1.07.2023, 15:15
Оқылды: 134

Ақжайықтық қыз-жігіттер «Бастаңғыда» бас қосты

Ақжайық ауданының жастары көненің салт-дәстүрін жаңғыртып, «Бастаңғы» ойын-сауық шарасын өткізді. Әр ауыл,елді мекеннен жиналған белсенді қыз-жігіттер көгі шұрайлы даланың төсіне киіз үй құрып, қазан-ошағын сайлап, ұмытылған ғұрыптарымызды еске түсірді.

IMG_2028

Бастаңғылатқан жастардың кешіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов арнайы келіп, сәні мен салтанаты келіскен шараның куәсі болды.

Бұл шараның ерекшелігі – халқымыздың ұмыт қалған жөн-жоралғысын үлкендер емес, жастардың өзі көрсетті. Алаңда тігілген киіз үй, буы бұрқырап, бұрқ-сарқ қайнаған самаурын, алтыбақанда тербелген қос бұрымды, бүрмелі көйлек киген бойжеткен, қиқулатып көкпар тартқан жігіттер – осының бәрі жайлауға қоныс тепкен қазақ ауылының мамыражай тірлігін көз алдыңа келтіргендей.

ЖП (1)

Меймандарды ән-күймен қарсылап алған жастар жаңғыртқан көне дәстүрлерге тоқтала кетейік. Осы күні күйеуінен рұқсат алып, өзара сауық құрған келіншектер бас қосып, «Абысын асын» бөліссе, ауылдан көшкен ағайын көршілеріне «Ажырасу көжесінен» дәм татқызды. Үш-төрт жігіт ауқатты ағаларынан «Деңгене» дәметіп барса, ауылдың қыз-келіншектері бірлесіп, киіз басып, «Қой басты» салтымен көмекке келгендерге тәтті тағам таратылды. Тағы бір дәстүр – қанжығасы майланған аңшының жолын тосқан қыз-жігіттер оны «Майлансын» деп қарсы алып, сыралғы сұрады. «Батырдан сауға, аңшыдан сыралғы» деген мәтел осы дәстүрден қалса керек.

ЖП (2)

12 қанат ақшаңқан киіз үйдің жанында ән айтып, тағам дайындаған жастардың да өз міндеті бар екен. Олар үлкен дастархан жайып, оны ұмытыла бастаған дәммен толтырды. Атап айтсақ, үйге келген қонақтар өрме тас, қарма, үлпершек, көмбе, сырбаз қуырдақтан ауыз тиді.

ЖП (3)

«Әдетте қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарымызды Ұлыстың ұлы күнінде ұлықтап, еске түсіріп жатамыз. Бүгін ауыл-елден жиналған жастар осы мерекені себеп етпей-ақ, ата-бабаларымыздан мирас боп қалған салт-дәстүрімізді әркез ұрпаққа сабақтастыру керек екенін көрсеттік. Бір-бірімізбен танысып, керемет жып-жылы көңіл-күй орнады. Біздің мақсатымыз – мән-мағынасы тереңнен тамыр тартатын дәстүрлерімізді жаңғырту, оларға жаңаша тыныс беру», – дейді Базартөбе ауылынан «Бастаңғыға» келген Лаура Құбашева.

Сонымен қатар алаңда жастар бір-бірімен бұқа тартысып, садақ атып, теңге іліп, асық ойнап, ұршық иіріп жарысты.

Ақжайықтық қыз-жігіттердің белсенділігіне, бастамашылдығына ризашылығын облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов емен-жарқын өткен жүздесуде білдірді.

IMG_2234

– Алдымен идея туындайды, сосын ол сіздердей ұлтын сүйер жастардың арқасында жүзеге асып, керемет бастамаға айналады. Міне, мен де бүгін осындай жарқын істің куәсі болдым. Бүгін ұлықталған салт-дәстүрлердің бәрі әр жасқа насихатталуы керек. Ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмысы басталады. Сіздердің бастамаларыңызды әрі қарай Youtube-те, телеарнада арнайы жоба етіп, іліп әкетсек, нұр үстіне нұр. Ақжайық ауданының қыз-жігіттерінің идеясынан осындай үлкен жұмыс бастау алды десек, өздеріңіздің  мерейіңіз, – деген Бақытжан Хаберұлы әлеуметтік сала, жастар саясатындағы оң өзгерістерді тілге тиек етті. Сонымен қатар ол аудандағы жастардың көшбасшыларына өзінің алғыс хатын табыстады.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале