3.08.2023, 23:14
Оқылды: 48

Тіл тұнығы лайланбасын

ХІХ ғасырдың өзінде орыстың белгілі шығыстанушы ғалымы В.Радлов ұлылығын мойындаған ана тіліміздің айрықша әуезді, бай тіл екеніне ешкімде шек келтіре алмас. Қайсыбір дау-дамайды, ел мен ел арасындағы алауыздықты бір ауыз сөзбен тоқтатып, бітімге шақырған біздің тіліміздің қасиеті де тереңде жатыр. Тіл туралы толғанып, тілім деп жүрегі тілгіленген талай тарланбоз әр заманда да табылған.

1113

Суреттің дереккөзі: anatili.kazgazeta.kz

Ұлт ұлылығының көрсеткішіндей ана-тіліміздің қадір мен қасиетін қайсыбір ақын да, жазушы да, ғалым да сан ғасырлар бойы айтудан танған емес. Ел егемендігін алып, еңсесін тіктегелі жоғалғанымызды тауып, жыртылғанымызды жамап, құндылықтарымызды қайта тірілтуді қолға алдық. Сол құндылық қатарында қасиетті қазақ тілі де бар. Қылышынан қан тамған патшаның отарлау саясаты мен одан бергідегі жетпіс жыл желкеден төнген кеңестік биліктің бізден тартып ала алмағаны осы – туған тіліміз ғана. Әйтпесе, біз асыл дінімізден адасып, салт-дәстүрімізден көз жазып, көп дүниемізді көмескілендіріп алған халықпыз.

Тәуелсіздік алғалы ана тіліміздің абыройын көтеріп, оны «мемлекеттік тіл» атты мәртебелі тұғырға қондырғанымызбен тіл турасындағы тарқалмаған түйткілдер жоқ емес. Біз әлі де болсын қазақ тілінің қаймағын қалпына келтіре қойған жоқпыз. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңігенімен, қарым-қатынаста, ауызекі тілде, әлеуметтік желіде, тіпті, қазіргі ән сөздерінде, балаға есім беруде оның тұнығы таза қалпында сақталмаған.

Әлеуметтік желі – ашық алаң. Оны еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін қолданады. Таң атып, кеш батқанша виртуальды әлемдегі бар қызықты тамашалаумен күніміз өтетіні жасырын емес. Ендеше бүгінгі таңда әлеуметтік желіні тәрбиенің бір құралы ретінде қарастырсақ та болады. Осы орайда, әлеуметтік желідегі қазақ тілінің ретті-ретсіз, шұбарлана қолданылуы, сауатсыз жазылуы бізді алаңдатуы тиіс. Тілге қатысты мәселенің бірі осы.  Мысалы әлеуметтік желідегі жазбалардан, пікірлерден, жарнамалардан біз үнемі мынадай жазбаларды көзіміз шалады: «Кушт жарасад», «қыйын», «қазыр», «көз айналасындағы әжімдерден құтылдырады». Мұндай мысалдарды тізер болсақ, дәл осылай кете береді. Әлеуметтік желіні жаулаған блогерлердің тілі де, жартылай қазақша жартылай орысша. Бұның  барлығы көз алдымызда болып жатса да, етіміз өліп, аса мән бермейтін, аңғармайтын болғанбыз. Дегенмен, осындай кішкентай нәрселердің астарында тілдің болашағы, ұрпақтың, ұлттың келешегі жатқанын аңғара бермейміз.

Жастар арасында хит болып, ауыздан түспей айтылып жүрген заманауи ән сөздерінен мысал келтірсек:

Краскілеймін

Жас қыз ақырын, әтірін сепкілейд

Хош иіс

Ғарыштан алысқа әкетеді қылығы

Puerto-Rico дағы қызға бас кетеді,

Неге?

Краска, make жағатын қызға бас кетеді,

Неге?

 

Жоғарыдағы әннің мәтінінде бұл жерге жазуға ұялатын, қазақ ән өнерінің тарихында болмаған тіркестер өріп жүр. Біз келтіріп кеткен мысал, әндегі ең бір ұяттылау жерлері екен. Бұндағы сөз тіркестерінен өзге, шұбарланған тіл көрінісін көріп, осы әнді қосыла шырқап жүрген жастарға жаның ашиды.

 

Дискотека

Здесь аптека

Таңертең тұрдым да мен.

Аңғарып, абайламай,

Ұрдым ба не?

Где менің мирофоным

Где менің диктафоным...

 

Ән осылай кете береді. Не мән жоқ, не мағына жоқ. Қазір дәл осы секілді ұйқассыз, мәнсіз сөздерге құрылған «құлақ құрышын қандырар» қазақ әндері үтікті қоссаңыз да сарнап жатады. Бұған да етіміз өліп, көңіліміз көніп қалғалы қашан?

 

Біздің қоғамда тіл тазалығы соңғы уақытта араб сөздерін араластырумен,  бүлдіршіндерге араб есімдерін қоюмен де бүлініп жатыр. «Аллаға шүкір!» сөзінің орнына «Алхамдулилах», «Алла сақтасын!», «Астапыралла» сөзінің орнына «Астагфируллах», «Алланың құдіретін-ай» деген сөздің орнына «Машаллах» сөздерін қолдану қоғамымызға сіңісті болып барады. Қасиеті құран кәрім арабша болғанымен, біздің тіліміз қазақ емес пе?

 

Бейәдеп сөздің белең алуы да - тілге төнген бір қауіп. Бүгінде осындай тіркестерді ауызекі тілде екінің бірі қолданып жүр. Оны тіпті, өздері де байқай бермейді. «Базар жоқ», «құлақтан тепті», «қуады екенсің», «қораға кірді», «лақтырып кетті», «тормозы ұстап қалды» деген сияқты сөздер ауызекі қарым-қатынасымызда өріп жүр.

«Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші біз аса назар аудара бермейтін, қоғамдағы дә осындай дәрежедегі тілдік қолданыс тұнығымызды біртіндеп, білдірмей лайлап жатыр. Сол үшін де «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» - деп алаш қайраткері  Халел Досмұхаммедұлы айтқандай, өзі тілімізге деген құрмет өзімізден басталғаны жөн.

 

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале