20.07.2023, 9:45
Оқылды: 183

Ақ Жайықтың Ақмаржаны

Сонау жылдары жыр көгінде ақша бұлттай қалқыған ақын Ақмаржан Таубаеваны оқырман қауымның ұмыта қоймағаны анық. Ол 1958 жылы 17 қарашада Теректі ауданының Қандық ауылында өмірге келген. Әуелі Орал педагогикалық училищесін, сосын, Орал педагогикалық институтын бітірген Ақмаржан апамыз еңбек жолын Қандық негізгі орта мектебінде бастауыш класс мұғалімі қызметінен бастады.

Акмаржан Таубаева

«Тілші болу – көп атынан сөз алу,

Айтып-айтып ар алдында тазару», – деп ағынан жарылған Ақмаржан Бақытқызы өлең өлкесінен алыстамай, 1981-1990 жылдары Ақжайық аудандық газетінде, одан кейін облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшілік қызмет атқарды. 1983 жылы 25 жасында-ақ қарымды қалам иесі Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшелігіне қабылданады. Ал 1990 жылы Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебіне тыңдаушы болып қабылданған Ақмаржан ақынның сәулелі шақтары өнер мен мәдениет ордасында басталғандай еді.

«Ақын Ақмаржан өз ғұмырында Шалқар көлі мен туып-өскен ауылы Аңқатыны сонша сүйетін, туған жерді сүю – ақындарға ортақ құбылыс, бірақ Ақмаржан өзгелерден де бөлек жақсы көретін сияқты. Өлеңінің тағдыры үшін әсем Алматыда қалуына болар еді, жоқ, ол елге оралды. Қазақ қызына қалам ұстаудың қиын жолын кеше жүріп, қайсар Ақмаржан қос бесік тербетті, ұл мен қыз өсірді» деп жазды Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева Ақмаржан ақынның өзі өмірден өткенінен кейін жарық көрген «Құлын дауысты жыр әлем» атты жинағының  алғысөзінде.

«Демеймін – қонған  сізге  бір  күндік  бақ,

Ғалымға әр сағат пен әр күн қымбат.

Ізденіс, ұйқысыз түн, күлкісіз күн,

Тұрғандай  бақыт  болып  қолын  бұлғап», – деп қалам тербеген ақын 1994 жылы туған жеріне оралды. 1994-1996, 1998-2001 жылдары Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет атқарып, мұғалім болуға бел буған шәкірттерге дәріс берді.

Ақ Жайықтың ақын қызы 2002 жылдан бастап «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Журналистикамен қатар, өлең жазудан қол үзген жоқ. Қаламын жанына қуат еткен Ақмаржан  Бақытқызы қай қызметте істесе де, ана тіліміздің тұғырын биіктетуді мақсат тұтты.

«Ей, өлеңім, сен арқылы

Өмір дәмін түсіндім.

Шамам жетсе келмейді әсте

Абыройыңды түсіргім», – деп жырлаған оның поэзия әлемінде алатын орны ерекше.

Өлең өлкесінде өз жырын әлдилеген ақын жаны нәзік те батыл. Оның өлеңдерінде өжеттік те, табандылық та, іңкәрлік те сезіліп  тұрады.

«Жасымнан  мен өлеңге ғашық болдым,

Өзіңмен кездескенде тасып-толдым.

Өлеңге жаны ауырмас жанды көрсем,

Мен одан құтылғанша асық болдым», – дейді өлең өлкесінің жанашыры, ақын. Өлеңді пір тұтқан ақынның «Нұр-апасы Жайықтың», «Жайықтың ақ самалы», «Асыл арқау», «Ұстаздар әлемі», «Өмір өрнектері», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Құлын дауысты жыр әлем»  атты  кітаптары  жарық  көрді.

«Қымбат-ау елің,

Өз туған жерің,

Қып-қызыл дауыл тұрса да борап.

Өз туған жерім – Аңқатым менің,

Сен жаққа жүрмін сағына қарап», –

деп туған өлкесінде жүрсе де, туған ауылын өлердей сағынатын ақынның мінезі батыстың батыр қыздарына тән. Турашыл, шыншыл. Өзгелердей емес, өзінің дара жолы бар екенін айналасына  ұқтырып  кетті.

«Ақмарал да, Ақкенже  де  емеспін,

Туғанымнан  Ақмаржан боп  мен өстім.

Жерлестерім, шатастырма  атымды,

Өзге есіммен келмейді еш теңескім», –  деп жырлаған өмірде жайлы, өлеңде мінезді ақынның аты жырсүйер қауымның көңіл төрінде сақталатыны сөзсіз.

Аида Жоламанова,

Орал қалалық кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале