандар баршылық. Халқымыз ежелден жас ұрпақты аянбай еңбек етуге баулып келген. Қарапайым халықтан шығып, өзінің табан ақы, маңдай терімен еңбек еткен азаматтардың бәрі де жастарға үлгі. Сондай жанның бірі - Талпын ауылының тұрғыны Есенбай Мусин.

IMG-20230612-WA0020

Әмбеге аян, қазақтың тұрмыс-салты төрт түлік малмен тығыз байланысты. Әсіресе, ілкіде көшпенді өмір сүрген халықтың әлеуметтік жағдайы қорасындағы мал санымен өлшенетін еді. Жаз - жайлауда, қыс  - қыстауда мал басын аман сақтап қалған жұрттың еңсесі биік, мақсаты айқын. Себебі, «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дегенді құлаққа құйып өскен елміз.

Кейіпкеріміздің ата-анасы Төлеген аға мен Роза апа кезінде мал бағып ауылдың «Үздік шопаны» атанған деседі. Өте еңбекқоржандар болған. «Мал баққанға бітеді» дейді дана қазақ. Адам баласы кез келген кәсіпке барын салса, нәтижесі де көңілге қонады. Әсіресе, мехнаты көп атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту әуелі тәуекелді қажет етсе, екіншіден тынымсыз еңбекті талап етеді. Мінекей, Есенбай Төлегенұлының да қарапайым еңбек адамына тән мінез бар. Бала күнінен еңбекпен есейген, шопан болып қызмет еткен әкенің тәрбиесін көрген.

-1978  жылы Талпын ауылында дүниеге келдім. Туған жерімдегі мектептің табалдырығын аттап, сол жерден орта білім алдым. Отбасында алты баламыз. Ата-анам бәрімізді шаруаға үйретіп, қандай да болмасын жұмысты тыңдырымды істеуді бала кезімізден бойымызға сіңіріп өсірді. Он екі жасымнан бастап әкемнен қамшы өруді үйрендім. Мәселен, төрт, сегіз өрме, жылан бауыр  секілді түрлерін білемін. Қолым қалт еткенде қамшы өремін, - деген Есенбай аға әңгімесін әріден бастады.

IMG-20230612-WA0022

Мал демекші, шыны керек бүгінгі таңда мал бағатын адамның жоқтығы ауыл тұрмақ, еліміздің өзекті мәселесіне айналды. Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстап қалар малшы қалған жоқ деуге болады. Осы мәселе ауыл тұрғындарымен өткен жиналыс барысында жиі көтеріледі.

- Бұрын «Бақыт» шаруашылығында мал бақтым. Енді ауылдың малын бағып жүргеніме екі жылдай болды. Бұл істің де өз қиындығы бар. Ен далаға барып мал бағу оңай емес. Мысалы, жауын-шашыны бар, далада төлдеп қалады, оларды көтеріп әкеліп иесіне аманаттау, кейде жоғалып кетіп, іздейсіз, міне, осылардың барлығын жіті қадағалап жүру керек. Осындай машақаты бар жұмыстың астарында малшының маңдай тері жатыр. Ал оны халық түсіне ме? Шаруасы шаш-етектен, ал табысы аз болғандықтан, көбінесе қаржы жағынан келіспеушілік болып қалады. Сол себепті, қазір малшы табу қиын. Өзім ауылдың 250 бас табынын басына 1100  теңгеден бағып жүрмін. Озық технологияның заманында малды атпен емес, мотоциклмен қайырамын. Жастар қазір ат тізгіндеп, мал бақпайды. Бір жағынан дұрыс, білім алып, оқу оқығаны да жақсы, - деген  кейіпкеріміз әр істе де еңбектену қажет екенін тілге тиек етті.

Есенбай аға мен адал жары Ажар апай екеуі - бес бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасы.

 

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале