3.08.2023, 11:00
Оқылды: 27

Шегірткемен «шайқас»: 4000 гектар аумақ уланды

Соңғы күндері Жымпитыдағы жанармай бекеттерінен бампері «қызыл ала қан» болған көліктерді жиі кездестіре бастадық. Бірінің бағыты – Қаратөбе беттен, ал бірі – Бұлдырты жағынан. Иелерінің айтуына қарағанда, жол-жөнекей қаптаған шегіртке.

Тіпті ызғып келе жатып, жолай шегірткелердің қалың үйірін «жарып өткен» көліктер бар екен. Даланы зиянкестер «жаулаған ба?» Олардың егістік пен шабындыққа зияны бар ма? Осы сауалдарды Сырым аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Өтеповке қойдық.

Алаңдасақ, алаңдайтындай...

Инспекция басшысы Азамат Өтеповтің айтуынша, көліктерге ұшырасып жүрген – италияндық прус шегірткеле­рі екен. Алаңдасақ, алаңдайтындай жағдай болыпты. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекция комитеті «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырым аудандық филиалының бізге берген мәліметі бойынша мамыр айының 10-ы күні шегіртке дернәсілдерінің бастап шығуы тіркелген. Мамыр айының 18-і күні олар жаппай жайыла бастаған.

шегиртке

Филиал мамандарынан бөлек, маусымдық кезеңге 3 маусымдық анықтаушы (зерттеуші) және 3 жалдамалы тех­ника жұмылдырылып, ше­гірткелерге қарсы «шайқас» басталған. Нақты сандарды сөйлетсек, Сырым ауданы бойынша 180 мың гектар аумақ аса қауіпті зиянкес – италияндық прус шегірткесінің дернәсілдеріне қарсы зерттеу алаңы деп белгіленген. Оның 8,8 мың гектары анық зақымданған. Соның ішінде экономикалық зиянды шегінен асып тұрған аумақ ретінде Бұлдырты ауылдық округі бойынша 4 мың гектарға химиялық улау жұмыстары жүр­гізілген.

Мақсат – биологиялық тепе-теңдікті ұстау

Әрине, даланың бір шетінен екінші шетіне құйындай көшкен үйірлі шегіртке шаруаларды уайымға салмай қоймайды. Зиянкестердің көбею қарқыны қандай? Оларды жою жұмыстары қалай жүргізіледі? Бұл сұрақтарға Сырым аудандық аумақтық филиалының өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі мемлекеттік инспекторы Темірлан Ғаббасов жауап берді.

- Шегірткенің күбіршігінің ішінде 50-ге жуық дер­нәсіл бо­лады. Олар үш кезең­мен шығып таралады. Алғашқы аптасында 20-ға жуығы қа­уашақтан шығып, дербес тір­шілігін бастайды. Қалған бө­лігі бірінің артынан бірі шығады. Шегірткелердің шек­ті жасы – 5 жас. Бірақ олардың дернәсілден шығып, қанаты қатайып, денесі өсіп, ұшып кетуі үшін 10-14 күн қажет екенін, яғни олар жарты айдың ішінде 5 жасқа толатынын ескеру керек. Біз даму кезеңінің 2-3 жас мөлшерінде улау жұмыстарын бастаймыз, – дейді инспектор.

Биыл улау жұмыстарына 2 техника жұмылдырылған. Бірі – мемлекеттік сатып алу келісімшарты негізінде же­ңімпаз атанған мердігер «ЗапКазФумигация» ЖШС ұсынған жерүсті желдеткіш техникасы. Ол арқылы 2,5 мың гектар аумақ игерілді. Ал «Магтоксин» ЖШС-ның аэро­зольді генераторы арқылы 1,5 мың гектар аумақ өңделді.

- Ұшу және шағылысу кезеңінде шегірткелердің бір бөлігі көршілес Қаратөбе ауданына шекаралас Бұлдырты және Жетікөл ауылдық округтерінің жерлеріне қоныс­­танған. Улау жұмыстары ке­зінде өңделген аумақ толық залалсыздандырылмайды. Не­гізгі мақсатымыз - зиянкестен түпкілікті арылу емес,  биологиялық тепе-теңдікті ұстау. Өңделгеннен кейінгі биологиялық тиімділігін анықтау барысы көрсеткендей, шегіртке ошақтарының 85-90 пайызы зақымданады. Мұндай деректер әдістемелік нұсқаулықтарда да көрсетілген. Қалған бөлігі ұшу кезінде бір жерге топтасып, үйірімен өздеріне қолайлы жер іздеп, химиялық өңдеулер жүргізілмеген жерлерге, көршілес жақын ауыл-аудандарға көше бастайды.

Зиянкестің жазасы – у

Былайғы жұрт фитосанитариялық мекеме деп танитын «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырым аудандық филиалы мамандарының тынымсыз зерттеу жұмыстары арқасында зиянкестердің шоғырланған жері анықталды. Улау жұмыстары күн бата басталды

Осы жерде оқырмандар тарапынан «Шегірткелер көзге түскен жердің барлығын уламай ма? Уақытында жоймаса, көшіп кетеді ғой. Күннің батқанын күтудің не қажеті бар?» деген сауалдар туындауы мүмкін. Оның себебін Темірлан Ғаббасов:

- Улау жұмыстары таңда және кешкі уақытта жүргізіледі. Өйткені күндіз қозғалыста болған шегірткенің, біріншіден, аумағы үлкен, екіншіден, ыстық уақытта удың әсері болмайды. Желді күндері басқа жәндіктер мен өсімдіктерге зиян, - деп түсіндірді. «Шынында да, күн­діз бұлттай көшкен қызыл қанаттылар кеш түсе ұшуды саябырлатып, топтасып, Қаратөбе мен Сырым ауданының шекаралас жеріне шоғырланды. Мамандар да ыстықтың басылғанын күтіп, яғни у шашудың межелі температурасы 22С0-тан кейін әдістемелік орталық мамандары ұсынған координаттарды GPS-трекерлеріне енгізіп, зиянкестермен ымырасыз «майданға» кірісті.  GPS-трекердің біздің салаға көмегі орасан. Жұмыс күші уақыт үнемдейді, улау да сапалы әрі дәл нүктелерде жүреді. «Өсімдік жауынгерлері» күні-түні дамылдамай, бас-аяғы 2 күн­нің ішінде қауіптің бе­тін қайтарды», — дейді ол.

Сырымдық  инспектор қаратөбе үшін де жауапты

Бүгінгі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекция комите­тіне қарасты Сырым аудандық аумақтық инспекциясының жұмысы көбейген. 2021 жылы мекеменің құрылымына өзгерістер енгізілді. Яғни Қаратөбе аудандық аумақтық инспекциясы қысқарылып, Сырым ауданына қосылды. Қазіргі уақытта сырымдық инспекторлар Қаратөбе ауданы үшін де жауапты.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале