10.07.2023, 10:15
Оқылды: 58

Мәди Отарбаев, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы: «Ескі үйлерді тексеруге комиссия құрылу керек»

– Мәди Жанкелдіұлы, Орал қаласының қуыс-қуыс, бос жеріне көп жәнеаз қабатты үйлер (таунхаустар) салынуда. Нысандардың жобалаусыз, экспертизасыз, инженерлік желілерсіз, жер иеленудің тиісті құқығынсыз салынуы көп-шілікті алаңдатады. Т.Масин көшесіндегі №50, С.Сейфуллин көшесіндегі №17 үйлердің құрылыстары бұған нақты мысал. Кейбір құрылыс мекемелері әкімдікке жеке тұрғын үй саламыз деп құжаттарын тапсырады. Одан кейінгі әрекеттері әлгіндей. Соларды тексере аласыздар ма?

83759830-8083-43a3-a429-0ae1ace29073

 – Басқарма инспекторлары нақты фактілер бойынша мемлекет құрылымдарының қатынас хаттары, заңды және жеке тұлғалардан түскен арыз-шағымдар негізінде тексеріс ұйымдастырады. Сіз айтып отырған құрылыстарға қатысты шағым түскен жоқ. Бұрын инженерлік желілерсіз құрылыс салуға рұқсат берілетін. Биылғы жылдың басынан бастап ондай құрылысқа шектеу қойылды. Тапсырыс берушіден көрсетілген екі мекенжайда блокталған төрт пәтерлік үй құрылыстары басталғаны жөніндегі хабарлама былтырғы сәуір айының 19-ында түсті. Сондықтан үйлердің инженерлік желілерсіз салынуы сол кезде заңды болды. Желілер бөлек жоба бойынша жүргізіледі. Екі нысанның да мердігері бір мекеме – «Техно Строй Перспектива» ЖШС, бас жобалаушы және ауторлық қадағалаушы ұйымдары да бір – «Солдатов А. И.» ЖК. Ал жұмыс жобасына «OralExpertGroup» ЖШС оң қорытынды сараптама берген. Басқарма құрылыс нысандарын бақылау мен қадағалауды Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеріс түрінде жүргізеді. Алайда екі құрылыс бойынша басқармаға   өтініш-шағымдар  түспеді.

- Құрылысты жобалау барысында адам денсаулығына зиян келтірмеу, қоршаған ортаға қауіпсіздік мәселелері ескерілуі тиіс. Басқарма тарапынан осы мәселелер ескеріліп отыра ма? Биылғы жылдың І тоқсанындағы басқарманың жұмыс қорытындысын айта кетсеңіз?

– Құрылыс үрдісіне қойылатын ең басты талаптарды айтасыз ғой. Әрине, қандай ма құрылыс болмасын, қоршаған орта мен адам денсаулығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Биылғы жылдың І тоқсанындағы басқарма жүргізген тексерістердің қорытындысында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша құрылыс субъектілеріне 32 әкімшілік хаттама жазылды. Оның ішінде құрылыс, құрылыс қызметі саласындағы заңнаманы, мемлекеттiк нормативтер талаптарын сақтамай iздестіру, жобалау, құрылысмонтаждау жұмыстарын орындаған субъектілерге қатысты 14 хаттама толтырылды. Ал нысандар мен кешендерді қабылдаудың, пайдалануға берудің тәртібін бұзған субъектілерге 3 хаттама, жобалау құжаттамасы жоқ немесе сараптамадан өткiзiлмеген жоба бойынша  құрылыс салушы субъектілерге 4 хаттама дайындалды. Одан басқа құрылысқа техникалық және ауторлық қадағалауларды қатар жүргізбегендерге – 5, тiркеусiз, рұқсатсыз немесе тиiстi хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқан құрылыс субъектілеріне қатысты 6 хаттама жазылды. Жақында жергілікті атқару құрылымдарымен, полиция қызметімен бірге  басқарма қызметкерлері Орал қаласы аумағындағы құрылыс нысандарының қоршалуына және дөңгелек жуу бекеттеріне мониторинг жүргізді. Оның нәтижесінде 20 құрылыс алаңының қоршауы заңды талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Соған орай тиісті нұсқамалар беріліп, жергілікті полиция қызметі қызметкерлерімен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша (абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бұзу, желекті жою, бүлдіру) әкімшілік хаттамалар толтырылды.

– Мәди Жанкелдіұлы, былтыр алқалы жиында облыс басшылығы қалалық құрылыс-сәулет бөліміндегі бір қызметкердің ғана білімі лауазымына сай екенін айтқан еді. Сіз басшылық жасайтын басқарманың кәсіби мамандармен қамтылуы нешік?

– Кеңестік заманынан қалған «Кадр бәрін шешеді» деген ұран өзінің мән-маңызын жоя қойған жоқ. Ұйым-мекеменің, мемлекеттік құрылымның, зауыт-фабриканың жұмысын өрге тартатын кадр, іскер әрі білікті маман екені сөзсіз. Басқарманың  үш бөлімінде де білім-білігі жоғары мамандар қызмет етеді. Негізгі қызметіміз құрылыс нысандарын инспекциялау болғандықтан, құрылыс инспекторларына қойылатын талаптар бар. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік құрылыс инспекторлары міндетті аттестаттаудан өтеді. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті жүргізеді. Облысымыздағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы басқа мекемелер де  білікті мамандармен қамтылған деп есептеймін.

Құрылыс саласына жас мамандарды тарту мақсатында жергілікті колледждер және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылды. Мысалға, Орал қаласындағы жоғары аграрлық-техникалық колледждің, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері басқармада тұрақты түрде өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу орындарының басшылығымен бірлесе отырып, өндірістік тәжірибе тақырыбы анықталады, әр студентке жеке тапсырма беріледі. Сондай-ақ басқармадан «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жас мамандарды алғашқы жұмыс тәжірибесінен өткізу дәстүрге айналды. Оларға басқарма мамандары арасынан тәжірибелі тәлімгер тағайындалады.

– Өңірімізде жобалау құқығына ие қанша мекеме бар? Солардың жұмыстарына қатысты үлкенді-кішілі жиындарда көп сын айтылады.

– Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің және басқарманың ресми деректеріне сәйкес өңірімізде 2015 жылдан бастап 236 жобалаушы ұйым тіркелген. Өкінішке қарай, олардың кейбірі жұмыс істемейді. Саны бар да, сапасы жоқтары да бар. Жобалау мекемелеріне жұмыс істеуге лицензияны сәулет-құрылыс бақылау басқармасы береді.  Сонда жобалаушы компанияның мамандарының біліктілігі тексеріледі. Осы жерде жобалаушы-сәулетшінің білім-білігіне, бұрынғы істеген жұмыстарының сапасына мән беріліп, рұқсат берілгені дұрыс еді деймін.

Басқарма жобалаушы ұйымдармен түсініктеме жұмыстарын жүргізеді, профилактикалық әңгімелесу, ұйымдардың қатысуымен жиналыстар өткізеді. Кей жобалаушы компания күллі еліміз бойынша қызмет етуі мүмкін. Инспекция бөлімінде 5 қызметкер бар. Олардың барлық жобалаушыны тексеруге физикалық мүмкіндіктері болмайтыны түсінікті. Құрылыс талабы бойынша, ең алдымен, құрылыс құжаттамалары дайындалуы керек. Жұмыс жобасы арнайы ұйымнан сараптамадан өтуі тиіс. Ол ұйым мемлекеттің не жеке меншіктің иелегінде болады.  Осы сараптама барысында құрылыс жобасы заңды құрылыс талаптарына сай болмаса, теріс қорытынды беріледі. Сол құжат база арқылы басқармаға түскеннен кейін тексереміз. Жобалаушы ұйым өкілін шақыртып,  жобадағы жіберілген қателіктермен жұмыстанамыз. Ол кемшілік болашақ ғимараттың техникалық тұрқына (жұмыс жобасындағы қабырғасы, іргетасының көлемі дұрыс есептелмесе) әсер ететін болса, онда жобалаушы ұйым атына әкімшілік хаттама толтырамыз.

Елімізде құрылыс сапасын арттыру және құрылыс барысының ашықтығын қамтамасыз етуге мән-маңыз берілуде. Бүгінде құрылыс нысандарындағы техникалық қадағалаушы сарапшылар әр ай сайын құрылыстың дайындығы мен сапасы туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекция құрылымдарына ай сайын есеп беруге міндетті. Осы есептерді жинақтауға арналған арнайы электронды E-Qurylys порталы ұйымдастырылды. 2023 жылдан бастап нысанда жүргізілетін барлық көзге көрінбейтін жұмыстарды куәландыру актілері және басқа да техникалық құжаттамалар аталмыш порталда толтырылады.

– Облыс орталығында салынғанына 50-60 жыл болған көпқабатты   үйлер баршылық.  Көршілес Қытай мен Ресейде 1940-1950 жылдарда салынған мұндай тұрғын үйлерді жаппай бұзып, орнына жаңа нысандар салуда. Көпқабатты тұрғын үйлердің төменгі қабатын коммерциялық бағытқа бейімдеу ісін бақылау жайы қалай? Осы мәселелерге қатысты  ойыңызды білсек...

– Ескі көпқабатты үйлердің жағдайын тексеруге арнайы комиссия құрылуы керек деп есептеймін. Оның құрамына ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін, орнықтылығын және  техникалық жағын зерттеп-қарауды сараптама жұмыстарын жүзеге асыру құқығына тиісті аттестаты бар сарапшыларды қосқан жөн. Ғимарат пен құрылысты техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіге (құрылыс салушыға) ұсыныстарын көрсете отырып, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытынды береді. Соның негізінде әрбір ғимараттың жағдайы анықталып,  мүмкіндік болса, қалпына кел-тіру туралы нұсқама беріледі.

Ғимараттардың 1-қабатындағы тұрғын үйлерді коммерциялық мақсатқа қайта жабдықтауға қойылатын заңды талаптар бар. ҚР  Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы бұйрығымен бекітілген құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту талаптары бойынша тапсырыс беруші аттестатталған сарапшыларды тарта отырып, қолданыстағы үй-жай, ғимарат немесе құрылыс құрылымдарының физикалық жай-күйіне, сенімділігі мен тұрақтылығына техникалық зерттеу, тексеру жүргізеді. Қараусыз, қадағалаусыз ешкім құрылысты қайта жабдықтамайды.

 

Сұхбаттасқан

  Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале