Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ жазғы универсиадада өнер көрсеткен Ұландық сарбаз Сұңғат Жұбатқан ел қоржынына алғашқы қола жүлдені салып, ел мерейін бір асқақтатты.
66 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен балуан - Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінің сарбазы. Қатардағы жауынгер белдесу алаңында Өзбекстандық қарсыласын жығып, қола медаль қанжығалады. Жас дзюдошы халқымен белдесуден кейінгі қуанышымен бөлісті.
- Өте керемет өтті. Әрбір белдесу қызықты, тартысты әрі қиын болды. Өте қуаныштымын. Негізі Қазақ еліне алтын сыйлаймын деген ниетпен келгенмін. Енді бұйырғаны қола болды. Шүкір. Алдағы күндері өнер көрсететін Қазақстандық спортшылар алтынға айналдырады деген үміттеміз -, деді қатардағы жауынгер.
Айта кетейік, Универсиадада спорттың 18 түрінен 269 медаль сарапқа салынатын болады. Аталмыш додаға садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таэквондо, ушу сияқты 10 спорт түрінен 90 спортшыдан тұратын Қазақстанның спорттық студенттік құрамасы қатысуда. Чэндуда өткізіліп жатырған 31-ші Дүниежүзілік жазғы Универсиада 8 тамызға дейін жалғасады.
Ертуған Әубакир,
капитан