«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген, Ақ Жайық бойындағы халық еңбекқор. Топырағы құнарлы, «таяқ тіксең, тал болар» жерде тұрған соң бау-бақша мен егін салуға бейім. Қай аулаға қарасаң да, жеміс ағаштары мен көкөніс көресіз.
Бір жағынан ауылдастарының жерден өнім алуын еселеп, бір жағынан өз табысына айналдырмақ болған Теректі ауданы Ақжайық ауылының азаматы Айдын Нұржан осыдан бір жыл бұрын, мамыр айында ауылда бұрын болмаған кәсіп – биогумус өндіруді қолға алды.
Жалпы биогумус – қарашірік бізге таңсық зат емес. Тыңайтқыш ретінде өсімдік шаруашылығында көң шіріндісін қолдану өнімділікті еселейтінін білеміз.
Ал биогумус - табиғи, экологиялық таза органикалық тыңайтқыш. Ол қызыл калифорниялық құрттың ірі қара мал көңі мен органикалық қалдықтарын өңдеу өнімі.
- Бұл істі қолға алуыма блогер Ұлан Құрманғалиевтің себі тиді. Сол кісінің youtube желісіндегі бизнес идеяларын қарап, өз өңірімізде қажеттісі осы-ау деген ойға келдім. Бастамас бұрын жан-жақты ізденіп, биогумус жайлы оқыдым. Өз мамандығым ветеринар болғанымен, ауылда өскен адаммын. Сондықтан биогумус жасау тиімді боларына көз жеткіздім. Ол үшін қажеттісі - мал көңі ауылда мол. Тіпті тегін алуға болады. Ал шіріндіден тыңайтқыш «жасайтын» құртты сатып аласың,-деп әңгімесін бастаған Айдын Аққайырұлы өз ісі жайлы егжей-тегжейлі баяндады.
Сонымен тыңдап отырсақ, көңге құрт салу арқылы өндірілетін биогумус өсімдік шаруашылығында ең пайдалы зат көрінеді.
Оның құрамында табиғи қоректік заттардың толық спектрі, яғни макро және микроэлементтер, ферменттер, витаминдер, гумин және фульвоқышқылдар, антибиотиктер, фитогормондар бар. Биогумуста арамшөптердің тұқымдары, гельминт жұмыртқалары, қоңыздың патогенді микрофлорасы, дернәсілдері болмайды.
Өсімдік салар кезде топыраққа бір шелек биогумус қосу 10-20 шелек көң қосумен бірдей.
Бір рет салынған биогумустың әсері төрт жылға жетеді.
Ал қызыл калифорниялық құрт не үшін керек? Оның да өз қызметі бар.
Топырақ арқылы өтіп бара жатқан құрттар оны биологиялық белсенді заттардан тұратын пайдалы ішек микрофлорасымен байытады. Құрт ішегінде органикалық заттардың ыдырау процесінде түзелетін гумин қышқылдарының молекулалары топырақтың тамыр қабатында қолайлы жағдай жасайды.
- Биогумус өндіру үшін қажетті калифорниялық қызыл шылаушын деп аталатын құртты арнайы Алматыдан алдырдық. Аулада қоршаумен жерді телімдерге бөліп, көңді жайып жіберік те құртты жібердік. Өзі бір тез көбейетін жәндік. Қолайлы жағдайда жеті күн сайын бір жұмыртқа тастайды. Ол жұмыртқадан 14-20 күннен соң 20 дана шамасында жас шылаушын шығады. Жас шылаушындар өздері де 70-90 күнде өмірге жаңа ұрпақ әкеле бастайды. 15-20°С температура оларға қолайлы. Биогумус өндіру үшін белсенді жұмыс жасайды. Бір оңдысы, температура төмендеген кезде ұйқыға кетеді. Шылаушындар бір тәулікте өз салмағына тең көлемде азықтанады. Қоректену процесінде биогумус өңдеп шығарады, - деп өндіріс жайын айтқан Айдын Аққайырұлы биогумустың пайдасы мен қолдану жолдары жайлы оқымысты агрономнан кем емес дәріс берді.
- Облыс бойынша осы калифорниялық қызыл шылаушын құртын таратып жатырмыз. Біраз адам менен құрт сатып алып, биогумус жасауға кірісті, - дейді.
Оның айтуынша, құрт үш айда он есе көбейеді екен. Мысалы, 100 мың теңгеге құрт сатып алып, өсіріп, биогумус дайындасаңыз, үш айда миллион теңге кіріс табуға болады. Дегенмен бұл оңай келе қоятын кіріс емес. Тәулік бойы еңбек етесіз. Құртты жіберген соң көң температурасын өлшеп тұру керек. Оны аударып, көңнің артық қызып кетпеуін бақылап отыру қажет. Дайын болған биогумусты жинап, бөлек қаптап отыру да мұқияттылықты талап етеді.
- Биогумусты біз үш мәрте ферментациядан, яғни температура көтеру арылы зиянды ферменттерді жою жолынан өткіземіз. Қазір қолда дайын тұрған 50-60 текше метр биогумус бар. Оның екі түрін – қатты және сұйық түрде өндіреміз. Биогумустың бір литрі 150-200 теңгеден. Тыңайтқыш өндіруге қабілетті құрттардың бір қорабы 15 мың теңге. Бір текше метрін 150 мың теңгеден сатамыз. Оған қоса қасымдағы Абай Насипов, Ербол Ильясов деген жігіттермен бірге компост жасауды да қолға алдық. Компостты полигонда, ауыл маңынан жалға берілген 1 гектарлық жерде дайындап жатырмыз, - дейді.
Жаздың жылы күндері құрт өсіруге де, биогумус өндіруге де қолайлы.
«Ақжайық» шаруашылығына бас біріктіріп, құрт «баққан» жігіттердің бүгінде әр сағаты есептеулі.
- Табиғи, адам ағзасына да, қоршаған ортаға да пайдасы болмаса, зияны жоқ биогумусқа көкөніс, жеміс ағаштарын өсірумен ден қойып айналысқан кәсіпкерлерден сұраныс бар. Сондықтан өндірісті кеңейту қажет деп ойлаймыз. Қазіргі мақсатымыз да сол. Ол үшін біз мемлекет тарапынан берілетін гранттарға қатысып, қолдау табамыз ба деген үміттемін, - деп алдағы жоспарынан да хабар берді Айдын Аққайырұлы.
Кәсіп еткен ісіне ықиятты Айдын Аққайырұлы өсімдіктерді қоректендіру кезінде биогумусты қолдану мөлшерімен де бөлісті.
Сонымен картоп, қызанақ, баялды, болгар бұрышы үшін әрбір көшет түбіне 100-200 грамм биогумус саласыз.
Құлпынайың әр түбіне 150-200 грамм биогумус салу жеткілікті.
Қысқы сарымсақ отырғызарда 0,5 келі биогумусты топыраққа араластырып, 10 сантиметр тереңдікте көмесіз.
Бұталы өсімдіктерді көшіріп, отырғызғанда 1,5 келі биогумусқа су құйып, топыраққа араластырып, өсімдік астына көміледі.
Жеміс ағаштарының түбіне биогумусты әр алты айда, шамалап сеуіп тұру керек.
Өсімдіктерді вегетация кезеңінде азықтандыру үшін 0,5 келі биогумусты су және топыраққа араластырып, көшеттің айналасына бір шаршы метр көлемде салған өте жақсы нәтиже береді.
Өсімдік шаруашылығында биогумус қолданудың шынымен де жақсы нәтиже беретіндігіне Айдын Аққайырұлының ауласына қарап көз жеткізуге болады. Қарашірікке құрт салынған жердің маңайында шөп ерекше қаулап өскен. Бақшадағы қанық жасыл жапырақты көкөністер да көз қуантады.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz