13.06.2023, 9:30
Оқылды: 47

Табиғат байлығын тиімді пайдалану керек

Облыстық мәслихатта аграрлық және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша құрылған  тұрақты  комиссияның отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев, мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, шақырулы басқарма басшылары, аудан әкімдері, қоғам белсенділері және аталмыш комиссия мүшелері қатысты. Жиын тізгінін ұстаған  Мұрат Рахметұлы  күн  тәртібіндегі үш мәселемен таныстырып, алдымен, күйіп тұрған киік мәселесін талқылауды  ұсынды.

туракты комиссия отырысы2

Бірден сөздің ашығына көшсек, соңғы жылдары өңірі-міздің оңтүстік аудандарында жайылым мен шабындыққа һәм егінжайға қатысты дау-дамай өршіп тұр. Бұған басты себеп – ақбөкендер қарасының жыл санап артуы. Сонау кеңес дәуірінде облыс аумағында киіктер 50 мың мен 150 мың аралығында өрсе, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында құралайымыздың басы 300 мыңға көбейіпті. Қазіргі күні әуе санағы бойынша тіркелген дала еркесі 1 млн 130 мың шамасында болса, биылғы төлімен 2 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Ал ғалымдардың биологиялық не-гіздемесіне сүйенсек, біздің аймақтағы жезтұяқ саны 500 мыңнан аспауы керек. Ендігі басты мәселе – соны реттеу. Әзірше аталмыш толғақты тақырыптың тіні тарқамай тұр. Бұл күнгі жиынға қатысушылар нендей шешімге келді, ол туралы сәл кейінірек.

Алдымен, облыс басшысының бірінші орынбасары Ержан Балтаев баса айтқан жайларды сараласақ, биыл қар суының түсімі де, көршілес Ресей елінен келген тіршілік нәрінің көлемі де анағұрлым артқан. Мұны цифр тілімен өрнектесек, қар ерітіндісінен 800 млн текше метр су түссе, бұл көрсеткіш былтыр 50 млн текше метрді құрапты. Бұдан бөлек республикалық бюджет қаржысына 140 млн текше метр Еділ суы алынып, ол Қараөзен мен Сарыөзенге құйылған. Көлтабандардың да «көңіл күйі» жаман емес, жылдағыға қарағанда төсегі қалың. Алдағы негізгі міндет – қолда бар су қорының көлемін әлі де нақтылап, оны ұқыпты пайдалану әрі жайылымдарға жүйелі шығарып отыру. Жасыратыны жоқ, кейбір құмды аймақтарда ол жерге сіңіп кетуде. Бұған жауапты құрылымдардың қырағылық  танытқандары  жөн.

Ержан Талғатұлы одан әрі киік санын реттеуге байланысты өз ойымен бөлісті. Ел-жұрттың, әсіресе жаз айларында шаруа адамдарының мазасыздануы орынды екенін, олар үшін алдағы қысқа қажетті мал тамағын уақтылы және сапалы күйінде дайындап алу басты мақсат саналатынын  жеткізді. Әрі биыл мал азығын дайындаушыларға жеңілдетілген бағадағы  жағармай беру ережесі бекітілгенін, ол электронды тапсырыс арқылы жүзеге асырылатынын  мәлімдеді.

– Жалпы жабайы аңдар мен жануарлар республикалық меншікке тиесілі болғандықтан, оған қатысты мәселе де жоғары құрылымдар, яғни құзырлы министрліктер арқылы шешілуі тиіс. Бұл қазіргі күні көптің бас ауруына айналған ақбөкендерімізге де қатысты. Әрине, қызыл кітапқа енген киелі жануардың көзін біржола құртып жіберуді ешкім қаламайды. Десек те  оның өсіп-өнуін жіті қадағалап, өңір экономикасы мен экологиясына тигізер зиянын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтсақ, 1984, 1988 және 2010-2011 жылдары тиісінше 100 000, 164 000 және  12 000 бас киіктің пастереллез  ауруынан қырылғаны жөнінде дерек бар. Сондықтан негізгі тіршілік көзі төрт түлік малы саналатын ауыл адамдарының жанайқайы орынды. Өріс те, ішетін су да бір дегендей...

Иә, мәселе күрделі. Солай екен деп қарап отырған ешкім жоқ, жұмыс жүріп жатыр. Мұны осы жиынға қатысушылар да, халық қалаулылары да жақсы біледі. Жуырда облыс орталығында шетелдік сарапшылардың қатысуымен арнайы басқосу өтіп, оның 27 мамырда Астана төрінде жалғасқаны көпке мәлім. Осы іске жанашырлық танытып жүрген жерлестеріміздің бірқатары онда не айтылғанын өз құлақтарымен естіп келді. Қозғалыс бар, енді халық соның нақты нәтижесін көруге асық. Бүгін де ұсыныс-пікірлеріңізді ортаға салыңыздар, бірлесе іс-қимыл танытуға әзірміз, – деген Ержан Балтаев кейбір сауалдарға тұшымды жауабын  да  қайтарды.

Жиында оңтүстік аудандарға шоғырланған сол баяғы киік пен жазғы мезгілде қат дүниеге айналатын жанар-жағармайға қатысты БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы Нұрлан Рахымжанов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин қосымша хабарлама жасады. Олар да өз қызметі шеңберінде біраз дерек-дәйегін келтіріп, бірқатар өзгеріске де тоқталды. Мәселен, шөп дайындау үшін арзандатылған дизель отынына қол жеткізгісі келгендер енді өздері мемлекеттік сатып алу порталына өтінім береді. Бұл бастаманың қаншалықты өміршеңдігін уақыт деген әмірші айқындайтын  болады.

Келесі кезекте Қамыс-Самар аумағындағы жайылымдарға су жеткізу жайы қозғалғанда, комиссия отырысының «қызуы» бірден көтеріліп жүре берді. Обалы нешік, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының жас басшысы Рауан Құсайынов жиналғандарды біраз мәліметтен құлағдар жасап, өз уәжін алға тартқанымен, бұл іс-әрекеттер қоғам белсендісі, жергілікті сарапшы-ғалым, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаровтың көңілін көншітпеді. Осынау жұмысты бүгешігесіне дейін зерделеп, оған шығындалатын қаржы көлемін де, судың мөлшерін де күнілгері есептеп, қойын дәптеріне түртіп жүрген азаматтың өз айтары бар. Айтпақшы, бұ кісінің осы киік пен суға қатысты түйткілді көтерген «Киікке су көзін табу – кезек күттірмейтін міндет» атты ауқымды сұхбаты «Орал өңірінің» биылғы 6 маусымдағы №45 санында жарияланды. Онда көп нәрсені саңырау естіп, соқыр көретіндей етіп, әр сөзін нақты дәлелдермен шегелесе, мұнда да сол ойын ұштай түсті. Оны қайыра тізбелеудің реті болмас. Тек бұл тақырыпқа келгенде өзгелер де белсенділік танытып, ой-талқының қазаны бұрқ-сарқ қайнағанын қайтерсің?! Аттары аймаққа жақсы таныс, өңіріміздің тыныс-тіршілігін жіті білетін Қазыбай Бозымов, Алдияр Халелов, Ербол Салықов және басқалар бұл жолы ащы да болса, айтарын ашық айтты. Сол қатарда киіктен бұрын халықтың қамын ойлау, солардың шаруа-жайына қарасу, су көздерін бір орталықтан басқару, шөп шығымдылығы төмен аудан-ауылдарға тиісінше шефтік көмек ұйымдастыру, қазіргі қолда бар тіршілік нәрін ұтымды һәм ұқыпты пайдалану, судың 30-40%-ына дейін «жұтып» жатқан ескі каналдарды жөндеу, қолжетімді бағамен жанармай қорын жасақтау, тағысын тағы мәселелер бар. Дұрыс-ақ! Ауылдың амандығы – елдің амандығы.

Енді тобықтай түйінге келсек, ұстаз-ғалым, профессор Қ. Бозымовтың төре сөзі төрге озғандай. «Бәрі дұрыс, мәселе орынды көтеріліп жатыр. Бұл әңгіме бұрын да айтылды, ертең де қозғалады, келешек мінбесінен көрініс табуы да ғажап емес. Менің тұжырымым, табиғат байлығын тиімді пайдалану үшін, яғни киікке қатысты арнайы заң керек. Қазір ешкім де жауапкершілікті мойынына алғысы жоқ. Бұл жұмысты Сенат, Мәжіліс депутаттарымен бірлесе қолға алғанда ғана бір нәтижеге қол жетер деген үміт бар».

Осы сөзге өзгелер де ұйып, өңірімізге, алдымен, тиісті министрліктердің өкілдерін шақырып, мәселені жергілікті жерде талқылап алуды да ұмыт қалдырмады. Ал шуы көптеу болған Қамыс-Самарға су жіберу жайы қайта бір пысықталу қажет деген ұйғарым жасалды. Құзырлы құрылымдардың нақты шешімі болса, «Қазсушар» мекемесі «шүмектің» аузын бүгін ашуға да дайын екендіктерін аңғартты.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале