Шілденің орта шеніндегі екі -үш күндік нөсер жаңбыр сырымдық диқандардың үмітін көктеткендей. Жаңбыр себелесе, «Егінге тиді ме екен?» деп алаңдатып отыратын ақтілеу халық та жауған нұрды жақсылыққа балап отыр.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Аралтөбе, Талдыбұлақ және Алғабас ауылдық округтерінде болып, егінжайлармен танысты.
- Кезекті жұмыс жоспарына сәйкес аудан бойынша егістік алқаптарын аралап, өнімдердің шығымдылығымен танысып, шаруалармен тілдестім. Ауа-райына, орналасқан жерлеріне байланысты әрбір алқапта егіс өнімділігі әр түрлі. Шілде жауынды болды. Өнімділік деңгейі жоғарылап, нәтиже ойдағыдай болады деген үміттемін, – деп жазды ресми парақшасына аудан әкімі.
Егіннің еңбегінен қашпай, даланың дәстүріне адал болып келе жатқан осы үш ауылдың қатарына Шолақаңқаты ауылдық округін де қосамыз. Қазіргі таңда шаруалар күздік бидайды оруға даярланып, масақ пен қауыздың жауын ылғалынан сәл кебуін күтіп отыр.
2022 жылы қар түспес алдын Сырым ауданы бойынша бес шаруашылық 2655 га жерге күздік бидай еккен. Айтқанымыздай, дала кемелері – комбайндар дән теңізіне түспекке жағада тұр. Күздік бидай – жиын – теріннің алғашқы дәмі, диқанның алғашқы несібі.
Жалпы ауданда 36 шаруашылық құрылымы 22 050 га алқапқа көктемгі егіс салған. Жіктесек, майлы дақылдың көлемі – 9 379 гектарды, дәнді дақылдың көлемі – 10 793 гектарды құрайды. Ал 1878 гектар - екпешөпке тиесілі.
Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаевтың айтуынша, биыл екпешөптің көлемінде алға жылжу бар. Нақтырақ айтқанда, 1010 га алқапқа кеңейген.
- 868 гектар алқапты біржылдық судан шөбі құрайды. Судан шөбі – сүтті сиырларға жағатын, сүт көлемін ұлғайтатын қорек, – дейді Ахат Аралбаев.
Иә, егін - малға азық, мал – жанға азық. Сырым ауданының экономикалық даму көрсеткіштерін қарап отырсақ көңіл қуантатын цифрлар бар екен. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша Сырым ауданында ілгерілеу бар. Мәселен, былтырғы жылдың қаңтар-мамыр айларында 1743,5 тонна ет өндірілсе, биыл осы кезеңде сырымдық шаруалар межеден асып, өндірілген ет көлемін 1792,9 тоннаға жеткізген. Сүт те солай. 2022 жылы 3 173,9 тонна сүт өндірілсе, биыл 3 216,6 тоннаға жетіп, көрсеткіш 101,3 пайызға жеткен. Жұмыртқа алу 610 мың данаға дейін өскен. Былтырғыға қарағанда 4000 данаға көп.
Сапалы мал азығына көшу, екпешөп мәдениетін дамыту, жалпы мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтардың егіндік алқабы да болу керек деген әңгімелер күннен – күнге өзектілігін көрсетіп отыр. Азық көлемінің сапа әрі көлем жағынан өсе түсуі ауылшаруашылық өнімдерінің көлеміне тікелей әсер ететінін жаңағы сандардан байқауға болады.
Газеттің алдыңғы сандарында пішеншілер ауылының тынысымен таныстырған едік. Диқандар ауылында да дүбір басталғалы тұр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz