Үш қазақстандық теннисші Иран астанасы Тегеранда 18 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ITF Juniors J100 TEHRAN турнирінің ширек финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Фото: ktf.kz
Беделді жарыста Әмір Омарханов (299 ITF Juniors), Заңғар Нұрланұлы (692 ITF Juniors) және Даниал Рахматуллаев (435 ITF Juniors) табысты өнер көрсетіп жатыр.
Екінші айналымда Әмір Омарханов швециялық Альфонсо Ридстремді 4:6, 7:5, 6:2 есебімен тізе бүктірсе, Заңғар Нұрланұлы үндістандық Хитеш Чуханды қапы қалдырды – 6:4, 3:6, 6:4. Ал, Даниал Рахматуллаев ирандық Амирали Гавамды жолдан тайдырды – 6:3, 6:0.
Жұптық сында Омарханов болгариялық Иван Найденовпен бірге жартылай финалда тағы бір қазақстандық Жақас Қозыбақ – ресейлік Дмитрий Буртцевпен шеберлік байқасады. Жеңген жұп финалға шығады.