17.07.2023, 17:00
Оқылды: 140

Шыңғырлау ауданына 95 жыл

Бірлігі бекем, тірлігі тындырымды Шыңғырлау ауданы үшін биыл ерекше жыл. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның құрылғанына 95 жыл толғалы отыр. Бүгінде ұлттық сананың жаңғыруы да, құндылықтарымыздың насихатталуы да сол ауылдан, туған өлке тарихынан, өлкетанудан басталады.

326368145_925251682219465_6523150685017305003_n

Туған жеріне деген сүйіспеншілігін, еліне деген мақтанышын, ұлы ерліктерімен, ерен еңбегімен ел есінде қалдырған жерлестер есімін жас  ұрпаққа үлгі ету - басым бағыттардың бірі болып саналады. Биыл аудан мерейтойымен тұспа тұс келіп тұрған Кеңес Одағының Батыры Георгий Шевцовтың туғанына және Данқ орденінің толық иегері Бейсенғали Мұқамбетовтің туғанына 115 жыл, аудан шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан Еңбер Ері Молдағали Қуантаевтың туғанына 110 жыл тоғалы отыр. Сонымен бірге медицина саласының ардагері, білікті дәрігері болған Шилі орта мектебінің типтік ғимаратын, аудандық аурухананың, Белогор мектебінің салынуына, теміржол министрлігі арқылы Шыңғырлау стансасында Алматы-Мәскеу жүрдек поезының тоқтауына ықпал еткен Сания Даулетжанованың туғанына 80 жыл, аудандық «Серпін» газетінің жарық көре бастағанына 85 жыл  толғалы отыр.

Шыңғырлау орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша барлық ауылдық кітапханаларда «Шырайлы өлке Шыңғырлау», «Шуақты мекен Шыңғырлау», аудандық кітапханада «Шарықтап, шаттана бер, шырайлы өлкем!» атты кітап көрмелері жасақталып жатыр.

Өлке тарихына көз салар болсақ, Шыңғырлау ауданы – аймақтағы көне аудандардың бірі. Шыңғырлау ауданы 1897 жылы Орал уезіне енген Шыңғырлау және Шілік болыстығы болатын. Шыңғырлау болыстығында 7 ауыл, Шілік болыстығында 12 ауылдан тұратын бұл аймақ халқының саны да бірінде 5 110 адам, екіншісінде 13 552 адам болған деген мәліметтерді аудандық мұрағат деректері келтіреді.

Шыңғырлау болысы

Болыстың солтүстік бөлігі Орал қазақ әскерлері қоныстанған жерлерімен және Жайық өзеніне дейін келіп, сонымен қатар Балапанкөл, Аралтал өзендерінен және Утва өзенінің ұсақ салалары: Ащыөзексай, Аққұдықсай, Бөгетсай сияқты ұсақ сағаларымен шектескен. Болыстың орталық бөлігі Утва өзенінің солтүстік жағалауында Шыңғырлау өзені мен Бөрлі болысының бағытындағы шекарада орналасты. 1897 жылы Шыңғырлау болысын Сарыбала Жаманжігітов басқарады.

326460624_1216135005663783_3607944942441583239_n

Құнарлы жер, жасыл жайылым, балыққа бай өзен жер аударылғандарды бірден өзіне тартты. Епті де, қолы жүйрік жандар лавкалар ашып, піскен нанды Ресей облыстарына жөнелтіп отырды. Көршілес ел, Ресей өнеркәсібінің дамуы біздің ауданға да әсерін тигізе бастады. Сондықтан ауданға азғана болсын сауатты, оқыған адамдар қажет болып, губерния басшылығы осы жағдайды ескере отырып Шілік ауылында екі жылдық мектеп ашуға шешім қабылдайды. Құрылысты жүргізу үшін құрылыс материалдары қажет болғандықтан, алаңқайда уақытша кірпіш зауытын ашады. Зауыттағы жұмыс оңай болмады. Барлығы қолмен жасалды. Тек үш жыл болғанда ғана бір  шағын  мектептің құрылысына жетерліктей кірпіштер жасап шығарылады.

1893 жылы алғашқы рет  аудан аймағында 31 адамға арналған алғашқы оқу орны ашылады. Кедейлердің балаларына ол мектепте оқу оңайға түспеген. Мектепке көбінесе байлар мен молдалардың, саудагерлер  мен ауқатты адамдардың балалары қабылданған. Уез мектепте дәріс беруге екі мұғалімді жіберген. Солардың тек бірінің аты сақтаулы, ол – Ахмет Қошқарбаев. 1896 жылдан бастап мектеп  бір сыныптық орыс-қырғыз училищесі болып аталады. 1908 жылы училище меңгерушісі қызметін Иван Филимонов атқарады. Училищеде интернатта болған. Шілік ауылының маңында бір кездері айтарлықтай тіршілігі қайнап жатқан Қонақай шағын ауылы болған. Қасынан темір жол салынған. Қонақай ауылындағы алғашқы су тасушы Жоныс Жортқанов еді, кейін ол ақ гвардияшылар қолынан қаза табады.

Ауданның кейінгі рәсімделуі Кеңес үкіметі кезінде өтті. 1920 жылы 12 қазанда Кеңестердің І Құрылтай съезінің шешімі бойынша құрамына 6 уезі бар Орал губерниясы құрылды. Қазіргі Шыңғырлау ауданы ол кезде Успен, Шілік, Шыңғырлау болыстары болып Елек уезіне қарады. Кейін ҚазАКСР ОАК-тың 1923 жылдың 5 шілдедегі шешімімен Ешқарған және Полтава болыстары Шілік болысына қосылды, орталығы – Шілік кентінде, ал Алмазный, Қарағаш, Кіндікті, Отрадный, Торатбасы болыстары Лубен болысына қосылды, орталығы Лубен кентінде болды.

1927 жылы Орал губерниясы таратылып, орнына Орал округі құрылды. Құрамында Лубен, Шілік, Қарашығанақ болыстары бар үлкен көлемдегі аймақ алдымен Елек уезіне, ал кейін ол таратылған соң, Ақтөбе уезіне қарады. Жердің жартысы Бөрлі болысы құрамында Орал уезі құрамына енді.

1928 жылдың 17 қаңтарында Лубен мен Шілік болыстығы біріктіріліп, Шілік ауданы пайда болды. 1928 жылдың 23 маусым айында Шілік ауданы Шыңғырлау ауданы болып өзгертіліп, 1930 жылы 17 желтоқсанда Орал маңы мен Бөрлі болыстығы жерінің есебінен жер көлемі ұлғайтылды. Кейіннен 1931 жылы 6 қаңтарда Бөрлі болыстығы аумағының Орал ауданына берілуіне орай, жер көлемі азайтылды.

6549D9FF-503F-4B4F-83B4-E67C9B01EF61

1932 жылдың 10 наурызында Батыс Қазақстан облысының  Шыңғырлау ауданы деп аталынды. Біздің ауданымыздың аудандық бірлік ретінде заңды тіркелуі және аталуы осы 1932 жылдан басталады.

1933 жылдың 9 қаңтарында аудан орталығы Шілік ауылы Шыңғырлау ауылы болып қайта аталды.

Ауданның негізгі тарихи қалыптасқан тұрғындары қазақтар еді. Ал ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында басталған орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы нәтижесінде аудан тұрғындарының көп ұлтты құрамы қалыптаса бастады. Ауданның экономикалық дамуы әлеуметтік құрылымның өзгеруін туғызды.

Аудан шаруашылығының негізгі бағыты бастапқыда қосалқы мал шаруашылығы бар дәнді дақылдар өсіру болды. Кейін 1930-шы жылдардың аяғында мал шаруашылығына басымдық беріп, егін шаруашылығын дамытып отырды. Мал шаруашылығында ірі қара, қой мен ешкі малын өсіру қолға алынды.

Арнагүл Райымқұлова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале