Ақ Жайық атырабы не бір тума таланттарға қай кезде де кенде болмаған ғой... Солардың бірі,тіпті бірегейі Зияш Аманғалиева десем, мұны көпшілік те қостары хақ. Ол бұрынғы Тайпақ ауданының «Котельников» совхозында Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, атақты шопан Шайхы Аманғалиевтің отбасында дүниеге келді. Көңіл күйі келгенде, әкесі қолына домбырасын алып, «Дударайға» басса, әжесі Батес Мұхиттың «Зәурешін» әуелеткенде сүйсінбейтін жан болмайды екен.
Сондай жандардың қасына ерген сүйкімді бүлдіршіннің өнерге талпынысы алтыншы сыныптан басталғанға ұқсайды. О кезде аудан орталығында саз мектебі түгілі, әннен дәріс беретін маман да болмаған. Бәрін өз беттерінше үйреніп, ауыл сахнасына шығып жүріпті. Айтпақшы, Зияш сол Калмыков орта мектебінде бүгінгі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сауле Таудаевамен бір сыныпта оқыған. Жанқұрбылардың құшағы әлі күнге ажырамай, өмірде де, өнерде де қанаттас келе жатыр. Екеуін де ел-жұрт жалықпай тыңдайды, есімдерін ерекше құрметпен атайды.
Сәл шегініс... Зияш Бақытжан Тапаева деген қызбен көрші тұрады және бір партада отырады. Оның да домбыраға әуестігі айрықша болған, екі-үш әнді сол құрбысынан үйреніпті. Кейіннен радиодан шырқалған әндерді үзбей тыңдап, патефонды төңіректей бастайды. Барлық қазына сонда екен ғой! Осылайша, Зияш бір сиқырлы әлемге еніп кетеді. Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы шығармалар жан-жүрегін тербейді. Бертін келе, Сәуле екеуі аудан көркемөнерпаздарының сапына қосылып, шағын сахнаның сәніне айналады.
Енді мына жайды да айта кетелік. Қос құрбы мектеп бітірген соң музыкалық білім алуға ниеттенгенімен, ата-ана тілегі басқаша болады. Олар Орал пединститутына құжат тапсырып, бірақ жолдары болмайды. Содан екеуі туған ауылына қайта оралып, аудандық мәдениет үйінің табалдырығын аттайды. Бұл үлкен өнерге ашылған алғашқы есікті. Ал 1979 жылы Зияш Орал қаласына қоныс аударады. Есепшілер даярлайтын курсты тәмамдап, мамандығы бойынша қызмет істей бастайды.
Осы аралықта Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бухгалтерлік мамандық бойынша тәмамдап, жоғары білім алады. Бұл кезде әнші қыз облыс орталығындағы түрлі мерекелік концерттерге қатысып, тойларда ән салып, көпке таныла бастаған-ды. Бірде ол белгілі өнер иесі Донеділ Қажымовпен ұшырасып, әнші-композитор «Ақ Жайық» халық ән-би ансамбліне қызметке шақырады. Атағы дүрілдеп тұрған өнер ұжымы құрамында, яғни Райхан, Валентина, Асылғаным, Сәбила, Гүлбағира, Роза және Жантемір-Роза, тағы да басқа құрбыларымен гастрольдік сапарларға шығып, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленеді. Сол тұста «Ақ Жайық» ансамблі республикалық байқауда үздік шығып, енді Мәскеуде өнер көрсетпекке дайындалады. Оралдан Алматыға іріктелген 150-дей адамның қатарында біздің Зияш та барды. Олар бас қалада тағы да «сүзгіден» өтіп, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева секілді өнер жұлдыздарымен және «Гүлдер» ансамблімен толығып, Мәскеуге ат басын тірейді. Мұнда да оралдық өнерпаздар талғамы биік мәскеуліктердің көңілінен шығып, түрлі марапаттарға ие болады. Бұдан кейін Зияш Аманғалиева осы «Ақ Жайық» халық ән-би ансамблі сапында өңі түгілі түсінде көрмеген Ямал-ненец ұлттық округінің орталығы – Салехард қаласында болады. Ол жақта қыс он айға созылып, жаз екі айда өте шығады екен.
Бұғы жеккен шанаға мінген оралдықтар ненец ағайындардың ярангасынан дәм татып, тундраны да ән мен жырға бөлейді.
«Суды алақанда ұстап тұруға болар, уақытты ұстап тұра алмайсың» дейтінді классик ақынымыз Қадыр Мырза Әли. Рас-ау, бәрі-бәрі күні кешегідей. Осы жолдардың ауторы да біраз уақыт Зияш Шайхықызымен қызметтес болғаны бар. Тәуелсіздіктің елең-алаңында, яғни 1990 жылы Қазақстан аумағында жаппай «Қазақ тілі» қоғамы құрыла бастады. Оралда аталмыш қоғамның облыстық басқармасы төрайымы лауазымына Қазақ радиосының Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, ақын-журналист Айсұлу Қадырбаева тағайындалса, бас есепшілікке Зияш Аманғалиева шақырылды. Сол ортаға мен де еніп, Зияшты бұрынғыдан да жақсы танып-біле түстім. Өз ісіне сондай мұқият, бір сөзді жан екенін бірден аңғартты. Кесіп айтатын туралығы және бар. Біртіндеп ол жаңа құрылған ұжымның белді де белсенді мүшесіне айнала бастады. Жасыратыны жоқ, «Қазақ тілі» қоғамы қандастарымызға рухани серпіліс сыйлады. Бірде қоғам қызметкерлері – әнші Зияш Аманғалиева, күйші Едіге Набиев және осы жолдардың авторы Шыңғырлау ауданына іссапарға шықтық. Жолай Жымпитыдан арқалы әнші Аманкелді Ғұбайдуллин қосылды.
Ол кезеңде Шыңғырлау орысқолдылау еді. Қандастарымыз бір-бірімен орысша сөйлесіп, «ич», «ивна» деп тақылдап тұратын. Біздің мақсатымыз – шаруашылықтарды аралап, «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының жұмысымен танысып, мүмкіндігінше көмек көрсету әрі қазақ әндері мен күйлері арқылы ана тіліміздің қадірқасиетін насихаттау. Зияш пен Аманкелдінің әуезді әніне, Едігенің тартқан тамаша күйлеріне көрермен қауым дуылдата қол соғып, орталарынан жібергісі жоқ. Мен болсам, ән-күйлердің шығу тарихынан сыр шертіп, арасында өлең де оқып жіберемін. Шырайлы шарадан кейін кең жайылған дастарқан басында әңгіме одан әрі қызса, әудем жердегі ошақта қара қазанның түбін жалын жалап жатады. Мұның бәрі – біздің Зияшқа таныс құбылыс. Жоғарыда айтқанымыздай, әкесі Шайхы өңіріне алты орден мен жиырма медаль таққан ерен еңбек иесі. Әнші қыздың өскен ортасынан хабардар болған әйелдер жағы ойнап жүрген балаларын шақырып, Зияш отырған жаймаға аунатып жатыр. «Жақсыдан – шарапат» деген қазақы ырым ғой. Сол сапарда аты өңірге танымал әулет – Мықтыбаевтар шаңырағында болып, нәрестенің шілдеханасында Зияш әннен шашу шашқаны да әлі есте.
Иә, Зияш Аманғалиева – Ақ Жайық атырабына тума талантымен танылған тұлға. Өмірде де, өнерде де өз аспаны мен асқары бар ел сүйіктісіне айналған жанды таным-білетіндердің қатары аз емесі және айқын. Айтпақшы, ол 2015 жылы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атанса, 2016 жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекелік медалін өңіріне тақты. Қысқасы, Калмыков орта мектебінен басталған ән сапары әлі күнге сәтті жалғасып келе жатыр. Зияш – қазір зейнеткер. Десек те, Бауыржан Момышұлының: «Мен доғарыстағы полковникпін, бірақ доғарыстағы азамат емеспін» дегеніндей, домбырасын қабырғаға ілген әнші емес, бабындағы әнші. Жалғыз ұлы Сағындықтан тараған Әлихан, Темірхан және Зияра есімді немерелерін өнер жолына бағыттап жүрген сүйікті әже. Үшеуінің де қаладағы Дина Нұрпейісова атындағы №1 саз мектебінде дәріс алып жүруі бұған айқын дәлел. Тіпті Әлиханы әжесімен қосылып дәстүрлі әндерді шырқап, көпшілікке таныла бастады. Оның ұстазы да олқы емес, дарынды әнші – Дастан Есентеміров.
Міне, өмірі әнмен өрілген Зияштың сара да дара жолы осындай.
Айтқали Нәріков,
ақын,
Орал қаласының құрметті азаматы