15.06.2023, 13:00
Оқылды: 71

«Адамның денсаулығынан артық байлық жоқ»

18 маусым – ҚР  Медицина қызметкерлері күні

Жас  болса  да, білімі мен біліктілігін  көрсетіп жүрген оралдық дәрігерлердің бірі  –  Ақбота  Оралдиева. Ол – шаһардағы №5 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері. Қаратөбе ауданының  Соналы ауылында туып-өскен кейіпкеріміз жалпы орта білім беретін мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  медициналық университетіне оқуға  түседі.  Бала  күнінен  дәрігер болуды армандаған кейіпкеріміз жоғары оқу орнын 2019 жылы бітіріп, Орал қалалық №5 емханаға  қызметке орналасты. Жалпы  тәжірибелі  дәрігер  болған  соң, үлкен-кіші дертіне дауа іздеп келеді екен. «Басқа дәрігерге бармаймын» деп арнайы іздеп келіп, қабылдауына  жазылушылар да аз емес.   

Акбота абыловна

Ерік-жігері және психологиялық тұрғыда әлсіз адамдар дәрігер бола алмайды. Медуниверситетке оқуға түскенде анатомия бойынша латын тіліндегі кітаптарды оқуға береді. Мектептегідей әр оқушыдан оқыдың ба, жоқ па деп сұрап ешкім сені күтіп отырмайды. Адамның іш құрылысымен танысу үшін мүрделерді тіліп, ішкі ағзаларын зерттейміз. Үшінші курстан бастап сырқатты клиникалық зерттеу бойынша сараманнан өттік. Сол кезде санитарлар мен мейірбикелердің көмекшісі етіп қоятын. Біз дәрігерміз ғой, неге олай етеді деп ренжитінбіз.

Алайда бұл сынақ біздің төзімділігімізді, шыдамдылығымызды сынау үшін, кіші қызметкерлердің еңбегін бағалау үшін беріледі екен. Бесінші-алтыншы курстардан бастап дәрігерлердің көмекшісі қызметін атқардық. Бүгінде біз – диагноз қойып, ем-дом  тағайындаған науқастың өмірі мен денсаулығына жауапты маманбыз. Қазір жаз мезгілінде балаларды жәндіктердің шағып алуы жиі кездесуде. Біз бір жасқа дейінгі сәбилер мен жүкті келіншектерді қатаң бақылауға аламыз. Әр адам өз денсаулығын жіті қадағалап, скринингтен уақтылы өтіп тұрса дейміз, – деді Ақбота Абылқызы.

Кейіпкеріміздің жұбайы Медет Оралдиев те жалпы тәжірибелі дәрігер екен. Ол да Орал қалалық №5 емханада қызмет атқарады. Жас жұбайлар науқастардың диагнозына күмәнданғанда немесе даулы (спорный) сұрақ туындағанда, жұмыста кейде үйде дастарқан басында  талқылап, кеңесетін көрінеді.  Тіпті қонақтық, шақырыстарға барғанда, дәрігерлердің жазып берген диагнозы мен рецептілерін апарып, кеңес алатын жандар да аз емес екен. Ақбота Абылқызы ерлі-зайыптылардың бір салада қызмет атқаруы бір-бірін түсініп, орынсыз қызғаныштың болмауына ықпал ететінін айтады. Қос дәрігердің шаңырағында Аруназ есімді бүлдіршін өсіп келеді.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале