13.07.2023, 9:15
Оқылды: 50

«Тәрбиенің академиясы – отбасы»

Кейінгі жылдары некенің жиі бұзылуы, отбасындағы зорлық-зомбылық  –  қоғамдағы  өзекті мәселенің біріне айналды. Соның кесірінен сәбилер психологиялық тұрғыда зардап шегіп, бірі  тұтығып  сөйлесе, енді бірінің тілі кеш  шығуда.  Психоневрологиялық есепте тұрған бүлдіршіндердің де қатары қалың. Осы орайда психология саласын 17 жылдан бері зерттеп, бүгінде нейропсихология мен логопедия бағытында еңбек етіп жүрген (Орал қаласына тұратын  маман) Таңжарық Тұрғанқұловпен аз-кем тілдесіп, балалардың тұтығып, кекештеніп сөйлеуінің, аутизм мен дизартрия дертіне  шалдығуының басты себептері  мен  алдын алу жолдарын білдік.

fd720e5b-0eff-41aa-957e-1c1c21036e4d

Нейропсихолог, логопед маманның айтуынша, бала психологиясы, ең бірінші, дәстүрлі отбасылық қарымқатынастың бұзылуынан, жанұяда мейірімділік, бауырмалдық секілді құндылықтардың жоғалуынан зардап шегеді. Сол себепті жоғарыда аталған диагноздармен жүгінген бүлдіршіндерді емдегенде кейіпкеріміз алдымен олардың ата-аналарымен тілдесіп, психологиялық жайкүйін анықтайды екен. Егер анасы күйзелісте немесе ашушаң болса, «Сіз мінезіңізді өзгертпесеңіз, күйзелістен арылмасаңыз, балаңызды қайда апарсаңыз да нәтиже болмайды» деп айтатын көрінеді. Сонда ғана әйел адам қателігін түсініп, отбасылық өкпе-ренішін кейіпкерімізбен бөлісіп, қала берді жылап алып, ойынан шығарғаннан кейін емдеуді бастайды екен. Анасы рухани жеңілдеп, шынайы күліп, ашық-жарық жүрген кезде ғана бөбек те физиологиялық тұрғыда ем қабылдауға дайын болады. Жүргізілген ем-дом да өз нәтижесін береді.

– Құрсақтағы шарананың жетілуі анасының көңіл күйіне, жалпы жағдайына тығыз байланысты. Егер анасы жүкті кезінде күйзеліске түссе, уайымдаса немесе түсік тастаймын деп ойланса, нәрестенің физиологиялық дамуында ақау болады.

13112e54-1aea-4c44-b3ea-85767dd18f25

Мысалы, аяғы ауыр келіншек қатты қорыққан кезде құрсақтағы шарана бір миллиметр қозғалып кетуі мүмкін. Мұндай кезде сол жердегі жүйке тамырлары дамымай қалады. Міне, содан бастап сырқат меңдей береді. Бұрын әжелеріміз иттен қорыққан жүкті жеңгелерімізді шалқасынан жатқызып қойып, өкшесімен жарды тепкізетін. Сол кезде шарананың орнына келетінін айтатын. Одан кейін қазақта құрсақ шашу деген керемет дәстүр бар. Сәби күтіп жүрген анаға бұл да – психологиялық демеу. Жүкті келіншектерге ауыр салмақ көтертпейтін. Мұның бәрі – қазақ тарихында бар, тәжірибемен сыналған жазылмаған заңдылық. Нәресте дүниеге келген соң әжелері бесік жырын айтады. Неге қазір сәбидің сөйлеу тілі кеш шығады? Өйткені бөбек екі айға толғанда оның танымдық үрдісі басталады. Сол кезде онымен танымдық бағытта тікелей қарым-қатынас орнатылмайды. Нәресте ұқпаса да, оған ертегі оқып, бесік жырын айтыңыз. Осылайша танымдық түсінігі қалыптасады. Бұрынғы ата-әжелердің бауырында өскен баланың дүниетанымы кең, сөздік қоры мол болады.

Кешегі Абай, Шоқандар – ұлттық құндылыққа қанып өскен ұрпақтың өкілдері.

Ал қазір жас аналар баласы жыламасын деп телефоннан мультфильм, әуен қосып қояды. Содан баланың сана-сезімі, ойлауы дұрыс қалыптаспайды. Телефонға телмірген ата-ананың да тіл байлығы сарқылады. Жалпы бүлдіршін 10 жасқа дейін танымдық талдау, сараптама жасауды білмейді, яғни олар бұйрықпен, қалыптасып қалған бағдарламамен жүреді. Ата-анасы «Барып кел, алып кел, жоғарыға көтеріп қой» дегенде, «Ол не үшін керек? Неге?» деген сұрақтарды қоймайды. Он жастан кейін «Сіз былай дедіңіз, неге?», «Неге обал болады дейсіз?», «Обал деген не?», «Не үшін қажет?» деген сұрақтарды қоя бастайды. Яғни бала сараптама жасауды үйренуде. Сараптама жасап үйренгенге дейін бүлдіршін кез келген ақпаратты ана тілінде алуы қажет. Шетелдік ғалымдар сәби тілінің және ақыл-ойының кеш дамуына белгілі бір деңгейде екпенің де әсері бар екенін айтуда. Өйткені кей екпенің құрамында сынап секілді металдар көп кездеседі, –  деді  ол.

Нейропсихолог маман тәрбиенің академиясы – отбасы, ал балабақша, мектеп, университет немесе қоршаған орта балаға қосымша даму ортасы болып есептелетінін айтады. Сондай-ақ кейіпкеріміз 2015 жылдан кейін дүниеге келген бүлдіршіндердің сөйлеу тілі кеш дамып жатқанына тоқталды. Мұндай жағдайдың бірден-бір себебі – балғындардың ата-аналарының, яғни жастардың психологиялық тұрғыда ерлі-зайыпты болуға, отбасылық өмірге, бала тәрбиелеуге дайын болмауынан. Отбасылық психотерапияның заңдылығында  жаңадан шаңырақ көтерген ерлі-зайыпты алғашқы төрт жылға дейін лидерлікке, яғни жанұяда көшбасшы болуға таласатындығы жазылған. Егер осы уақыт аралығында бұл мәселе шешілмейтін болса, олар төрт-жеті жыл аралығында бірін-бірі кемсітіп өмір сүретін көрінеді. Яғни «Сенің төркінің ештеңе алып келген жоқ. Менің ағам мынаны сыйлады» деп санаса береді. Бұл мәселелер де реттелмесе, 10-15 жылда немесе перзенттері өскен соң жұбайлар ажырасып  тынады.

– «Балам сөйлемейді, ыммен түсіндіреді» немесе «Қызым сөздің соңғы буындарын айтпайды» деп кеңес сұрап келетін ата-аналар көп.   Бала ойын арқылы өседі. Аутизм, дизартрия дерттеріне шалдыққан бүлдіршіндерді асықпен, құммен, доппен ойнатамын. Қолдарының ұсақ маторикасына массаж жасасақ, ми қызметі дами бастайды. Аутизмге шалдыққан бала сөздің орнына дыбыстарды қолданады. Оларға алдымен екі әріптен айтқызып үйретеміз. Кейін үш, одан соң төрт әріптен құралған сөздерді айтқызамыз. Алты әріпті сөздерді айта бастағанда, сөйлем құратамыз. Ертегі терапиясын қолданамын. Перзентіңізге күніне бір ертегі оқып беріңізші, бір жылдан кейінгі нәтижеге өзіңіз таңғаласыз. Сырқат сәбидің сауығып шығуына әсер ететін бірден-бір терапия – массаж. Нүктелік, логопедиялық және бұлшық еттерді дамытуға арналған массаж жасаймын. Гиперактивті және аутизмге шалдыққан балаларға Холдинг терапияны қолданамын. Бұл – баланы қатты қысып құшақтайтын емдеу әдісі. Бүлдіршін мазасызданып, ашуланып, эмоциясын көрсетіп, жылайды. Іштегі қысым шыққаннан кейін ол айтқан мәліметті қабылдайды. Қысым неден пайда болады десек, ата-ананың күйзеліске түсуінен, созылмалы ауруға душар болуы, түрлі жағдайларға көңіл күйінің бұзылуынан пайда болады. Сондықтан өмірге дені сау ұрпақ әкелемін деген ата-ана, ең бірінші, өздерінің психологиялық жай-күйіне мән беру керек. Күйзеліске жиі түсетін анадан өзі секілді суицид жасауға бейім бала дүниеге келеді. Ұрпақ тәрбиесінен бұрын ата-ана өзін тәрбиелегені жөн. Өйткені «Бала – ата-ананың айнасы», – деді нейропсихолог, логопед Таңжарық Тұрғанқұлов.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале