21.07.2023, 10:15
Оқылды: 27

«Ауыл аманаты»: Сырым ауданына алғашқы миллиондар келе бастады

Халықтың табысын арттыруға арналған бірегей жоба – «Ауыл аманаты» бүгінге ауыл халқының қызу қолдауына ие. Осы жоба аясында Сырым ауданында 203 адам 2,5 пайыздық өсіммен несие алуға өтінім берген. Бұл туралы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланған жиында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов айтты.​

 IMG_4565
- 203 адам бизнес жоспарын ұсынды. Барлық жобаның ортақ құны 1382,7 млн. теңгені құрайды. Демек, ауданға миллиардқа жуық инвестиция түседі, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Қазіргі уақытта 125 несие алушының құжаты «Aqjaiyq» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тіркеуге алынды. Ал 11 несие алушының құжаты толық мақұлданып, комиссия қарауынан өтті. Алты үміткер 59 млн 950 мың теңге қаражатты есеп шотына қабылдады. Соның ішінде, бір ауылшаруашылық өндірістік кооперативі сүтті бағыттағы мал өсіру үшін 18,100 млн.теңге алған. Бұл - өте өрісті жоба. Осы сияқты қалған бес кәсіпкер де 41,8 млн.теңгені толықтай сүт өндірісіне арнауға ниетті.
IMG_4571
Айта кетейік, өңірде «Сүт белдеуі» жобасы аясында сүтті бағыттағы малдың басын 6000-ға жеткізу межесі белгіленді.
Бүгінгі таңда облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің жұмысын жандандыруды тапсырып отыр.
Тапсырмаға сай Сырым ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды өндеу, тынығу орындарын ұйымдастыру және мал сою алаңы қызметтерін көрсететін екі кооператив жұмысын бастамақ.​
«Ауыл аманаты” жобасының жаңалығымен қатар, түйткілдері де көп. Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев жобаның мал басына белгілеген бағасы арзан деп есептейді. Мәселен, «Ауыл аманатының» талабында ірі қараның құны - 400 000 теңге деп белгіленген. Оған, сиыр түгіл, баспақ келмейді. Асыл тұқымды мал тіпті қымбат.
Сырым аудандық мәслихатының депутаты Жасқайрат Кенжебаев:
- Осы сәйкессіздік қой бағасында да бар, – дейді.
13 тен 30 айлыққа дейінгі ұсақ малдың құны 50 000 деп белгіленген. Бұл бағаға тек көктемнің төлдерін алуға болады. Сонымен бірге жоба малды тасымалдауды да қаржылай қолдаса деген ұсыныс бар.
Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев екпешөпті субсидиялау, кепілі жоқ азаматтарға несие беру механизмдерін жетілдіру, ең басты мәселе - вахталық ауысымда қызмет жасап, бір айын жұмыста, ал тұтас бір айын бос өткізетін тұрғындарды еңбекке тарту туралы мәселе айтты.​
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша нақты сұрақтарға Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы Ринад Мұсағалиев, «Aqjaiyq» әлеуметтік - кәсіпкерлік коорпарациясының бас менеджері Азамат Ахметов жауап берді.​
Мамандардың айтуынша, жобаға өтінім қабылдау 1 тамызда тоқтатылады. 1 қыркүйекке дейін барлық жоба қарауда болады.
Бауыржан Ширмединұлы,​
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале