22.06.2023, 14:44
Оқылды: 19

Гүлдері - табыс көзі

«Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» әйел заты бағындырған  белес  аз емес.  Заман ағымына ілісіп, қай салада да іскер бола алатындығын қыз-келіншектер әлдеқашан дәлелдеді. Сондай  алымды жанның бірі  деп Ақдәрі  Ботанованы айтсақ болар.  Ол - Шыңғырлау ауданы, Ұрысай ауылында дүниеге келген.  Шилі орта мектебінде 10  сыныпты аяқтаған соң, Ақтөбе қаласындағы кооператив учелищесін, кейін сырттай кооператив техникумын тәмамдайды. Жас маман оқуын бітірген соң аудан орталығында  орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған азық-түлік дүкенінде, шикізат қабылдайтын мекемеде жұмыс істеп, мекеме  тарқаған соң 1993 жылы  жеке кәсіпке бет бұрады.

5 бетке Гүлдерге

Бұл тоқырау жылдарының басталған кезі еді. Жұмыстан қысқарған әйелдердің көбісі бала-шағасын асырау үшін әрі үйде бос отырмау үшін саудаға бет бұрды. Ортақ дүрмекке ілескен Ақдәрі де Алматыдан тауар тасып, ол кезде базар деген аты болмаса заты жоқ, көшеде тұрып сауда жасады.  Сол қиын-қыстау кезде сауданың да өзіндік қыр-сырына үйреніп, ысылып қалған еді.

Оның бергі жағында еліміз кәсіпкерлікке бел буған жандарға қол ұшын созып, кең өріс ашқаны белгілі. Ауданымыздың өзінде бір емес бірнеше кәсіпкері өзінің заңды істерін бастап, жұмысын жолға қойып жатты. Осы жолда тәжірибесі мол Ақдәрі Қадырғалиқызы да сауда-саттықты өрістету үшін заманауи ғимараттың қажет екендігін түсінді. Осылайша, 2016 жылы «Барыс» сауда орталығын ашқан тұғын. Теледидар ілінген арнайы демалыс бөлмесі бар, жарық та жылы, әрі таза сауда үйінде бүгінде 14  кәсіпкер  тұрақты  орынмен қамтылған.

Соған қоса төрт адамға да жұмыс беріп отыр. Өзі де кәсіпкерліктің қыр-сырына үңіліп, оның көкжиегін кеңейту мақсатында гүл сатумен шұғылдануға бел буды. Өйткені, бүгінде туған күн, мереке гүлсіз өтпейтіні белгілі. Тұтынушының ыңғайы мен сұранысына икемделген Ақдәрі Қадырғалиқызы міне  жеті жылға жуық гүл сатумен айналысуда.  Раушан, хризантема, лилия, жауқазын тағы басқа гүл түрлерімен қатар бөлмеішілік гүлдер тұтынушыларға мейлінше қолжетімді бағамен ұсынылып келеді. Сонымен қатар жыл сайын көктем кезінде жеміс ағаштарын, раушан гүлін, шырайгүл мен барқыт тағы басқа. гүлдердің көшеттерін де сатылымға шығаруда. Кәсіпкер алып келген гүлдерін сатуға шығарып қана қоймай, оларға қалай күтім жасау, қандай дәрумендерді қосып суару, көшеттердің қай мезгілде орнын ауыстырып, табиғаттың қай кезінде қандай орынды ыңғайлау қажеттігін де айтып, кеңес беріп отырады.

Сонымен қатар өзінің ғана емес, өзгенің де қамын ойлап жүретін кәсіпкер аз қамтылған отбасыларына мүмкіндігінше демеушілік көрсетіп келеді. Күні кешегі келген індет кезінде ауру ошағын таратпау мақсатында сауда нүктелері жабылып, қайсібір жандар табыссыз отыруға мәжбүр болған кезде де кәсіпкер  өз жұмысшыларының еңбекақысын тоқтатпай, жұмыстан қол үзбеуі үшін бар мүмкіндікті қарастырғанын да үлгі еткен жөн. Отбасылық бизнеске бет қойғалы жолдасы Мұратжан Ибрагимұлы  да өз алдына «Ақ-Ай» шаруа қожалығын ашып, ата кәсіпке бет бұрды.  Бұл шаруашылықта да  екі адам жұмыспен қамтылған.

 Өз кәсібінің ыңғайын тауып, тапқан нәпақасына шүкіршілік етіп отырған Ақдәрі Қадырғалиқызы кәсіптің қай-қайсысы да тілін таба білсең тек берекесін әкеледі дейді.

                                                                                                    Бақыт Баймағамбетова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале