14.06.2023, 10:45
Оқылды: 84

Тоқсан жылда толысқан Теректі

2023 жыл теректіліктер үшін мерейлі жыл. Биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толды. Мерейлі датаға орай біз мұрағат мәліметтеріне, әр жерден тырнақтап жинаған жазбаларға сүйеніп, аудан тарихына шолу жасап келеміз.

1 арка теректи

 

Темір жол бойы

Теректі ауданы қалыптасып  жатқан кезде  темір жол тарту қатар жүріп жатты.

1934 жылы Алғабас бекеті құрылды.

темир жол алгабас вокзал

1933 жылы алғашқы рельстер тартылған жерде уақытша, асығыс салынған барақтар мен шатырларда тұрған темір жол салушылар бір жылдан соң үй-жай сала бастады. Жергілікті тұрғындар «казарма» деп атаған сол үйлерде күні бүгінге дейін теміржолшылар тұрады.

Алғабас бекеті сол кезде бөлімшесі Илецкте орналасқан Орынбор темір жолына тиесілі болған. Тек бертін келе, 60-жылдары ғана бөлімшесі Оралда орналасқан Ақтөбе темір жолына берілген.

1936 жылдан бастап Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен темір жол салуға адамдар ағылып келе бастады. Соның ішінде Тамбов қаласынан отбасымен көшіп келушілер көп болған.

Темір жол іске қосылған соң, 1939 жылы вокзал салынды.

Аудандағы Магистральный ауылы да осы темір жол салынуына байланысты қалыптасқан деседі.

Ауылдың тарихын байырғы тұрғыны Николай Петрович Киянский айтып берген.

«Өзім 1937 жылы осы жерде дүниеге келдім» деген ол алғашында бұл жер «Семнадцатый» деген разъезд болғанын айтқан. Темір жол салушылар баспана тұрғызып, қоныстана бастаған. Олар салған казармада 4 жылдық орыс тілді мектеп ашылып, маңайдағы Ақсуат, Пойма, Әйтиевтен орысша оқитын балалар қатынап оқыған.

Бұл разъезді бекетке айналдыру туралы да жоспар болған. Дегенмен,  разъезд темір жол көпіріне тым жақын жатырған соң бекетті сәл әрегірек орналастырған.

Жайық (Яик) бекет ретінде 1936 жылы құрылған.

Аралық,  IV сыныпты, қабылдау-жолдау нүктесі болған бекет 1937 жылдан бастап жолаушы тасымалдау қызметін атқара бастады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Теректі ауданы аумағындағы темір жол бекеті – Жайық арқылы майданға азық-түлік, керек-жарақ жөнелтілді. Соғысқа аттанған солдаттарды да осы жерден шығарып салатын.

Тың игеру жылдары, одан да бертінде Пойма, Алғабас бекеттерінде салынған элеваторларға бидай сақталып, тек Қазақстан емес, басқа да жерлерге темір жол арқылы жөнелтілетін.

Кезінде халық шаруашылығының күре тамыры болған темір жол ауданның  экономикалық қалыптасуына оң әсерін тигізді.

Бүгінде Алғабас пен Жайыққа та  темір жол құрылымындағы маңыздылығын жойған жоқ.  Теміржолшылар бригадасы күн сайын, қысқы суық пен аптап ыстыққа қарамастан, магистраль бойлап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 

Дуана

Теректі ауданы құрылғанына  90 жыл толды дегенмен, аумақтағы елді мекендер тарихы жүз жылдан астам екені сөзсіз.

Мәселен, 1929 жылы қой совхозы болып құрылған Шөптікөл ауылы, сол жылы «Ыждағат» колхозы болып ұйымдасқан Абай ауылы, 1927 жылы алғаш коммуна құрған Ақсоғым ауылының жылнамасы сол жылы басталмаған болар-ау.. Тізе берсек, тамырын кеңес үкіметі орныққан жылдардан да әрі тартатын ауылдар көп.

Дуана

Ежелден ел қонған Дуана, Шағатай, Сатым шеген, Тасан шеген, Қызылжар, Құтсыйық деген мекендер сол ескіден жеткен атаулар. Әрқайсының атауында тарих жатыр.

Шалқар округіндегі Дуана ауылының атауы жайлы жергілікті қариялардан естігенім:  Шалқар көліне жақын қонған осы ауылда бір кездері сопылыққа бет бұрған бір жан болған-мыс. Есімі ел есінде қалмапты. Дегенмен, өз-өзімен беталды кетіп, жаһан даламен сырласатын, намаз оқыр уақытта оқшаулануды жаны қалайтын сол жанды ауылдастары «диуана» дейді. Қоныс жерін де «Диуананың ауылы» деп атап кеткен. Жылдар өте келе «Диуана» атауы өзеріп, атауға жеңіл «Дуана» болып кеткен-мыс.

ауылдар дуана

Дуанада 1928 жылы Манатау колхозы құрылған. Колхоз басқармасы Ғали Рахымжанов деген азамат болыпты. 1950 жылы колхоз іріленіп, «Құмқұдық» және «Жарқан» шаруашылықтары қосылды.

1971 жылдан бастап бұл ауыл Ленин колхозының №2 бөлімшесіне айналды.

Дуананың қазіргі жағдайына келсек, ауылда адам азайды. Кезінде қайнап тұрған ауылда отыз шақты түтін, жүзден аса тұрғын бар. Ауыл адамдары күн көрісін малмен айырады. Жастар тұрақтамай, мектепте бала саны азайып кеткен. Ауыл халқы жабылып қала ма деп алаңдаулы отырған Шайхы Онашев атындағы мектептің жасы 100-ге тақап қалды.

1927 жылы Дуанада бастауыш мектеп ашылып, 1929 жылы ғимараты тұрғызылған. 1932 жылы мектеп жанынан колхозшы балаларына интернат салыныпты.1962 жылы Дуана сегіз жылдық мектепке айналды. Былтыр осы жерде қожалық ұстап, ата кәсіппен шұғылданып отырған азамат – Манат Лұқпанов ауылға жас отбасыларды тарту әрекетін жасады. Көшіп келген отбасыға үй беремін, мал саламын алдына, жем-шөппен де көмектесемін деген. Өкінішке орай, шағын ауылға келуге ынталы жастар әзірге табылмай тұр...

 

Қазақтың ақбасының бесігі

Теректі ауданының  ғасырға жуық  тарихында жылнамасын үзбеген шаруашылық – Аңқаты асыл тұқымды мал зауыты.

1932 жылы Чапаев ет совхозының фермасы негізінде №456 ет шаруашылығы болып  құрылған совхоз  1963 жылға дейін көпбейінді болды. Ірі қарамен қатар қой, жылқы, түйе, шошқа өз алдына, тіптен үй қояны да өсірілген совхозда қазақстың ақбас ірі қарасын қалыптастыру және жетілдіру сол жылдары қолға алынды.

ак бас

Жергілікті салмағы төмен, жетілуі нашар малды асылдандырудың алғашқы нәтижелері төмен болғандықтан 1933 жылы шаруашылыққа Уругвайдан 18 герефорд тұқымды бұқа әкелу ұйғарылды. Сол жылдан селекциялау жұмысы басталды. 1939 жылы 10 герефорд бұқамен қатар 114 бас қашар әкелінді.

Жергілікті ірі қара мен герефорд тұқымды шағылыстыру арқылы ұзақ та ізденісті жүрген жұмыс нәтижесін берді.  1950 жылдың 30 мамырында КСРО Министрлер кеңесі жаңадан қалыптасқан етті қазақтың ақбас малы түрін бекітті.

1960 жылдары қазақтың ақбасын жетілдіру жұмысы қарқынды жүрді. 1964 жылы шаруашылықты қазақтың ақбас малын өсіруге мамандандыру туралы шешім қабылданды.

Жылдар бойы жасалған тәжірибелік жұмыстар нәтижесінде тұрғысы биік, салмағы 800-1000 келіге дейін жететін, асыл тұқымды мал қалыптасты.

Қазақтың ақбас малының танымал болуына «Аңқатыны» 1936-1972 жылдары басқарған Алексей Васильевич Черекаев зор еңбек сіңірді. Өзі ғалым, 200-ден аса ғылыми еңбек жазған Алексей Васильевич мықты ұйымдастырушы болған.

ак бас ++

1966 жылы шаруашылықтың аға малшысы Қабекес Серғалиевке «Социалистік еңбек ері» атағы берілді.

1971 жылы Аңқаты совхозы КСРО-ның ең жоғары наградасы – «Ленин» орденімен марапатталды. Совхоз директоры А.Черекаев «Социалистік еңбек ері» атанды.

Айта кетейік, қазақтың ақбас малы Ресейдің Волга бойына, оңтүстік жағына қарай таралып, жергілікті табиғатқа тез бейімделді. Бұл жақтағы арнайы шаруашылықтарда бордақылау және жақсы күтім арқылы мал салмағын 1000 келіден асыруға қол жеткізілген.

Бүгінде атақты совхоз ізіндегі «Айсұлу» шаруа қожалығы асыл тұқымды ақбас мал өсірумен айналысады.

Құрметті жерлестер!

Теректі ауданының әріден тарқатқан тарихы алдағы сандарда жалғасын табады.

Тарих – өткеннің куәсі, шындық сәулесі, өмір жылнамасы және ата-бабадан жеткен естелік. Ел тарихын құрметтеу – өз еліңді құрметтеу.

Тарих беттерін әр адам өз өмір жолымен жазады.

Біз үшін әр теректіліктің естелігі, өз туған ауылы немесе қызмет еткен орыны туралы әңгімесі маңызды. Сондықтан, ауданның дамуына еңбек сіңірген адамдар, есте қалған елеулі оқиғалар жайлы  естеліктеріңіз болса, редакцияға  [email protected] электрондық поштасына хат жолдаңыздар.

 

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале