Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі саясаткер Дос Көшім бәйтеректік жұртшылықпен кездесіп, Тәуелсіздік алған отыз жылдан аса уақытта түбегейлі қалыпқа келе алмай жатқан ономастикалық мәселе төңірегінде түйінді ой қозғады. Тіл жанашыры Январцев, Рубежин, Достық, Махамбет, Мичурин, Зеленный, Перемтный ауылдық округтарының елді мекендерінде болды.
Кездесу барысында 60 мыңнан аса халық мекен ететін Бәйтеректе 22 ауылдық округ, 68 елді мекен бар, олардың бірқатары орыс тіліндегі байырғы атауларын әлі күнге өзгерте алмай келетіні баса айтылды.
-Қазір ескі атауларды ауыстыруда негізгі үш бағыт бар. Біріншісі – идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды алмастыру. Бұның ішіне коммунистік идеологияның көсемдері (Ленин, Сталин, Маркс, Калинин, Киров, Чапаев, т.б.), сол кезеңдегі идеологияға қатысты терминдер (коммунистік, октябрь, комсомол, совет, т.б.) кіреді. Қынжылтатын тұсы сол, бұл елдігіміздің, еркіндігіміздің нышаны іспесттес оң үрдістістің заңдық негізі жоқ. Меніңше, Үкімет «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар» деген терминге нақты заңды анықтама беруі шарт немесе сол «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың» тізімін бекітіп беруі қажет. Сонда ғана жергілікті билік кеңес заманында коммунистік идеология бағытында берілген атауларды дау-дамайсыз өзгерте алады. Екіншісі – елдімекендердің тарихи атауларының қайтарылуы. Егер елдімекендердің атауларының 99 пайызы отаршылдық, кеңестік кезеңде ауыстырылғанын ескерсек, сол уақыттағы карталар, мұрағат құжаттары әлі де бар. Зерттеу, зерделеу әрі тарихи атауын жаңғырту ең тиімді жол болмақ. Үшіншісі – егер елдімекендерге, көшелерге белгілі бір тұлғаның аты берілетін болса, оның Қазақ еліне, біздің мемлекетімізге сіңірген еңбегі ғана бағалануы тиіс. Бұл арқылы біз жүздеген Пушкин, Лермонтов, Тургенев пен Некрасовтардан арыламыз. Бірақ кеңестік тәрбие көрген орыс тілді азаматтарымызға Пушкин, Чехов сынды қазақтың да ғаламат талантты классиктері бар екенін сіңіру жылдардың жүзі мен сана жаңғыруын талап ететін жүйелі жұмыс. Біз еркін мемлекет болғалы Елтаңбамыз ауысты, Туымыз өзгерді, Әнұранымыз жаңарды. Бірақ ауыл, көшелер атауы әлі сол қалпы. Оның бәрі ұрпақ санасының қалыптасуына ықпал етеді. Біз қазақ – еркін елміз. Біздің батырымыз –Кутузов емес, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп сайрай жөнелетін деңгейге жетуіміз керек» деді саясаткер.
Кездесулер барысында ауылының орысша атауы арқылы тарихи шежіресін бүтіндеуге тырысып, пікір қосқандар да, ескі атауға деген қимастық танытқандар да табылмай қалған жоқ. Оларға тіл жанашыры нақты әрі дәлелді жауаптар қайтарды.
Тұрсын Тек,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz