20.07.2023, 10:45
Оқылды: 111

Ауыл мәдениетінің тынысы тарылмасын

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан алынған ресми мәліметке қарағанда облыс бойынша 679 мәдениет мекемесі жұмыс істейді, соның ішінде 2 драма театр, 2 концерттік мекеме, 360 кітапхана, 259 клуб, 5 автоклуб, 5 кинотеатр, 15 киноқондырғы, 23 музей, 1 көрме залы, 2 орталық, «Атамекен» өнер ордасы және тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бар.

yufPIT4Sy7xQArI2rHOuM3rgH0VIgp

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері облыста 102 мәдениет үйі мен клуб ашылған. 10 мәдениет мекемесі жаңа салынған ғимаратқа көшірілсе, 220 мәдениет орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында ұлттық қордың нысаналы трансфертінен қаржы бөлініп, Бөкей ордасы ауданындағы Бисен ауылдық мәдениет үйінің және Тасқала ауданындағы Мерей ауылында мәдени-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған. «ҚПО б. в.» компаниясы инвестициясының есебінен Хан ордасы музей-қорығының визит орталығы мен әкімшілік ғимаратының құрылысы басталып, биыл бітіру көзделуде. Сондай-ақ Ақжайық ауданындағы Мерген ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу жоспарланса, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Кітапханаларды модернизациялау жұмыстары қолға алынып, қала мен аудандарда 14 коворкинг және 4 комьюнити-орталығы ашылған. Кейінгі жылдары ауылдық кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуда біраз іс атқарылған.

Алайда аудан мәдениетін дамытуға, өркендетуге үлкен үлес қосатын, елдің рухани қазынасы саналатын мәдениет үйлерінің жағдайы түбегейлі түзеліп кетті деп айтуға ертерек. Олардың көпшілігі өткен ғасырдың 70 жылдары салынған. Облыстық мәдениет басқармасы мәдениет ұйымдарының жұмысын үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы Гүлмира Қауланованың айтуынша, бүгінгі таңда ауылдық жердегі 9 мәдениет мекемесі ауыл әкімдігі мен мектеп ғимаратында жұмыс істеуде. Өйткені бұл мәдениет ғимараттарының тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр. Мәселен, Ақжайық ауданындағы Томпақ, Шабдаржап ауылдық клубтары құлау қаупінде болғандықтан, қызметкерлері ауылдағы мектептің ғимаратын паналап отыр. Қабыршақты ауылдық мәдениет үйі мен Көнеккеткен ауылдық клубы қызметкерлері ауылдық округ әкімдігінде қоныс тепкен. Сол сияқты Бәйтерек ауданындағы Қаражар, Щапов ауылдарындағы мәдениет орындары балабақшада, Достық ауылдық клубы ауыл әкімдігінің ғимаратында жұмыс істеуде. Казталов ауданындағы Талдыапан ауылдық мәдениет үйінің, Жаңатаң ауылдық клубының қызметкерлері мектептің бір бөлмесінде отыр. Қаратөбе ауданындағы Үшағаш ауылдық клубы ескі ғимаратта орналасқан.

Ақжайық ауданындағы Қабыршақты ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Фарида Хасанова аталған ауылдағы мәдениет үйін былтыр құрылысты бағалаушылар қарап, тексеріп, күрделі жөндеуге жатпайтынын, бұзуды ұсынғанын айтты.

– Мәдениет үйіндегі залдың төбесі опырылып, құлап тұрғандықтан, қызметкерлерге мұнда отыруға болмайды. Қазір осында қызмет істейтін 5-6 адам ауыл әкімдігі ғимаратының бір бөлмесінде отырмыз. Мәдени іс-шараларды қыста мектепте, жазда ауылдағы спорт алаңында өткіземіз.  Мәдениет үйінің жері белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттары нақтыланды. Типтік үлгідегі 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы қашан басталатынын нақты айта алмаймын. Көнеккеткен ауылына биыл салынбақ, себебі бұл ауылда бұрын мәдениет үйі болмаған. Томпақ, Шабдаржап ауылдарымен салыстырғанда бізде халық көп, 935 тұрғын бар. Мәдениет үйі жанындағы 6 үйірме мектепте жұмыс істеуде. Арнайы орын болмағасын, осы үйірмелердің және әжелер ансамблінің жұмыс қарқыны бәсең тартып, ақсап тұр, – деді  ол өз сөзінде.

Жаңақала ауданындағы Қырқопа ауылдық мәдениет үйі де 2-3 жылдан бері жабық, ауылдағы мәдениет қызметкерлері әкімдік ғимаратында отыр. Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мұхит Сисеновтың сөзінше, ауылдағы мәдениет ошағының апатты жағдайда тұрғанын жұртшылық жиындарда мәселе қылып көтеріп, тиісті құрылымдардың назарына салған.

– Бүгінгі таңда мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ауқымында республикалық бюджеттен 311 млн 289 мың теңге қаржы бөлінді. Биыл ғимараттың құрылысы басталады деп күтілуде. Қырқопадағы мәдени іс-шаралар аудандық білім беру бөлімімен жасалған келісімшартқа орай қазір ауылдағы мектептің акт залында өтіп жүр, – деді Мұхит Батырханұлы.

Ауылдардағы кейбір мәдениет үйлері мен клубтардың жайы осындай. Басыбайлы ғимараты жоқ.  Өнер ошақтары жағдайға байланысты амалсыздан өзге мекемелердің ғимаратында үй ішінен үй тігуде. Әкімдік ғимаратының аядай бөлмесінде мәдени ісшара ұйымдастырудың өзі мүмкін емес. Сондықтан бірнеше адамның басын қосқан жиын да, думанды өнер кеші де мектептің акт залында, ауылдағы спорт алаңында өткізіледі. Аудандар бойынша киноқондырғы аппараттары тозғандықтан, қазір мәдениет үйінің сахнасында құрылған ЛЭД-экран арқылы көрсетіледі. Кинотеатрлар мен киноқондырғылар арнайы ЛЭД-экрандармен қамтылмаған. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қосымша проектр, ЛЭД- экран, заманауи технологиялар қажет.

Соңғы жылдары кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінуде. Казталов, Қаратөбе аудандық орталық кітапханасы күрделі жөндеуден өткізілген. Бүгінгі таңда Бөкей ордасы, Тасқала аудандарындағы Саралжын, Оян ауылдық кітапханалары күрделі жөндеуді қажет етеді. Оян ауылдық округінің әкімі Сансызбай Бақтығалиұлының айтуынша, кітапхана 1970 жылдары салынған.

– Ғимарат 50 жылдың ішінде әбден ескірді. Төбесі мен терезесін қазіргі заманғы үлгімен салу керек. Қажеттілігіне қарай қаражат мәселесі қарастырылуда. Қаржы болса, алдағы уақытта кітапхананы күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі.

Облыста мәдениет саласының оң істерімен бірге ше-шімін күткен мәселелер аз емес.  Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары музыкалық дыбыс күшейткіш аппаратура, сахна киімдері, музыкалық аспаптармен толықтай қамтамасыз етуді қажет етсе, Казталов, Жаңақала аудандарында би ансамбліне киім жетіспейді. Осы аудандарда және Қаратөбе ауданында кеңсе жиһаздары тапшы. Бәйтерек, Теректі аудандарында халықтық атағын иеленген өнер ұжымдарының жетекшілеріне штаттық кестеге бірліктер енгізу, сонымен қатар клуб мекемелерін заманауи бірегей ақпараттық жүйеге біріктіру, шалғайдағы мәдениет нысандарын интернет желісіне қосу, компьютерлік техникамен жабдықтау жұмыстарына байланысты мәселелер бар. Мәселен, Жәнібек аудандық демалыс орталығының басшысының міндетін уақытша атқарушы Лариса Абдуғалиеваның айтуынша, ауылдық мәдениет үйлеріндегі музыкалық аппаратуралардың сапасы сын көтермейді. Мемлекеттік сатып алу арқылы алынатын аппаратураның құны қымбат та, сапасы өте нашар.

– Портал арқылы құны 600 мың теңге тұратын музыкалық аппаратураға тапсырыс берсек, 400 мың теңгенің  Қытайда жасалған аппаратурасы келеді. Ол әрі кеткенде 1-2 жылға шыдам береді де, қолдануға жарамай қалады. Аудандық, ауылдық мәдениет үйлеріндегі сахна киімдері бұдан 7 жыл бұрын алынғандықтан, өңі кетіп, көнерді. Сол сияқты «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі, аудандық театр, хор, ауылдардағы бишілер ұжымдары сахналық костюмдерінің алынғанына 15 жыл болды, қазір әбден ескіріп, тозығы жетті. Ауылдық мәдениет үйлерінің өнерпаздарына аудандық мәдениет үйінің тамтығы жеткен костюмдерін береміз. Ауылдағы өнерпаздарға арнайы киім тіктіріп көрген емеспіз. Компьютер мәселесі қиындық тудырып отыр. Ауылдық мәдениет үйлері компьютермен қамтылмаған, ондағы қызметкерлер өзінің жеке компьютерін, ноутбугін жұмысқа пайдалануда. Сондай-ақ ауылдық мәдениет үйлерінің бірде-біреуі интернет желісіне қосылған жоқ. Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы аз. Мәселен,  оқу бітіріп, жаңадан қызметке орналасқан жас маман биыл қосылған 22 пайызды есептегенде 150 мың теңге алады, – деді ол.

Жалақы демекші, мәдениет қызметкерлері әлі күнге дейін санаты жоғарылып, еңбек-ақысы өсіп жатқан мұғалім, дәрігер секілді мамандардың қатарынан орын ала алмай отыр. Облыстық мәдениет басқармасының экономисі Биназир Ғабдырашиеваның сөзінше, мәдениет қызметкерлеріне еңбек өтіліне байланысты коэффициент қояды.

– Ауылдағы мәдениет қызметкерлерінің жалақысын нақты айта алмаймын. Әркім-нің жалақысы әртүрлі. Мысалы, театр әртістерінің 10-13 жыл еңбек өтілі болса, 85 мың теңге жалақы алады. Ал костюмердің 25 жыл еңбек өтіліне 58 мың еңбекақы белгіленген. Оны 1,45 коэффициентке көбейткенде костюмердің айлық жалақысы 84 мың теңге болады, – дейді ол.

 

Нұрымбек Жапақов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале