30.07.2023, 17:08
Оқылды: 105

Сурет пен қолөнер көрмесі

«Baiterek best – 2023» денсаулық фестиваліне қатысушылар аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының өнерлі шәкірттерінің туындылары қойылған сурет және қолөнер көрмесін тамашалады.

IMG_20230730_132105_937

-Бүгінгі көрмеге 6-16 жас аралығындағы тәрбиеленушілеріміздің онға тарта туындысын алып келдік. Олардың арасында «Қыз қуу» деп аталатын туынды бар. Ол облыстық байқауда үздік деп танылды. Бұл жерде көрмеге тұзды қамырдан және аралас материалдардан жасалған паннолар, акварель, гуашь, қарандашпен салынған картиналар, дәстүрлі емес ниткография техникасы арқылы салынған туындылар  қойылды. Бүгінгі денсаулық фестивалі аясында балаларға осындай көңілді, танымдық кештің орайы келгеніне біз де қуаныштымыз,-дейді аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының қызметкері Назерке Мұсақызы.

IMG_20230730_132030_880

Сондай-ақ осы жерде аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының тәрбиеленушілері сурет салды. Тақырып - «Спортшылар». Олардың туындылары әдемі шықты. Іс-шара соңында табиғат аясында шығармашылықпен айналысқан барлық өнерлі бүлдіршіндер марапатталды.

IMG_20230730_131954_318

Сурет көрмесінің қарама-қарсы қанатында қолөнер шеберлері жұртшылық назарына өздерінің төл өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында қазақы оюмен көмкерілген әйел адамдарға арналған сәнді шапандар, бүрмелі көйлек, үкілі тақия және ұлттық нақышпен үндестік тапқан заманауи киім үлгілері, бүлдіршіндердің бантиктерінің сан алуан түрі, сондай-ақ табиғи әрі емдік шөптерден, гүлдерден дайындалған шәй, бал, бет күтімінің майлары, сабын, сусабын өнімдері мен тәтті-дәмділер келушілер назарын өзіне ерекше аударды.

IMG_20230730_132008_066

Дизайнер Азиза Кенжеғалиевның сөзіне қарағанда, көрмеге шығарған ұлттық нақыштағы киімдердің сапасы жоғары. Бағасы қол жетімді. Идея – өздерінікі. «Неге бізге күнделікті өмірде осындай елдігіміздің, ұлтымыздың, тектілігіміздің белгісіндей ою-өрнектерімізді заманауи үлгімен үйлестіріп кимеске,-дейді ол.-Өзімнің жеке кәсібім бар. Үш жылдан бері жеке тігін ательемде бұйымдарды қалпына келтіру, ескі пішіндегі киімдерді жаңа үлгіде  тігу, жаңарту жұмыстарымен де айналысамын. Қазіргі таңда инновациялық грантқа құжаттарымды тапсырып қойдым. Алла сәтін салып, ұтып жатсам кәсіп көкжиегін кеңейтемін деген жоспарым бар. «Baiterek best – 2023» сынды шаралар, көрмелер халыққа өзіміздің еңбегімізді көрсетуге, тұтынушылар табуға, жұмыстарымызды сатуға берілген мүмкіндік деп есептеймін».

IMG_20230730_132024_352

 

Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале