Сыбайлас жемқорлық еліміздің экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келтіріп қана қоймай, нарықтық экономиканың дамуына кесірін тигізеді. Сондықтан қоғам дертімен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы онжылдық стратегиясы қабылданды. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарта отырып, деңгейін төмендету. 2015 жылдың 18 қарашасында ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қабылданды. Заң 17 баптан тұрады. Онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік құрылым басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі көрсетілген. Бұл заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
Заңның 1-бабында сыбайлас жемқорлық ұғымына келесідей түсінік береді: «Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу». Осы анықтама сыбайлас жемқорлық құбылысының мәнін тереңірек ашады. Өйткені анықтамада сыбайлас жемқорлықтың субъектілерінің шеңбері ұлғайған, мемлекеттік, лауазымды адамдардан бөлек, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен оларға параны жеткізушілер, делдалдар да осы ұғымдарға кіреді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың мақсаты тек қана өзінің жеке басына пайда табу ғана емес, үшінші тұлғаларға игіліктер мен артықшылықтар алу немесе олардың тиесілі емес игіліктер мен артықшылықтарды пайдалануы екені нақты көрсетілген. Сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтар адамдар арасында материалдық, өзге де игіліктер мен басымдықтарды беру, қабылдау түрінде жасалады.
Сыбайлас жемқорлық үшін жағдайлар жасайтын және оны қамтамасыз ететін құқықбұзушылықтар (қызметтің мүдделеріне қарсы қызметтік өкілеттіктерді пайдалану, билікті артық қолдану және т. б.) да осы сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылыққа жатады. Жалпы мұндай заңбұзушылықтар сипатына қарай қылмыстық-құқықтық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік деп бөлінеді.
– Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлық – қауіпті дерт. Ол қоғамның демократиялық негіздеріне қатер төндіреді, заң мен әділеттікке сенімді азайтады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін, алдымен, мемлекеттік құрылымдарда қызмет жасайтын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің өздерінің, халықтың құқықтық санасын, құқықтық мәдениетін арттыратын тиісті шаралар қолға алынуы қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің материалдық жағдайларын арттыру керек. Құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Сондықтан ондай адами қасиеттердің тұрақтылығын арттырып, жетілдіруге көңіл бөлінгені дұрыс. Жалпы нормативтік-құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаудың пәрменділігін арттырған орынды.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының әділет департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-шаралар жоспарлап, жүзеге асыруда. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамасын насихаттау және түсіндіру бойынша департаменттің, сот актілерін орындау бойынша ауданаралық аумақтық бөлімдердің мемлекеттік қызметкерлері жоспарлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Биылғы І тоқсанда екі семинар өткізіліп, интернет-ресурстарда екі материал жарияланды.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, бас бостандығынан айыру мекемелерінде болудың ауыртпалығын сезіндіру мақсатында әділет департаментінің мемлекеттік қызметшілері биылғы наурыз айында Орал қаласындағы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу абақтысына ұйымдастырылған экскурсияға қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ашкөздіктің, тойымсыздықтың, қоғам дертінің алдын алу мақсатында әділет департаментінің ғимаратында азаматтарды қабылдау кезінде рұқсатнама режімі және «сенім телефоны» тұрақты жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу, құқықтық мәдениетімізді қалыптастыру – мемлекеттік құрылымдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы екені сөзсіз.
Әлия Қарекесова,
облыстық әділет департаменті әкімшілік бөлімінің басшысы