12.07.2023, 15:30
Оқылды: 47

Орал қаласындағы НЗМ: Өлкетану-зерттеу экспедициясы жалғасын тапты

Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі тағылымы мол, тарихы терең, құнды жәдігерлерді қойнауында сақтаған көне Орал өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері, табиғи аймақтарын оқушыларға таныстыру мақсатында «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясын қолға алған. Жыл сайын оқу жылының соңында өткізілетін аталған экспедицияға мектептің үздік шәкірттері қатысады. Нәтижесінде олар саяхат барысында көрген-түйгендеріне сай тақырып таңдап, ғылыми жоба жазады.

f3aba709-a47d-444f-9c12-077c8555a806

Биылғы зерттеу сапары «Орал қаласы – сауда-өнеркәсіптік орталық» атауымен шаһар ішіндегі кәсіпорындарды аралау және өндіріс кәсібінің ерекшеліктерімен танысумен басталды. Оқушылар темірбетон, бетон конструкциялары және бұйымдарын дайындайтын «Гидромаш–Орион», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», әйгілі «Зенит» зауыты мен Орал трансформаторлық зауыты, сондай-ақ БҚАТУ базасындағы оқу өндіріс орталығын аралады. БҚАТУ базасындағы оқу өндіріс орталығына саяхат барысында профессор, Индустриалды-технологиялық институт директоры, «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%-ы» (World’s Top 2% Scientists) рейтингісіне енген Сәрсенбек Монтаевпен кездесіп, ғылымға қызығушылықты арттырды.

eecd3071-b54b-439b-ae5b-749c37ba124b

Экспедициясының екінші және үшінші күндері «Құт дарып, кие қонған Қаратөбе» тақырыбында БҚО, Қаратөбе ауданының қойнауында өтті. Зияткерлер жетекшілерімен Егіндікөл ауылы, аңызы бар, маңызы зор «Аққұм» қорығы, «Құныскерей» үңгірі мен Егіндібұлаққа барып, елді мекеннің қасиеттілігіне көз жеткізді.

7de2d42b-9626-4fc6-b515-8f8240ad229e

Аудан тарихын қамтитын музейлермен, саябақтармен жақырынақ танысты. Екінші күні Аққозы ауылдық округінде әйгілі күйші Ұзақ Мырзабайұлының кесенесіне аялдап, атақты әнші Мұхит Мерәліұлының кесенесі мен ақын, аудармашы Шәңгерей Бөкеев, Боғда күйші, Түркебай батыр зираттарына табан тіреді. Аталған атақты тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ біліп, тың ақпараттармен сусындап, айрықша әсерге бөленді.

Оқушылар аудан орталығындағы «Тышқантай» ауыз суының жалпы күйін, яғни қышқылдығын, иісін, температурасын бақылап, ауданның топырағы мен топырақ түзуші жыныстардың химиялық құрамын зерделеді. Зияткерлер алдағы уақытта судың тазалық деңгейін анықтап, сондай-ақ Аққұм топырағының кафель жасауға мүмкіндік беретін сапасын қарауды және тәжірибе жүзінде жасап көруді жоспарға енгізіп отыр. Қаратөбе ауданы жас зерттеушілерге тарихтан сыр шертіп, ұмытылмас саяхат сыйлағаны сөзсіз.

609b47e4-5806-4407-b46e-c9d62eef3823

Экспедицияның төртінші күні «Еуропа мен Азияның тоғысында...» атауымен өңір жәдігерлерін жинаған музейлерге арналды. Оқушылар күннің алғашқы бөлігінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі мұраларға тәнті болып, музей қорындағы алуан архив құжаттармен танысты.  Кейін шаруалар көтерілісінің көшбасшысы Е. Пугачев музей-үйіне, орыстың әйгілі ақыны А. Пушкин музейіне,  М. Мәметова мемориалдық мұражайына тоқтады. Тұлғалардың бөлмелері, киім-кешек пен рухани мұралары, қолданған бұйымдарына куә болды.

bed7a8da-93fc-4f7f-8734-188cd8fe1d3f

Бесінші күні «Алтын ордадан – Бөкей ордасына дейін...» тақырыбымен Жайық қалашығының археологиялық мәдени ескерткіштерімен есте қалды.  Жайық қалашығы туралы зерттеу жүргізетін оқушылар да табылды:

– Жайық қалашығы – ашылмаған жұмбағы көп тарихи орын. Мені Орал қаласының ашылу жылдары туған түрлі даулар аса таң қалдырды. Енді осы тақырып аясында зерттеу жүргізіп, барлық құпия есікті ашқым келеді, – дейді экспедиция қатысушысы Дана Қожанияз.

7a201210-8f29-4d7e-b421-99e48c8f5480

Экспедиция соңында оқушылар көкейге қондырып, ойға түйген деректерін ғылыми жоба түрінде жарыққа шығаруға сөз берді. Келер оқу жылында терең әрі тың тақырыптарды қамтыған нәтижелі ғылыми еңбектерге куә болатынымызға сенім білдіреміз.

Мөлдір Латифова,

Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале