Ұялы ауылында академик ғалым Хамит Мадановтың бюсті орнатылды. Хамит Мадановтың есімі иісі қазаққа жақсы таныс. Хамит ағамыз - қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеген ғалым, ақын. Профессор, Халықаралық информациялау академиясының академигі. «Қазақ шежіресі», «Кіші жүз шежіресі», «Ұлы дала тарихы», «Қазақтың арғы-бергі тарихы», «Қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері», «Мұхамед Салық Бабажанов» және бірнеше өлең кітаптарын, 17 монографиялық еңбек жазған.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов Ұялыдағы ұлағатты істің үлгі боларлық іс екенін жеткізді.
–Бұл – болашақ ұрпақтың патриоттық сезімін оятар істердің бірі. Қазіргі таңда тек ұялылықтар емес барша бөкейліктер ғалым ағамызды мақтан тұтады. Осындай істі қолға алған тума- туыстарына да алғысым шексіз, – деді Біржан Меңешов.
Айтулы шараға арнайы келген Тихон Әліпқали ағамыз да естеліктерімен бөлісіп, бюст қоюшы Хамит Мадановтың ұрпағына алғысын жеткізді.
Салтанатты шара барысында бүлдіршіндер Хамит Мадановтың "Сағындым інілерімді" және "Қайран ағаларым" атты өлеңдерін оқыды.
Игі іске себепші болған Жайлыхан Бадайтұлы да сөз алып, бюстті қоюға атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.
Салтанатты шара Ш. Жексенбаев атындағы ЖОББ мектебінің музейінде жалғасты.
Естеріңізге сала кетсек, Хамит ағамыз 1927 жылы Ұялы ауылында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, мектепте, колхозда әртүрлі жұмыстар атқарып, өмір баспалдағында шыңдалу жолынан өткен. 1945-1974 жылдары Жаңақала аудандық «Соцалистік еңбек» газеті редакциясында жауапты хатшы болып қызмет атқарды. 1947-1950 жылдары әскерде болып, ауылға оралғаннан кейін Жаңақала аупарткомының бөлім меңгерушісі қызметіне кіріседі. Жұмысқа алғыр, қызметте іскерлігімен таныла бастаған Х.Маданов 1954-1959 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде білім алған. 1959 жылдың наурыз айының 17-сінен бастап аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы қызметіне кіріседі. 1970-1971 жылдары ғылымға бет бұруды көздеп, Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы академиясында аспирантурада оқып, тарих ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғайды. 1971-1972 жылдары Қазақ радиосының арнаулы бағдарламасының бас редакторы, 1972-1984 жылдары аралығында партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер, аударма секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1984-1992 жылдарда Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде тарих кафедрасының меңгерушісі болды. 1981 жылдан тарих ғылымдарының докторы.
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz