16.06.2023, 17:30
Оқылды: 40

Ағай

1977 жыл. Алматы. Октябрдің 50 жылдығы құрметіне салынған спорт  сарайы. Күрес залының терезесін ортан беліне дейін бу жапқан. Еркін күрестен Қазақстан құрамасының жаттығуы үнемі осылай қызу жүреді. Сықырлап есік ашылды. Сөмкесін иығына асынып, дәуірінің дәуі, даңқты балуан Әбілсейіт Айханов кіріп келе жатыр. Әбекеңнің әлемді мойындатқан, құшақтағанын құтқармайтын әбден әбжіл шағы. Осының алдында ғана үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті үнді балуаны Бинг Синхті, венгр Резиакты, чехословак Богумал Куват пен Петр Кментті, тіпті жапондар – Сасаки мен Каванионы және басқа да күрес жұлдыздарын ұтып, атын күрестің көгіне алтынмен жазған. Апта сайынғы әдеттері – осы. «Динамодағы» жаттығуларын аяқтап, жұма күнінде шәкірті Аманжол Бұғыбаев «Октябрьге» спарринге келеді. Айтпақшы, классикалық күрестен Кеңес Одағының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те осы залда жаттығып жүр.

IMG_3747

- Қорықпа! Ол – «классик» ! Сен – «вольняксың»! Аяққа қарай өт те, домалата бер. Ең бастысы, сен – жассың, ол – қартайып келеді. Бас!, – деп екі жігіт жасы жиырмаға толмаған бозбаланы жігерлендіріп жатыр.

Бұлар – Алматыдағы денешынықтыру институтында оқып жүрген оралдық балуандар – Сайлау Мұқашев пен Ерген Орынбасаров.

С.М.Киров атындағы әскери зауытта метал жонушы - оператор болып қызмет ететін Жымпитыдан келген бала бос уақытын күрес залында өткізетін. Ағалары арқасынан қағып-қағып жібергесін бе, бәлкім өзі де мінезді ме екен, балаң жігіт жауырынын қанат жарып шығардай паңданып, бозкілемге асқан сенімділікпен шықты. Қайраты - бойында, қаһары - көзінде. Бірақ «классикті» жығу ойлағандай оңай болмады. Оңайы несі, мүмкін емес екен. Қимылы шалт, қарсыласын қолына түспей, ұстатса да дегеніне көнбей діңкелетеді.

Міне, осылайша жымпитылық Санат Берсебаев бір кездері Жақсылық Үшкемпіровпен жаттығудағы сыңары болған.

- Үшкемпіровпен 4 айдай спарринг – серіктес болдым. Салмағымыз, тұлғамыз шамалас еді. Жаспыз ғой, оның КСРО чемпионы екенін білмедік. Сөйтсек, Жақаң біздің залда Мәскеу Олимпиадасына дайындалып жүр екен.

Сайлау, Ерген ағаларым «Ұтасың! Ұтасың!» - деп сендіретін. Бірақ Жақсылық ағаны жығып, 1 баллға да түсіре алмадым. Оның Мәскеу Олимпиадасының тұғырына шыққан жұлдызды сәтін үш жылдан кейін, әскерде жүргенде, теледидардан көрдім. Кеудемді қуаныштың кернегені-ай!? Біздер аңыздардың қасында жүрген екенбіз ғой, – дейді Санат мырза сол сәулелі күндерді есіне алып.

Қазір Октябрьдің 50 жылдығы атындағы спорт сарайы Балуан Шолақтың құрметіне беріліп, заманауи кешенге айналған. Жақсылықтай жақсы адамдар арамызда жоқ. Санат Берсебаев болса, өзінің Жымпитысында. Биыл Сәкең зейнет жасына толды.

***   

Санат Берсебаев 1960 жылы 14 маусымда Жымпиты ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Жымпиты орта мектебін (қазіргі жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті) аяқтап, сол жылы Алматы қаласына оқуға аттанды. Шекара училищесіне қабылданғанмен, Санатты мүлде басқа сала, тағдырдың басқа сыйы күтіп тұрған.

Жымпиты күрес мектебінің өкілі Алматыда босқа жүрді дей алмаймыз. Тәлімгерлері - Сайлау Мұқашев, Ерген Орынбасаровқа ілесіп, еркін күреспен шұғылданды. Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаевтардан дәріс алды. Жақсылық Үшкемпіровпен кілемде сыңар болды. Нәтиже көп күттірген жоқ. Санат Берсебаев бір жылдың ішінде Алматы қаласының біріншілігінде күміс жүлдегер,  ересектер арасында қола жүлдеген болып үлгерді.

1978-1980 жылдары Белоруссияда әскери борышын өтеп жүргенде де күрестен қол үзбеді. Сарбаз полк, дивизия арасында өткен жарыстарда жеңімпаз атанды. Шығыс славяндарының арасында жүрген уақытта оған атақты балуан, еркін күрестен 5 дүркін әлем чемпионы, 3 дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьтің алдынан өту мәртебесі бұйырды.

Санат саңқылдап:

- Қазақпын. Айхановтың баласымын, - дегенде, Медведьтің бойынан ерекше ілтипат оянды.

- Айхановты танимын. Ол - мықты қазақ. Мен одан жеңілгенмін, - деген.

1980-1981 жылдары А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының даярлық тобында болды. Ерген ағасымен енді Оралда жүздесті. Орынбасаров ол кезде еркін күрестен Орал облысының аға жаттықтырушысы еді. КСРО спорт шеберінің залы Санатты қуана қарсы алды.

1981 жылы Санат педагогикалық институтқа оқуға түсті. Аталмыш оқу орынында еркін күрес емес, самбо үйірмесі ғана бар екен. «Балуанға оң мен солы бірдей». Санат самбоның күртесін кигені сол-ақ екен, жарқ етті. 1981-1982 және 1984 жылы студенттер арасында чемпион атанды. Білікті бапкерлер Жұбанышқали Жәрдемов пен Қамеш Есмағұловтың қолы құтты болды деген осы.

1983 жылы Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық турнирде күміс жүлдегер атанды. Одақ студенттерінің арасындағы күрес додасында Санаттың қазақтың намысын қорғайтын жөні еді. Жөні үйлескенмен, жолы үйлеспеді. Не үшін? деген сұраққа жауап беретін Кеңес заманасы да келмеске кеткен.

Санаттың ел кілеміндегі жеңісті жолы жалғасып жатты. 1983 жылы Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер, 1984 жылы ҚР спартакиадасында ІІ орын иегері атанды.

*** 

Санат Берсебаев 1985 жылы туған жерге қызметке келді. Қазіргі Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәні бойынша мұғалім бола жүріп, Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен күрес үйірмесін ашты.

Кекілі желге желбіреген, мұртты, қоладан құйылғандай әдемі мүсінді, шетелдік шытырман оқиғалы киноларының басты рөлінде ойнайтын актерлар сияқты ағайдың үйірмесін іздеп келген балалар қарасы көп болды. Тосырқаудан гөрі тәуекелді, сөзден гөрі істі жақсы көретін Санат Дәленұлы бір ысқырықпен күрес үйірмесінің жұмысын бастап кетті.

Бірақ өзінің Жымпиты ауылында самбо, дзюдо күресінің негізін қалап жатқанын ол кезде байқамады.

Санат Берсебаевтың шәкірттері  Батыс Қазақстан облысында самбо, қазақ күресі жарыстарында барлық салмақ дәрежесі бойынша чемпион болатын.

Бапкердің бұл жетістігі әлі күнге қайталанған жоқ.

Санат ұстаздың «ұстаханасы» халықаралық дәрежедегі бір спорт шебері, Қазақстан Республикасының жеті спорт шебері, дзюдо күресінен үш, қазақ күресінен бес спорт шеберін дайындады. Сонымен қатар самбо, дзюдо, және қазақ күресінен Қазақстан Республикасы, ТМД, Балтық жағалауы және Азия құрлығының жеңімпаздары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін шығарды.

***

- Cіздің бапкерлік дәуреніңіз тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс келді. Жоқтан бар жасаған уақыттарыңыз ғой. Шәкірттеріңіз туралы сыр шертсек. Күреске махаббаты қойған оқушыларыңыздың кімдердің жанкештілігі жадыңызда қалды? деген сауал қойдық жаттықтырушы Санатқа.

- Шәкірттер туралы көп айтуға болады және көп шәкірт туралы айтуға болады.

Азат Қасымовтан бастайын. Азат - қазақтың күрес өнерінде ешкімге ұқсамайтын дербес техникамен ерекшеленген балуан. Оның кілемдегі өнерін көргендердің бәрі мойындайды. Табиғи талант еді.

Қатарластары, бірге күрескен жігіттері үлкен чемпионаттардың алдында Азатқа «Ана қарсыласыңды мынадай әдіспен жеңші!», «Мына балуанды былай жықшы!», - деп «тапсырма» беріп жатады. Азаттың мықтылығы сол, «тапсырыстың» бәрін мүлтіксіз орындайтын. Азат – балуан болғанмен, мөлдір сезімнің, аяулы жүректің иесі еді. Қарсыласына да асқан жанашырлықпен қарайтын. Ауызынан сілекейін шұбыртқанша шаршатып, тұқыртып, қинамайтын. Бірден әдіске көшіп, белдесулерді тез аяқтаушы еді. Оның болашағы жарқын еді. 2000 жылдардың босағасында Қазақстан үкіметі 10 спорт түрі бойынша белді спортшыларға лицензиялы турнирлерге шақырту берді. Сыннан өткендердің алдында Сидней Олимпиадасының ақ туы желбіреп тұрды. Өкінішке орай, шақырту қағазы келгеннен кейін үш күннен соң Азат бақилық болды.

Былайғы өмірде біртоға, ал кілемге шыққанда жойқын балуанға айналатын шәкіртім – Ержан Бақтияров болды. «Не жағдайда да - жеңіс!», - деп шығатын татамиге. Бастаған әдісін орындайтын, бастаған ісін тиянағына жеткізетін қасиеті Ержанға өмірде де көмектесті деп ойлаймын.

Тілек Махметовтың сабырлығы ұнайтын. Қобалжу жоқ еді. Айта кетерлігі, белдесу сәтінде позицияны да, тактиканы өте шебер ауыстыратын. Қарсыласын бір әдіске икемдеп, бірақ басқа әдіске түсіретін. Ержан да, Тілек те - дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шебері атағын орындады.

Жаугершілік заманда тұтқиылдан ұрыс салатын батырлар болған. Қайрат Қасымов – сондай батыр. Ол белдесуді төтеннен бастап, қырық айла – әдіске салып, тамаша көрсетуші еді. Қайратты қарсыластары «болжай» алмайтын. Сол шеберлігі оған  Балтық елдерінің чемпионы деген атақты алып берді.

Артур Халықов жайлы толғанбасыма тағы болмайды. Ол өте ізденімпаз болды. Жаттығуда мен шәкірттеріме жаңа әдіс үйретсем, Артур үш күннің ішінде қарсы әдіс ойлап тауып үлгеретін. Үйінде ағашқа әдіс жасап, жаттығады екен. Күштен бұрын ақылға салатын Артур тактик, стратег еді.

«Серік ұту керек!» - деген бірауыз сөз Серік Ихласовқа жеткілікті еді. Серік қызу белдесулерге құмар болды.

Мен балуан болып сезіне алмаған рухты бапкер болып сезіндім. Бапкер болу – талантты тану, шыңдау, шыңға шығару. Ол үшін уайымдау, қуану. Үйірме ашып, шәкірт баптап жүрген ауданның белді жаттықтырушылары - Батырбек Мұратов, Ержан Чукуров, Қайрат Берсебаев, Мәулет Қожахметов, Талғат Балмағамбетовтер, бәрі менің ізбасарларым!, – дейді Санат Берсебаев.

 ***

1977 жылдан 2010 жылға дейін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек еткен Сәкең кейін Сырым ауданындағы кәсіптік білім беретін колледждің директоры болып тағайындалды.

Үлкен өмір табалдырығында тұрған талай балаға Санат ағамыздың әкелік, ағалық ақылы жолашар болғандай.

Бүгін зейнет жасына жеткен кейіпкеріміз өзіне асыл аға бола білген Валерий Шапетов, Марат Қадыров және Есберген Әжібаевтың есімдерін ерекше құрметпен атады.

Санат Берсебаев жемісті еңбегі үшін бірқатар марапатқа ие болды. Ол көшеде кетіп бара жатса, Жымпитының әр баласы оған «Ағай!», - деп амандасады. Өсіп-толып, өмірден орнын тауып, елге тұтқа болып жүрген шәкірттері де ұстаздарының алдында «Ағай!», - деп бала кейіпке ене қалады.

Сәкеңе сол мерей, сол марапат!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале