Әсемгүл Құрманғожиева Шыңғырлау ауылының тумасы, кішкене кезінен анасы Күнсұлудың тәрбиесін көріп, көкірегіне көп нәрсе түйген. Қыз бала болған соң, әсіресе үй тірлігіне жастайынан бейімделіп өсіпті. Жеке аула шаруашылығына мығым ата-анасы екі ұлға да бар білгендерін үйретіп, алдағы уақытта осы тірліктің барлығы да қажеттеріңе жарайды деп айтып отырады екен. Ал Әсемгүл анасының көмекшісі, үйдің ішкі шаруасына, ас-суға қолқабыс етіп жүгіріп жүретін талдырмаш қыз бүгінде өзінің шаңырағында сол үйренгендерін жалғап, іске асырып келеді. Ойлап отырса, кезінде анасы жасаған барлық тірлікті өзі қайталап отырғандай екен. Ендігі кезекте өзінің де үш қызына үйретері мол болмақ.
Әлі есінде, наурыз айы басталысымен анасы жұмыртқаларды іріктеп, құстардың астына салатын, бір-бірлеп шыққан балапандарды қызына көрсетіп, үй маңында бақтыратын. Қолына балапан ұстап, ата қаздармен төбелесіп жүріп, қара күзге дейін құстың барлығын аман-сау өсіретін кішкене қыздың еңбегі кәдімгідей таза еңбек. Кішкене қыздың арқасында күз келе құспен аула толып, көрші-көлемдерге таңдай қақтыратын.
Қазіргі таңда аулада ірі қаралары, ұсақ малдары бар. Оның барлығы Нұрболдай отағасы мен Әсемгүлдің қандай шаруа екендіктерін көрсеткендей. Әңгімемізге арқау болғалы отырған жәй-бұл Әсемгүлдің үй шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, мектепте ұстаз, үйде үлкен кісі-енесін қамқорлап отырған келін болумен қатар, өзіндік бір «хоббилерімен» де айналысып отырғандығы.
Таңнан қара кешке дейін тыным көрмейтін келіншекке жылдың төрт мезгілінде де бір тыным жоқ. Жолдасы көрші қалада ауысыммен жұмыс жасайтындықтан қыс мезгілінде мал қораның бар шаруасы өзінің мойнында. Ал көктем келе үйрек-қазын көбейтіп, өсіріп жүргені. Сонымен қатар жаз бойы жеміс-жидегін, қысқы азық дайындау да бір өзінің басында.
Айтпағымыз бар шаруаны бірдей атқарып жүре беретін Әсемгүлдің осы бір-екі жылда жұмысы тіптен көбейді. Өзінің айтуынша 2000 жылы Шыңғырлауға ауылдан көшіп келген. Келісімен үй-жайын реттеп, Ұрысай ауылында тұратын, құс көп ұстайтын Серік атты азаматтан 21 қаз және он тауық сатып алған. Ойлап қараса, сол жылдан бастап құс бағуға зейіні ауып, әлі күнге дейін құс өсірумен айналысып келеді. Бұған дейін құс ұстап, оны өз есебінен - үйрекке, қазға, тауыққа бастырып көбейтіп алатын. Ойлана келе, қаражатын жинап «Птицевод Премиум», «Несушка» инкубаторын сатып алады. Сыйымдылығы 64 жұмыртқа болғанымен екі-үш ауысымда балапанға сұранысты уақтылы қамтамасыз етіп отырды. Тапсырыс алып, құстың әр түрін шығартып, тым-тәуір қаражатын тапты. Тапсырыс берушілер көбейіп, тағы да сыйымдылығы 104 жұмыртқаға жарайтын үлкен инкубатор алды. Қазіргі таңда «Брама», «Доминант», «Несушка», «Адлер» балапан түрлерін үйден шығарып отыр. Сонымен қатар ауласында «Линда», «Ланда», «Простой Серый», «Кубанский Серый» тұқымдастрын көбейтіп, ауысқандарын сұраныс бойынша қаражат қылып келеді. Міне, Әсемгүл Әбілжанқызының әрекеті өзгелерге үлгі боларлықтай. Өзіне сүйікті «хоббиі» десек те, үйдің бюджетін толтыратын қарекет десек те өзіне үйлесімді.
Айсұлу Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz