Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев өңірдегі БАҚ өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Нартай Аралбайұлы «Масс-медиа» туралы заң жобасына қатысты жергілікті журналистердің ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдап, сауалдарға жауап берді.
Депутат жаңа заң жобасындағы сөз бостандығына қатысты жайттарға толығырақ тоқтап, баспасөз картасы төңірегінде ойымен бөлісті. Журналистерге қандай әлеуметтік жағдай жасалуы керектігін жиналғандармен бірге талқылады.
– Заң жобасында пресс картаға қатысты «Сотталған және соттық мерзімі өтелмегендерге баспасөз картасы берілмейді» деген бөлік бар. Бұл мәселені нақтылау керек. Тәуелсіздік алғаннан бермен қарайғы уақытта кей журналистер саяси мотивте қызметі барысында сотталып кеткен болуы мүмкін. Шындықты айтқаны үшін сотталған журналист ертеңгі күні жұмыс істемеуі керек пе?, - деді депутат.
Сонымен қатар журналистер тарапынан депутатқа мемлекеттік мекемелерден ресми сауалға жауап алу уақытының ұзақтығы, тағы да басқа сауалдар қойылды.
Өңір тілшілері депутатқа көкейлерінде жүрген өзге де сұрақтарын қойып, жүйелі жауаптар алды.
zhaikpress.kz