13.06.2023, 9:45
Оқылды: 26

Дәрігер Дәурен

Облыстық аурухана кешенінің офтальмологиялық бөлімі. Медицина саласы менің тақырыбым болмаса да, бір сыйлас інішектің «Облыстық ауруханада дәрігерлік шеберлігі өз алдына, ұлттық, азаматтық келбеті ерекше жан бар...» деген бір-ауыз сөзімен әлгі адаммен жүздесуге келе жатқаным. Оның үстіне, жақында ғана алыс ауылдарға барып, жұрттың көз дәрігеріне көрінуге зар болып, қиналып отырғандарын естіп, біліп қайтқаным тағы бар...

39ecd543-0b09-4d5a-a2b8-a70619c90e46

Сонымен, дәрігердің түске дейін жасайтын төрт операциясы барын,  содан босаған соң бір-екі сағатқа жолығып кетуге болатынын алдын ала келісіп, белгіленген уақытта кіріп бардық. Алдымнан шыққан дәрігерге қарасам, Дәурен! Кәдімгі  «Үміт» гимназиясының алғашқы шәкірттерінің бірі, өзіміздің кіп-кішкентай Дәурен. «Кіп-кішкентайым» не, қазір ол мына аумағы атшаптырым  офтальмология бөлімінің білдей меңгерушісі, дәрігер-микрохирург Дәурен Ермұханбет!

Ол да, мен де абдырап, күлімсіреп тұрып қалыппыз. Мен бұл Дәуреннің қай Дәурен екенін білмей келгем, Дәурен болса, неге екені белгісіз, журналист дегенге «ер адам келеді екен» деп күтіпті. Сәлден соң-ақ, Дәуреннің кабинетінде арқа-жарқа әңгімеге  кірістік.

...Тасқала ауданынан келген, осы бір сабағына да тастай, мақсатшыл бала есімде қалып қойыпты. Жанұядағы жалғыз ұл, анасы мұғалім, әкесі дәрігер. Әкесінің келгенін көргенім жоқ, ал  анасы гимназияға да, жатақханаға да жиі соғып, қадағалап жүретін. Ақыры, бір жыл және бір тоқсан оқытты да, «гимназия жақсы-ау, бірақ спортзалдарың жоқ, баламның бойы өспей қалады» деп, қаладағы №11 дарынды балалар мектебіне алып кетті. Сондағы ішімнің удай ашып, ертеңіне таңмен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауына кіргенім, көзімнің жасы мөлтілдей жағдайды баяндап, спортзал салдырып беруін сұрағаным әлі күнге көңілімде сайрап тұр. «Спортзал келесі жылы салынды, бірақ сен оралмадың...» – деймін өкпелеген баладай әзілдей бұртиып. «Мен ол кезде кішкентаймын ғой, неге басқа мектепке ауысуым керек екенін түсінген де жоқпын, дос балаларымнан ажырағым келмей қиналсам да, амал жоқ, бұйрыққа бағынып кете бардым. Ауылдағы гимназия мен қаладағы дарындылар мектебінің арасында біраз айырмашылық бар екен, өзгеруге, жаңа тәртіпке үйренуге тура келді», – деп күледі шәкіртім. - «Үміттің» қазақ, ағылшын, орыс тілі пәндерін оқытуы бөлек еді ғой. Сондағы аз ғана уақыт ішінде алған базалық білімімнің арқасында, мына мектептен орыс тілінен республикалық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанып келгенім бар. Ағылшын тілінен де қиналғаным жоқ, біраз озып кетіппіз... Тіпті, ағылшын тілінің маманы болғым келіп, соның оқуына түсуге дайындалып та жүрдім 11-сыныпқа келгенше...».

addb4dc9-6347-48e6-8cbe-1c7daa131abe

Сол баяғыша еркін сөйлесу... Үндесу... Журналист пен кейіпкер екенімізді  жайына қалдырып, сұрақ қою, жауап беру дегенді де керек қылар емеспіз.

Сонымен, Дәурен 11-сыныпқа келгенде ағылшын тіліне барам деушілердің көп екенін көріп және мамандықтың не беріп, не қоярын екшеп, ойланып отырып, таңдау пәніне биологияны алады да, медицина институтына баруға бел байлайды. Сөйтіп, Ақтөбе медициналық институтына түсіп, хирург-офтальмолог мамандығын алып шығады. Бала кезінен білетін кейіпкермен сөйлескен рақат екен, көмейге келіп қалған сұрақты ойланбастан қойып кеп  қаласың:

– Осы медицинскийде әуелі жалпы медицинаға бір оқытып алып, кейін тағы профильге бөле ме, қалай өзі? - деймін, шынымен біліңкіремейтін нәрсемді ұғып алғым келіп.

– Үш жыл «Емдеу ісіне» оқытады бәрін, содан кейін қабілет-бейіміне қарай бөледі. Мен 6 жыл хирургтікке, одан соң бір жыл микро-хирург, офтальмолог профиліне оқып шықтым, – дейді шәкіртім биязы жымиып.

Диплом алып келген соң да жұмысқа орналасудың оңай жолын іздеп әуре болмапты Дәурен. Облыс медицинасында орны бар болса да, қатал әке «Я за тебя просить не буду кого-то...» деп бірден кесіп айтып, баласының өз жолын өзінше бастауын қалайтынын аңғартқан. «Я и не хочу, чтобы  просили за меня» деп жауап беріпті әкеге тартып туған ұл. Сонымен, жас маман өзі тірлік етіп, қалалық №4 емханаға жұмысқа орналасады. Жалақы аз. Бір ғана жұмыспен қалада жанұя асырау мүмкін емес. Дәурен де басқа әріптестері сияқты бірнеше жерде қосымша еңбек етеді. «Облыстық әскери комиссариат, медколледж, №4, №6 емхана – төрт жерде графикпен шапқылап жүргенде  көздеріне түстім бе екем, әйтеуір, облыстық ауруханаға қызметке шақырылдым. Мұнда ауыстырарда «Басқа жерлердегі қосымша жұмыстарды доғарасың» деген шарт қойылды.№4 емханадан басқасын тапсырдым, ал  ол участоктағы ұжымға  «Қайда жүрсем де, осыннан қол үзбеймін» деген уәдем бар еді,  сол үшін аптасына екі рет барып, жұмысымды жалғастырып келемін.  Халқы таныс, үйренісіп кеткен соң, оларға көмегің қажет екенін көріп тұрған соң, қалдыруға қимайсың, шынында.

Біз ұзақ әңгімелестік. Он жылдан аса тәжірибесі, машығы, сенімі бар, жылы жүзді, кең жүректі азамат-дәрігерді көріп отырмын. Жанарына жарық дүние сыйлап жүр ол адамдардың. Соның ішінде  «катарактаға»  (көзге шел түсу)  аптасына 30-40 ота жасайды екен. Тас соқыр (глаукома) ауруына шалдыққандар да шипасын осы дәрігердің қолынан табуда. «Катаракта негізінен жасы ұлғайғандықтың дерті. Ал бірақ  45-50 жастар  шамасында көзге ақ түссе,  ол басқа бір аурудың  немесе дәріні көп ішудің, дұрыс тамақтанбаудың белгісі. Жалпы, көздің шамалы көруі көбіне тұқым қуалайды. «Дер кезінде қаралмайды, асқындырып жібереді» деп кінәлап жатамыз адамдарды, бірақ олардың қаралғысы келсе де, дәрігер таба алмайтыны да бар емес пе? Шалғай аудандардың көбінде көз дәрігері жоқ. Жас мамандар алыс аудандар түгілі, қалалық емханаларға барғысы келмейді. Бірден орталық аурухана, жоғары жалақы болғанын қалайды. Неғұрлым төменнен бастап, лауазымды қызметке тәжірибе мектебінен өтіп келгеннің өз жұмысында қаншама пайдалы екенін түсінбейді ғой. Жас маманды тіпті халықтың өзі де қолдап, көмектескісі келіп тұратынын сезінгеннен жаныңа қанша қуат алып, мамандығыңды қадірлей түсесің. Арман көп.

«Где родился, там  пригодился» дегендей, бар білімімді, білігімді осы өз өлкемде, туған жерімде елімнің игілігіне жұмсай бергім келеді... Иә, дәрігер жолы – киелі жол. Қаншама сындардан өтіп үлгірген, тыңдап отырсам. Қаншама рет тосын жағдайлардан сырқаттың жанарын сақтап қалған. Әсіресе, қызының балыққа лақтырған қармағы айналып келіп көзіне қадалып, қабағын тесіп шыққан әкеге жасаған, інісі желкесінен итеріп қалғанда, қолында теріс ұстап отырған шанышқысы көзінің алмасына кірш етіп кіріп кеткен кішкентай қызға жасаған оталар туралы әңгімесін естіп отырғанда шыдаудың өзі қиын. Екеуінің де көздерін зақымнан аман сақтап қалған. «Тіпті отаның орнында тыртық та жоқ, ол трагедия болмаған да сияқты. Сондай ерекше жағдайларды қойындәптеріме жазып жүруші едім естелік үшін, бір жағдайда көліктің ішінде өртеніп кетті... Бөлім меңгерушілігі – жауапты қызмет, сонымен бірге жаңаша бір нәрсе істеймін деген адамға мүмкіншілік те жоғарылау. Жастарға білгеніңді үйретіп, жетекшілік етуге, ізденіске жағдай жасауға болады,» – деп сырын ақтарды апайына дәрігер  Дәурен.

Ақыры келіп тұрған соң, ондай жоспарым болмаса да, облыстық офтальмологияның жай-күйімен таныса да кеткім келіп, «көзді тексертіп алу» ұсынысына да көне салдым. Сөйтсем, біраз мүмкіншіліктер бар екен. Әріптерді алыстан бір-бірлеп көрсетуден бастап, көздің қан қысымын өлшеу, УЗИ-ға түсіру, толып жатқан зерттеу жабдықтары бар. Тек қана  компьютерлік томография аппараты әзірге  жоқ, ондай зерттеуден сырқаттар  «Талапқа» барып  өтеді екен. «25 миллионға біз алған аппарат не, Дәурен Сағынғалиұлының өзі қойған диагнозы не, айтқаны 100 пайыз дәлме-дәл шығады да тұрады» деп күледі ондағы томографияға түсіруші орыс келіншегі құрметі мен таңырқауын жасыра алмай. Маман жайлы маманның аузынан осындай жылы лебіз, жоғары баға естіген қандай жақсы! Дәрігер Дәуренге ақ жол тілеп, және жанұясына (жолдасы Аяжан Аслямова да «Үміттің» түлегі.

Ол – санитарлық-эпидемиялық саланың дәрігері,  облыстық «Спидке»  қарсы күрес орталығында қызмет атқаруда) дұғай-дұғай сәлем айтып, жадырай қоштасып ұзай бердім. Ризашылық пен мақтаныш сезімі қатар қалықтап, кәрі Оралдың көшесінде менімен бірге келе жатыр. Ұстаз, шәкірт, қоғам арасындағы ұлы байланыс бұл күні осылайша бір жарқ етті! Жарқырай бергей.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті  қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале