11.07.2023, 10:45
Оқылды: 79

Тыңға түрен түсірген

2018 жылы  жерлес  жазушы Хамза  Есенжановтың жарық дүниеге көрінгеніне 110  жыл  толуы қарсаңында «Жазушы жүрген жерлермен» деген тақырыпта экспедиция  ұйымдастырылған болатын. Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен  жасөспірімдер кітапханасы мұрындық болған бұл іс-шараға филология  ғылымдарының  докторы, профессор Мұрат Сабыр, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дәметкен Сүлейменова, тарихшы-өлкетанушы Сайлау Сүлейменов,  кітапханашылар,  осы  жолдардың  авторы қатысқан еді. 

0bc42f1a-7c7b-490c-a6ef-27e44fc4ea4a

Кеңес кезеңінде Алаш қозғалысы туралы көркем әдебиетте тиіп-қашып қана айтылып келгені белгілі. Сол шығармалардың ішінен «Ақ Жайық» трилогиясын бөліп алып  қарастыруға тұрарлық деп санаймыз.

Себебі жазушының бұл еңбегінде Алашорданың Батыс бөлімінің көркем тарихы біршама кең көрініс тапқан. Содан бала Хамза, жасөспірім Хамзаның іздері қалған жерлермен жүріп келе жаттық. Тоғанас ауылы тұсынан өтіп, Алғабас ауылына атбасын түзедік. Әңгіме өзінен-өзі Алаш қозғалысы тақырыбындағы арнаға түсіп кетті. Біз сөз тізгінін бұл бағытта облыс бойынша тұңғыш түрен түсірген тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменоваға ұстаттық. Сол сапарда Алғабас ауылында аялдап, Жымпиты кентінде жас ұрпақ өкілдерімен кездесіп, Шалқар көліне атбасын бұрдық. Экспедиция өте мазмұнды болды. Жазушы Хамза Есенжановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты білігіміз бұрынғыдан да молая түсті. Әсіресе, Дәметкен Сүлейменованың Алаш қозғалысы қақында құжаттар негізінде айтқан әңгімелері экспедицияға  қатысқандарға қатты әсер етті. Өз басым қауымдастырылған профессор Дәметкен Сүлейменованың жарияланған еңбектерімен тереңірек таныса бастадым.

Иә, ағымдағы жылдың 15 шілдесінде Дәметкен Досмұханқызы Сүлейменова мерейлі 70 жасқа толады. Сол себептен, осынау мақаланы жазуды  парыз  санадым.

Негізінен, адамның әр саладағы қабілет-қарымы бала кезінен байқала бастайды. Сырым ауданы Тоғанас ауылындағы орта мектепте оқыған Дәметкен тарих пәніне терең көңіл аударып, беріле зерделеді. Осы құштарлық оны А. Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагоги-калық институтына алып келді. Мектепті үздік бітірген ол, институтта да жақсы оқып, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Студент кезінде жазған ғылыми мақалалары жоғары бағаланып, Дәметкен Алматыда өткен республикалық жастар форумында баяндама жасау құрметіне ие болды. Сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, Курган қаласында 1973 жылы оздырылған студенттердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында да терең мазмұнды баяндамасымен  көзге  түседі.

1976 жылы шаңырақ көтерген Сайлау-Дәметкен Сүлейменовтер отбасы Жаңақала ауданына жолдамамен жіберіледі. Екі жас маманды Жаңақала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сатқали Сапаров қабылдап, «Айдархан» совхозының орталық мекенжайынан жаңадан салынған үш бөлмелі үйдің кілтін табыс етеді. Сәтті басталған еңбек жолы жақсы жалғасын тауып, Сайлау мен Дәметкен Айдархан орта мектебінде 1980 жылға дейін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне  айтарлықтай  атсалысты.

1980 жылы Сүлейменовтер отбасы Орал қаласына қоныс аударады. Біршама тәжірибе жинақтаған білікті ұстаз Дәметкен Сүлейменова Махамбет Өтемісов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет істей бастайды. Ізденімпаз жас маман 1984 жылы Орал педагогикалық училищесіне оқытушылық қызметке шақырылады. Аз уақыт ішінде тарих пәні бірлестігінің меңгерушілігіне жоғарылатылады. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін училище колледж атанып, Жаһанша Досмұхамедовтың есімі беріледі. Дәметкен Досмұханқызының ғылыми ізденіс жұмыстары осы оқу орнында  басталады.

Тарих ғылымы жолына түсуге бекем бел буған Дәметкен Сүлейменова 2001 жылы Алматы қаласы, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ғылым және Білім академиясының аспирантурасына түседі. Кейінірек Ұлттық Ғылым Академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына ауысып, «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы» атты ғылыми диссертациясының тақырыбы бекітіледі. Ғылыми жетекшісі болып тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев тағайындалады. Дәметкен Досмұханқызы осылайша «инемен құдық қаза» бастайды, яғни шаң басқан архивтерді ақтарып, қатты қымталып жабылған «қазанның» қақпағын ашады. «Кімді-кім» деген замандарда саяси партиялар мен топтар өзара аяусыз күрескенде, біреуі жеңіске жетіп, қалғандары жеңіліс тапқанын тарихтан жақсы білеміз... Күш алған большевиктер партиясы саяси қарсыластарын атып-асып, түрмелерге тоғытты.

Қазақстан тәуелсіздігінің бастауында Алаш арыстары тұрды. Негізінен, Ресей империясының құрсау-құрамында болған қазақ елі алып империяда билікке қол жеткізген большевиктер партиясының ықпалында қалды. Десек те, санаулы айлар бойына тұңғыш ұлттық мемлекеттің нышаны көрініс тапты. Міне, Дәметкен Сүлейменова осы бағытта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол 2004 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық Қазақ педагогикалық университетінің докторлық Кеңесінде «Алашорданың Батыс бөлімі тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі кезде Дәметкен Досмұханқызы – өңірі-мізден шыққан бірден-бір  алаштанушы  ғалым.

Орал қаласындағы білім ошақтарында студенттерге дәріс оқи жүріп, Дәметкен Сүлейменова ғылыми ізденістерін жалғастыра берді. Санаулы жылдар ішінде ғалымның «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі» монографиясы (Алматы: «Арыс»), «Қазақстан тарихы пәнін жаңа технология талабымен дамыта оқыту жолдары» әдістемелік оқу құралы (Орал: «ПолиграфСервис»), «Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов» монографиясы  (Орал: «Ағартушы»), «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» оқулығы (Орал: М. Өтемісов атындағы БҚМУ баспасы), «Батыс Алашорда арыстары» монографиясы (Орал: «ШұғылаПринт»), «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ аутономиясы» монографиясы (Алматы: «Арыс»), тағы да басқа еңбектері кітап болып басылып, 100-ден аса мақаласы баспасөз беттерінде жарияланды. «Батыс Алашорда арыстары» монографиясы 2017 жылы ағылшын тілінде жарық  көрді.

Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған кейіпкеріміз еңбекқорлығы нәтижесінде есімі Қазақстанмен қатар, алыс-жақын шетелдерге танымал. Ол Ресейдің Мәскеу, Уфа, Орынбор қалаларында,  Ташкент, Қоқан шаһарларында, Кипр аралында, Түркияда, Әзірбайжанда, тағы да басқа ел-жерлерде оздырылған алқалы жиындарда Қазақстан тәуелсіздігі тарихын кеңінен қамтып, Алаш арыстарының еңбектерін  паш  етіп  келеді.

Дәметкен Сүлейменова қазір кандидаттық диссертациялық жұмыстардың оппоненті, магистрлік диссертациялардың, дипломдық жұмыстардың жетекшісі болып  отыр.

Еңбектің еленгені зор абырой ғой. Дәметкен Сүлейменова Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің Құрмет грамотасы, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалі, сондай-ақ  көптеген шетелдік оқу орындарының марапаттарына ие болды.

Алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова алыс-жақындағы архивтерде, жеке тұлғалар қолында  шашырап-пышырап жатқан құжаттар мен басылым өнімдерін ой елегінен өткізіп, ғылыми тұрғыда тұжырымдап, саралап, бір жүйеге келтірді. Жоғарыда аталып өткен еңбектер осы ізденістер нәтижесінде дүниеге  келді.

Иә, Алашорданың Батыс бөлімі «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметіне билік жүргізді. Жайық өңірінде орнаған бұл мемлекеттік-аутономиялық құрылым 1918 жылдың мамыр айында Жымпитыда өткен IV Орал облыстық  қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің қазіргі өлшеммен айтқанда, шағын республика көлеміндей жері болды. «Алашорда» құжаттар жинағында «...құрылған үкімет Жайық өзенінің арғы бетінде орналасқан, онда тұратын халықтар түгел дерлік қазақтар» деп атап көрсетілген. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметіне қазіргі Маңғыстау облысы, Қарақалпақ республикасы аумағы да қараған.

«Алашорданың Батыс бөлімінің қайраткерлері мынадай ерекшеліктерімен көзге түсті:

  1. Ұйымшылдыққа негізделген нақтылы саяси бағыт платформа жасалды.
  2. Ұлттық-территориялық аутономия құру үлгісін іс жүзіне асырды.
  3. Анархияны, бүліншілікті болдырмау, халықты зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында қатаң тәртіпке негізделген үкімет билігін орнатты.
  4. Автономияны сақтап қалу жолында көршілес әскери және саяси күштермен, мемлекеттік құрылымдармен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізді.
  5. Ұлттық әскери бөлімдерін жасақтау мен офицер мамандарын даярлаудың тәжірибесін жүзеге асырды.

 Демек, большевиктер  партиясының ықпалымен құрылған Қазақ АССР-нан бұрын Қазақстан аумағында ұлттық негіздегі мемлекеттік-аутономиялық құрылым – «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі қысқа уақыт болса да өмір сүрді. Яғни қазіргі тәуелсіз Қазақстанның іргетасы сол кезде қаланды деп айта аламыз. Мұны тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дәметкен Сүлейменова зерттеу еңбектері арқылы дәлелдеп, ғылыми айналымға енгізді. Осы үшін ол қандай  құрметке  де  лайық!

Айтқали Нәріков, ақын,

 халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале