Бүгін Рухани орталықтың мәжіліс залында жауыр болған киік мәселесіне қатысты жиын өтті.
Аталмыш жиналысқа «БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Қайрат Қадешев, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының басшысы Ұлан Мамырбаев, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева, ветеринарлық инспекция басшысы Еділхан Жукеев, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық иелері және ауыл тұрғындары қатысты.
- Аудандарға шығу барысында киіктің мекендеген жері Казталов және Жәнібек аудандарында болдым. Орал қаласында әкімдікпен кездесу жиынында мал, егін шаруашылығымен айналысып отырған адамдардың өкілдері қатысып, шаруа қожалық иелерінің аттарынан өз ой-пікірлерін ортаға салды. Астанада мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен жиында біздің облысымыздан сайланған депутаттар қатысып, сіздердің көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңызды қойып, мәселелеріңізді көтерді.
Ресей өңірінде киік қызыл кітапқа енген болса, бізде белгілі бір уақытқа аулауға тыйым салынып отыр. Алдыңғы жылдары бес жылға ұзартқан болса, биыл тек 2024 жылға дейін ұзартты. Оны реттеудің өзі нормативтік құқықтық актілерге тіреледі. Ғылыми-биологиялық негіздеменің аясында зерттеу институттары жұмыстанып жатыр. Қанша бас реттелетіні болашақтың еншісінде, - деді Қ.Темірғалиұлы.
- Резерват ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша құрылған. Сол қаулы бойынша резерваттың ең бірінші міндеті – өзінің құқықтық шеңберінде Қазақстан Республикасында биологиялық алуан төлдерді сақтап, қорғау, оны молайту. Оған резерват аумағындағы жан-жануар, жәндік секілді барлық тіршілік иелері кіреді. Осы жылдың аяғына дейін материалдық техникалық базаны 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Оны қамтамасыз еткеннен соң бізде ең бірінші қойылатын мәселе – су мәселесі. Біздің басты міндеттеріміз – резерват және Ащы өзек қаумалының аумағында Жайық гидрологиямен бірлесіп су көздерін тауып, көбіктерді жасау. Көбіктерге белгілі бір сандағы киіктерді шоғырландыру. Сол жерде биотехникалық шаралар жүреді. Биотехникалық шараларға шөп өсіріп, көгалдандырып, болашақта өніп алып қысы-жазы бір жерде резерват аумағында ұстап қалу. Қазіргі таңда шамамен 25-30 пайызға ғана материалдық техникалық база жабдықталды, - деді Ұ.Жұмаханұлы.
Одан әрі шаруа қожалық иесі Біржан Айғалиев және басқа да шаруалар киік мәселесіне қатысты сұрақтарын қойып, наразылықтарын білдірді. Көп адамның мәселесі шаруалардың мемлекеттен жалға алып отырған жерін киіктердің отап кетуі. Шаруалар малдарын қайда жаярларын білмей дел-сал болуда.
Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Қобылан Мұхамбетов аудан аумағында өлген киіктердің өлекселерін жинаған жерлестердің бірнеше жылға темір торға тоғытылғандарын айтып, одан қалса солардың мемлекетке бірнеше миллиард қаржы айыппұл төлеуге мәжбүр екендіктерін жеткізді.
Өз кезегінде Қайрат Қадешев пен Ұлан Мамырбаев сұрақтарға жауап беріп, алдағы уақытта жасалатын көбіктердің координациясын көрсететіндерін, мемлекеттік инспекторлар мен өзінің байланыс нөмірлерін қалдыратындарын, айтылған мәселелерді шешуге жұмыстанатындарын айтты.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz